Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің проректоры Тілекқабыл Сәбитұлы: «Шаршағанда… есеп шығарамын!»
Ару қала Алматыда оқу, студенттік шақты Алатау баурайын[1]да өткізу – қай қиырдағы мектеп бітірушінің де арманы-тын. Жүзарал жерінде туып, аудан орталығының іргесіндегі Жапырықтың жұпар ауасымен тыныстап өскен азамат – «Алыстағы атыраулықтар» айдарының бүгінгі кейіпкері. Ол – қазақ ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген жан. Тілекқабыл Рамазановқа қатысты сөз қозғалар тұста алдымен ауызға ілігетіні ғылымдағы жетістіктері. Физика саласының Қазақстанда дамуына қолтаңбасын қалдырып үлгерген көрнекті ғалымдардың бірі де бірегейі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ғылыми-инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры Тілекқабыл Сәбитұлы «Atyray`» газетіне арнайы сұхбат берген еді.
– Жалпы, физика ілімі санаулы адамдар ғана бармаса, көптің арманы емесі ақиқат. Сіздің осы пәнге қызығушылығыңыз мектеп қабырғасында басталған екен. «Квант» журналының тұрақты оқырманы бол ғ а н ы ң ы з ғ а д а қ а н ы қ п ы з . Қызығушылық неден басталды?
– Адам баласының бойында туа біткен қандай бір жақсы қасиеттері болып тұрса да, оларды дамыту керек, ол үшін қолайлы орта қажет. Марқұм атам орысша бір сөз білмейтін мені «тұңғыш немерем Мәскеу университетінде оқиды» деп, сол кездегі аудан орталығы Ганюшкино селосында орналасқан Ломоносов атындағы орыс орта мектебіне беріпті. Бұл мектеп физика-математика және басқа да пәндерді тереңдетіп оқытатын бірегей оқу орны еді. Светлана Темірқызы, Раиса Андреевна, Зүлпат Мұғалқызы, Болатбек Шурин, Юрий Васильевич, Иса Қараменұлы сияқты ардақты ұстаздарыма өмір бойы қарызбын. Алтыншы, жетінші сыныптардан бастап математика мен физикаға құштарлық пайда болды, аудандық кітапхана қорында мен оқымаған басылым қалған жоқ. Әрі қарай даму үшін қосымша кітаптар, есептер жинақтары өте қажет екенін әкеме айтқаным сол еді, келесі айдан бастап «Квант», «Техника молодежи», «Наука и жизнь» сияқты журналдар арнайы жазылыммен Мәскеуден келе бастады. Осылардың ішінде, әсіресе, «Кванттың» мен үшін атқарған ролі өте зор. Осылайша, білім алу үдерісін жаңа және жоғары деңгейге қою нәтижесінде келесі оқу жылында МГУ-дің сырттай оқитын физика-математика мектебіне түсіп, қиындатылған есептерді шығара бастадым. Мектептің соңғы үш сыныбында пәндік олимпиадаларға қатысып, республика деңгейінде жүлдегер атандым. Олимпиада кезінде Қазақстанның әр түкпірінен келген талантты жастармен сайысқа түсіп, интеллектуалды ортада «қайнау» мен үшін ұмытылмас әсер қалдырып, болашақта ғалым болуыма зор ықпалын тигізді.
– Әдетте, Сізбен құрылатын сұхбаттың басты бағыты – ғылым саласындағы жаңашылдықтар. Қарапайым тілде түсінуі қиын терминдерден тұрады. Бүгін сол стереотипті бұзып, ауыл, балалық шақ, мектептегі кезең, жалпы, өткен күндер естелігінен сыр шертсек… Сол шақтарды сағындыңыз ба?
– Шіркін, әр адамға балалық шағы ыстық, туып-өскен жері қымбат қой. Мұқағали ақын айтқан ғой, «Бақыт деген – сенің бала күндерің, Бақытсыз-ақ бақытты боп жүргенің» деп. Менің осындай бақытты шағым аудан орталығына іргелес жатқан таңғажайып табиғатымен танылған Жапырық ауылында өтті. Ежелден ата-бабамыздың қонысы, жеті атамның да қасиетті сүйектері осы ауылдың маңайындағы төбелерде жатыр
Қариялардың айтуынша, ертеректе осы ауылды арғы аталарымыздың атымен «Есен түбек» деп те атаған екен. Айнала көк шалғын, мөлдір су, жаз болса суға түсіп, балық аулаймыз, құрақ шауып, «борық» (қоғаның тамыры) тартып жейміз. Ал, қыста хоккей ойнап, отындыққа қамыс, жыңғылды да шауып үлгереміз. Өсе келе құс атып, аң аулайтын болдық.
