Айнелья – ғылыми жоба жеңімпазы
Биыл «қақпақты қара қазан» атанған Қызылқоға ауданының құрылғанына — 80 жыл. Осы байлыққа толы қасиетті мекенде дәрігер-ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедұлының дүниеге келгені белгілі. Жуырда мерейлі күн аясында Алаш қайраткеріне арналған «Халел және оның мұрасы» тақырыбында ғылыми жобалар байқауы өтті.
Халел Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте өткен білім бәйгесінің бір ерекшелігі – байқау тек биылғы түлектер арасында ұйымдастырылды.
Байқау қатысушыларына Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Психология және педагогика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғабит Базарғалиев, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің зейнеткер ұстазы Гүлшара Сары мен аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тұрсынгүл Тұрғали қазылық етті. Олар оқушылардың шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамдарын және болашақ мамандық таңдау жолындағы пікірлерін саралады.
–Былтыр ауданда Махамбет Өтемісұлының туғанына – 220 жыл, Мұрат Мөңкеұлының туғанына – 180 жыл және Халел Досмұхамедовтың туғанына – 140 жыл толуына арналған «Тарих және рухани сабақтастық» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сол конференцияда дарынды, жалынды Халел мұрасын зерттеймін деген жастарға қолдау білдіру тұрғысында ұсыныс көтерілді. Конференцияда көтерілген ұсынысты Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің басқарма төрағасы-ректоры Саламат Идрисов қолдап, жалынды жастарға грант бөлетінін айтқан болатын. Міне, сол жақсы жаңалықтың ізін суытпай осындай ауқымды іс-шара өткізілуде. Бұл жас түлектерге керемет мүмкіндік, — деген Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев қатысушыларға сәттілік тіледі.
Иә, жас зерттеушілердің аудандық байқауға жан-жақты, тыңғылықты дайындалып келгендері байқалады. Олар Халел туралы өздерінің зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобаларын қорғап, әділқазылар алқасы сарапқа салды.
Сонымен, Халелдің лингвистік қырын толық зерттеп, тың идеяларды ұсынған Жаңашаруа орта мектебінің оқушысы Айнелья Бағытжан байқаудың жеңімпазы атанды. Енді көздіғаралық түлек Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде тегін оқитын болады.
Сондай-ақ, «Ғасыр ғалымы – Халел Досмұхамедұлы» тақырыбында жоба қорғаған Ғ.Сланов атындағы орта мектептің оқушысы Айбар Нұрнияз екінші, Халелдің Мұрат жырларын зерттеудегі ерекше еңбегін баяндаған Б.Аманшин атындағы орта мектептің түлегі Фатима Александр мен Халелді жапондардың реформасымен байланыстыра зерттеген Жаңашаруа қазақ орта мектебінің оқушысы Нұрдәулет Амангелді үздік үштікті түйіндеді. Олар оқу орнының арнайы белгіленген жеңілдіктеріне ие болды.
Қатысушылардың тың идеясы мен зерттеушілік қабілеттерін бағалаған әділқазылар алқасының төрағасы Ғабит Базарғалиев байқау жеңімпаздарын құттықтап, Атырау қаласында өтетін салтанатты шарада ректордың өзі сыйлық сертификатын табыстайтынын жеткізді.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Қызылқоға ауданы