Біздің кейіпкеріміз Бәтіш Нәсіпқалиқызы да өзіне бұйырған осы қос таңдауды дұрыс жасап, өзін ең бақытты жан қатарынан көреді. Оның әкесі Нәсіпқали Кенжебаев 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, содан елге оралмайды. Анасы Нәзира бауырында қалған бала-шағаға әрі әке, әрі шеше болады. Ал, осы Бәтіш апай туралы жергілікті, республикалық басылымдар жарыса жазумен келеді. Өйткені, ол бұрынғы Гурьев медицина училищесінен фельдшер-акушер мамандығын алып шыққан соң Индер ауданының Гогольск учаскесінде – 18 жыл, УГ-157/1 мекемесінің медико-санитарлық бөлімінде 37 жыл еселі еңбек етті. Осылайша, бар саналы өмірінің жарты ғасырдан астамын, 55 жылын (!) денсаулық сақтау саласына арнады. Әсіресе, білім ордасын аяқтағаннан кейінгі қызметін айтсаңызшы! Маман тапшы, аурулы адамдар көп-ақ. Сенбі, жексенбі, «қызыл даталы» демалыс күн дегенді білмейтін. Таңның атысы мен күннің батысына дейін қарбалас жұмыс. Арнайы көлігі жоқ фельдшерге ауыл-ауылды аралап, ауру балаларды, үлкендерді емдеу қандай қиын еді. Осы себепті жас маман сырқат адамдардың үйіне қыста шанамен, жаз бен күзде атпен шығатын болды. «Аурудың жағдайы ауыр, шұғыл жету керек!» деген хабарды естісімен дәрігер Бәтіш діттеген жерге неғұрлым тезірек жетуге асығатын. Сондай бір күні, қараңғыда алдындағы кедір-бұдыр жолды көрмей, мініп келе жатқан атымен қоса қалың қар басқан үлкен цистернаның орны – терең шұңқырға түсіп кетеді. Әйтеуір, көрші Ақлима апай көріп, үйдегілерге хабарлайды. Сәтін салғанда, Айсан ағасы әупірімдеп жүріп, атты да, өзін де, дәрі-дәрмек салынған сөмкені де шығарып алады. Осылайша, ақ халатты абзал жанның арқалаған алғысы оны бір апаттан аман алып қалады.
Кіндік шеше
Шалғай ауылдарда тұратын қазақ әйелдерінің жаны сірі-ау. Мал-жанын жайлап жүріп олар өзін, ай-күні жетіп босанатын уақытын да естерінен шығарып алады. Әлі есінде, көрші совхозда бір әйел жеңілденгелі жатады. Жағдайы ауырлау болса керек. Тезірек жету қажет, мұндайда әрбір минут қымбат. Содан ауылға шығармашылық іссапармен келіп жатқан танымал ақын, белгілі сықақшы Шона Смаханұлы «Мұнда дәрігер бар ма өзі? Көмек қажет!» деп, лезде астындағы көлігін Бәтішке береді. Машинамен тездетіп жеткен Бәтіш босанушы әйелдің жанына жақындап, өзі білетін әдіс-тәсілдің тиімді дегенін пайдаланады да, ананы да, баланы да аман алып қалады. Дүниеге шекесі торсықтай ұл келеді. Мұны естіген Шона ақын әбден риза болады. Бәтіш қарындасына алғысын жаудырып, әлгі шаңыраққа арнайы барады да, балаға «Шона» деп, өз есімін береді…
Жұмыс барысында орын алатын түрлі оқиғалардың ішінде адамның есінен кетпейтіні болады. Бәтіш Нәсіпқалиқызы индерлік шопан Бақытғали Ибрашевтің зайыбы Балқияны қандай қиындықпен босандырғанын әлі күнге ұмытпайды. Сәтін салып, өмірге қыз бала келеді. Кіндік шеше оған «Ғалия» деген әдемі есім береді. Реті келгенде фельдшер қыз бір ұлды сүндеттейді. Ал, Қадыр Сапаров деген шопанның шаңырағындағы бес балаға бір өзі кіндік шеше болады! Бүгінде Қаламғали, Қаламқас деген егіз ұл-қыз елуді еңсеріп тастаса, олардан кейінгі Қасым, Қасиет, Балғын да – бір-бір отау иесі.
Қандай қиындыққа да төзімді, қайсар мінезді Бәтіш Нәсіпқалиқызы ең ауыр ұжым саналатын еңбекпен түзеу колониясында да көпшілікпен тіл табыса қырық жыл бойы еңбек етті.
Жүлдеге мотоцикл алған
Үнемі ізденіс үстінде жүретін Бәтіш Нәсіпқалиқызы өздігінен оқып-білуге, медицинадағы жаңалықтарды үйренуге тырысады. Таңдаған мамандығының нағыз шебері болуға, санатын жоғарылатуға жұмыстанып, медициналық курстар мен семинарларға тұрақты барып тұрады. «Жоғары санатты медицина қызметкері» дәрежесін Алматы қаласынан, одан кейін тағы жарты жыл оқып, «дәрігерлік куәлікке» қол жеткізеді. Ал, 1966 жылы, осыдан тура жарты ғасырдан астам уақыт бұрын, Бәтіш апа фельдшер-акушерлердің республикалық сайысына қатысып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алады. Бір қызығы, еліміздің денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасына қоса сайысты ұйымдастырушылар оған бағалы сыйлыққа өте ерекше сый – «Орал» мотоциклін тарту етеді. Сыйлыққа мотоцикл алып келген фельдшер қызға ауыл адамдары таңырқай да, таңқала да қарайды. Бірақ, Бәтіш мотоцикл жүргізуді ойламайды да. Медпункт алдында біраз қаңтарылып тұрғаннан кейін совхоз әкімшілігі мотоциклді өздеріне қабылдап, орнына автокөлік бөледі. Ал, мотоциклмен бірге сыйланған жәшік толы медициналық құрал-жабдықтар жас маман-фельдшерге үлкен күш береді. Оның біразын Бәтіш әріптестеріне тарту етеді.
− Менің мына өмірге еш өкпемжоқ. Халық қатарлы қызмет еттім, сол еңбегімнің жемісін көрдім. Талай марапат пен атаққа ие болдым. Партия мүшесі болып, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Депутаттық қызметті қоса атқардым. Адал еңбектің арқасында 1968 жылы Мәскеу қаласында өткен үздік ақжелеңділердің Х съезіне Гурьев облысынан делегат болып қатыстым. Қазағымның қарапайым жігіті, кішіпейіл азамат Шахметов Муфтолламен көңіл жарастырып, түтін түтеттім. Марқұм автобасқармада инженер болып ұзақ жыл еңбек етті. Мен өзімді, еңбегімді бағалайтын алтындай азаматтармен ұжымдас болғанымды әлі күнге мақтан етемін… — дейді еңбек ардагері, КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі Бәтіш Нәсіпқалиқызы. Өз ісіне шын берілгендіктен Бәтіш апамыз құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де жұмыс жасады.
Алғыс арқалаған абзал жанның бала-келіні Рүстем мен Айым, немерелері Асадолла, Арайлым алып бәйтеректей аналарына ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, мұқалмас күш-қуат тілейді. Бұл – ұрпағымен мың жасайтын бір адамның ғана тағдыры…
Лиза СЕЙТІМОВА