Мектепке бару үшін шамамен екі шақырымдай жер жүріп, екі өзеннен өту керек. Біреуінде көпір болса, екіншісінде жоқ, қайықпен өтеміз. Сондықтан да болар, төртінші сыныпқа дейін мені атамның өзі мектепке жетектеп апарып, алып келіп жүрген. Көп жылдар өткен соң, 1995 жылы Мәскеуден докторлық диссертациямды қорғағаннан кейін әкем әдейі Алматыға келіп, көптеген қонақтардың көзінше «…айналайын балам, атаңның еңбегін ақтадың» деген сөзі әлі күнге дейін жадымда. Әрине, балалық бақытты шақ естен кетпейді… Тағдырдың сыйға тартқан қайтып келмес осындай тәтті кезеңі қас пен көздің арасында жылт еткеніне жылдар өткен сайын өкінішпен, сағынышпен қарайсың.
– Ауыл-аймаққа жиі келуге жол түспейтіні де белгілі. Атыраудың хаба[1]рын қайдан естіп-біліп отырасыз?
– Өкінішке орай, соңғы кездері жұмыс бабына, басқа да себептерге байланысты ауылға бару сиреп кетті. Күрт өзгеріп жатқан заман ғой, бұрын қағаз хат жазысып, анда-санда «сым» телефонмен қоңырау шалсақ, қазіргі заман – жаңа технологиялардың шағы: ғаламтор желісі, ұялы телефон, уатсап, бейнебайланыстың бірнеше түрі бар. Бұрынғыдай емес, елдің жаңалығынан хабардар болып отыру әлдеқайда жеңіл және тез. Қалай айтсақ та, өз аяғыңмен туған жерге барып, ауасымен дем алғанға, жұпар иісті шөбіне аунап-қунағанға не жетсін. Бейбарыс бабамыздан қалған «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қасиетті ұғым осының дәлелі ғой.
– Тілекқабыл Сәбитұлы, бір кезде Сіздің спортпен айналысып, мектеп оқушысы кезінде қазақ күресі бойынша жеңімпаз болғаныңыз да ел есінде. Қазір спортпен қалайсыз?
– Менің балалық шағым өткен ғасырдың 60-70 жылдарында өтті. Бұл кезеңді «алтын дәуір» деп те атайды. Өйткені, елдің кемелденген шағы, білім, ғылым, рухани құндылықтардың өрбіп тұрған кезі. Қазіргі заман жастарына тән зиянды әдеттер жоқ, оқушылар тез мамандық алуға ұмтылып, сонымен қатар жазда жаппай футбол, қыста хоккей ойнап, спорттың басқа да түрлерімен шұғылданатын еді. Мен де қатарымнан қалмай, ойын түрлерінен басқа еркін күреспен айналыстым. Университеттің үшінші курсына дейін жалғастырдым, біраз жетістіктерге жетіп, марапатталдым, бірақ сабақ қиындап кеткен соң спортты тастауға мәжбүр болдым. Футбол, теннис сияқты ойындарды біраз жасқа келгенше серік еттім, соңғы кездерде көбінесе жүзу мен спорттық жүрумен шұғылданамын.
– Сіз туралы «Физика ғылымы өзіне бақ болып қонған» деген теңеу айтылады. Расында да, сан түрлі тақырыпта жазылған еңбектер, ашылған ғылыми жаңалықтар, Сіздің тәрбиеңізді көрген бірнеше буын шәкірттер-ақ осы сөздің шынайылығын дәлелдей түседі. Өзіңіз үшін қай жетістіктің мәні ерек?
– Жалпы, физика – ғылымдардың ғылымы, жаратылыстану ілімінің негізі. Өйткені, физика табиғаттың негізгі заңдылықтарын зерттеп, анықтайды, сондықтан да, өркениеттің қалыптасып дамуына тікелей әсері бар. Осындай таңғажайып физика әлеміне, соның ішінде плазма физикасына университеттің екінші курсынан бастап мені жетектеп жүріп көшке қосқан ұлы ұстазым, академик Фазылхан Бәйімбетұлы еді. Содан бері біраз ауқымды да маңызды еңбектер жасалды. Өзім 60-қа жуық шәкірт тәрбиеледім, олардың кейбіреулері АҚШ, Германия, Австралия, Жапония, Франция елдерінің алдыңғы қатарлы университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарында абыроймен жұмыс істеп жүр. Қазір Қазақстанда идеал емес плазма физикасынан әлем деңгейінде ғылыми мектеп құрылды десек, артық айтпаған болар едік. Маңызды, әлемдік нәтижелеріміз баршылық. Соның ішінде идеал емес, тығыз плазма күрделі бөлшектерінің өзара әсерлесу моделін сипаттайтын формулаларды, математикалық теңдеулерді ерекше айтуға болады. Осы нәтижелер Франциядағы Кадараш пен АҚШ-тағы Ливермор қалаларында ХХІ-ХХІІ ғасырларда негізгі энергия көзі болып табылатын термоядролық құрылғылар жасау барысында қолданылып келеді.
– Профессор, академик Тілекқабыл Рамазановтың зерттеулері Ресей, Германия, Франция сынды державалар тарапынан ғана мойындалып, жер бетінде ғана жүзеге асып жатқан жоқ. 2005 жылдан бастап, Қазақ елінде алғаш болып алынған ғажайып эксперименттік қондырғы нәтижелі жұмыс жасап тұр. Фундаменталды маңыздылыққа және кеңінен қолданбалы мәнге ие бұл зерттеулер халықаралық ғарыш стансасында да жүзеге асқан-ды. 2015 жылы құрамында қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов бар халықаралық бортта Сіздің ғылыми жетекшілігіңізбен жасалған эксперимент оң нәтиже беріп, осы саладағы әлемдік ғалымдардың таңданысын туғызды. Осы жетістіктер туралы толығырақ айтсаңыз…
– Жалпы айтқанда, материяның (заттың) 4 күйі (сұйық, қатты дене, газ, плазма) болатыны мектеп бағдарламасынан мәлім. Көбінесе, менің осы күнге дейін шұғылданып келген ғылыми салам – плазма физикасы. Соңғы кезде табиғатта «плазмалық кристалл» атты таңғажайып объект табылып, қатты қызығушылықпен зерттелуде. Ізденістердің өзектілігі өте зор, өйткені, осындай объектілерді зерттеу арқылы бүкіл ғаламның, оны құрайтын жұлдыз, планеталардың қалыптасуын және қасиеттерін анықтауға болады. Сонымен қатар, олар ғылыми ауқымды технологияларды жасау барысында қолданылады. Кейде ғалымдар мұны «материяның бесінші күйі» деп те айтады. Плазмалық кристалл салмақсыздық күйде ғылымда бұдан бұрын белгісіз болған жаңа қасиеттерін байқатады. Осы себепті, Германия-Ресей-Қазақстан ғалымдары болып бірігіп, 1998 және 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың ғарыштық бағдарламасына «плазмалық кристалл» экспериментін қойдық. Ал, 2015 жылы Айдын Айымбетов ұшқан кезде менің жетекшілігіммен арнайы «кулондық плазмалық кристалл» атты экспериментті еңгіздік. Мақтанарлық жайт – халқымыздың қос батыры ғарыштағы ғылыми бағдарламаларын мінсіз орындап, Жерге аман-есен оралды. Осы эксперименттерден алынған мәліметтер әлі талай жылдар бойы ғылым мен жаңа технологияларға мол азық болары сөзсіз.
– Ғылымның тілі әлемдік мәнге ие. Неше тіл білесіз?
– Әлемдік тілдерден алғашқы болып неміс тілін тиісті деңгейде меңгергенмін, өйткені осы тілді мектепте оқып, университетте жалғастырған едім. Бірақ, жаратылыстану ғылымдарының әлемдік тілі – ағылшын, сондықтан осы тілді өз бетіммен үйренуге тура келді. Қазір ағылшын тілін мамандығымның шеңберінде еркін меңгердім деп айта аламын, ал неміс тілі «нан жерлік» болып қалды. Бірақ Германияға барғанда неміс әріптестерім ана тілдерінде сөйлескеніме қатты риза болады.
– Лингвистика саласына қатысты бір сауал. Латын әліппесіне көшу туралы қандай пікір айтар едіңіз?
– Мұның ұтымды тұстары басым. Бүгінгі заман – латын әліппесіне негізделген ақпараттық (компьютерлік) технологиялар дәуірі. Олай болса, біріншіден, қазақ тілінің халықаралық деңгейге шығуына мүмкіндік туады. Екіншіден, бауырлас түркі халықтарының біразы латын әліппесіне көшіп кетті. Осы елдермен жан-жақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуымыз керек. Үшіншіден, тіл мамандарының айтуынша, жаңа әліппеге көшу арқылы тіліміз тазарады, артық және жат таңбалар қысқарады. Қай дәуірде де ғылым мен дамудың тілі болып табылатын ағылшын тілінің де латын әліппесіне негізделгенін ескеруіміз керек. Әрине, жаңа әліппеге көшу оңай нәрсе емес. Кирилл әліппесімен жазылған қазақ тіліндегі әлемдік рухани құндылықтарды тез арада латын әліппесіне көшіру қажет. Халқымыздың бір-екі буыны қиналады. Алайда, еліміздің, тіліміздің болашағы үшін айқын және тиімді жол осы.
– Тәуелсіздік алған жылдан бері Қазақ елінің ғылыми әлеуеті артып, көкжиегі кеңейе түсті. Десек те, әлі де қолдаудың қажеттігі айқын. Қазақстан ғылымы көмектің қандай түріне зәру?
– Біріншіден, іргелі ғылымды мемлекет тарапынан жеткілікті қаржыландыру керек. Өркениетті елдерде ғылымға жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 3-4 пайызы жұмсалады. Елбасы осыдан 12 жыл бұрын ғылымға бөлінетін қаржыны 2020 жылға дейін 2 пайызға жеткізуді тапсырған еді. Қазір елімізде ғылымға ЖІӨ-ден 0,12 пайыз қаржы бөлінеді. Екіншіден, Болон проце сіне көшкеннен кейін жоғары деңгейдегі ғылыми кадрлар дайындау жүйесі толыққанды қалыптасқан жоқ. Егер осылай жалғаса берсе, елімізде 10-15 жылдан кейін кемелденген деңгейдегі ғалымдар мүлдем азаяды. Қазіргі PhD докторлардың деңгейі жеткіліксіз. Сондықтан, мемлекет тарапынан постдокторантура ашу қазақ ғылымына ауадай қажет. Еліміздің ғылымға негізделген инновациялық экономикасын дамыту керек. Ол үшін ғылым мен бизнесті ұштастыру қажет. Қолданбалы ғылыми ізденістерді ірі өндірістік компаниялар қаржыландыруы тиіс, мысалы, заң бойынша жер қойнауын пайдаланушылар өз табысының 1 пайызын ғылымға бөлуі шарт. Өкінішке орай, бұл қағида әлі күнге дейін орындалмай жүр.
– Физиктер отбасы. Өмірлік жарыңыз да – осы саланың өкілі. Шыныңызды айтыңызшы, физикадан жалыққан сәтіңіз болған жоқ па?
– Толықтыра кетейін, кезінде ұлым да университет бітіріп, физика мамандығын игерген. Өз басыма келсек, физика – менің өмірім. Барым да, нарым да – физика ғылымы. Кейде, басқа тіршіліктен шаршап кетсем, физиканың есебін шығарып, терлеп-тепшіп рахаттанып қаламын. Физика – сұлу табиғаттың тілі мен сыры. Осыдан 14 миллиард жылға жуық уақыт бұрын «Ұлы жарылыс» салдарынан пайда болған кварк-глюонды плазмадан ғаламдағы материя мен тіршіліктің сан алуан түрі пайда болды. Олай болса, осындай таңғажайып плазманың қыр-сырын зерттеп жүрген адамда арман бар ма?
– Сөз соңында Атырауға айтар сәлеміңізді тыңдайық?..
– Кіндік қаным тамған, мұнайлы, шырайлы Атырауым – мен үшін әрқашан қымбат. Ұлы даналар мен ақындар, батырлар мен күйшілердің мекені, жырау аңсаған «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған» туған өлкем жайнап, жасай берсін!
– Шынайы сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлжан ӘМІРОВА