АЙМАН – ҮЗДІК ОҚЫТУШЫ

Жуырда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты Айман Амангелдіқызы Мусаева ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған байқауда «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2013» атағын жеңіп алды.

 Байқаудың марапаттау шарасы Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының концерттік залында өткізілді. Оған еліміздің 63 жоғары оқу орнынан 200 педагог қатысты. Техникалық, физика-математикалық, биологиялық, медициналық, химиялық, экономикалық бағытта үздік тәжірибесімен ерекшеленген оқытушылар арасында атыраулық Айман Амангелдіқызының жеңімпаз атануы университет, облыс үшін үлкен мерей болды. 

ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов Айман Мусаеваға Құрмет белгісі мен куәлігін және мемлекеттік грантты салтанатты жағдайда табыстады. Педагог үшін мемлекеттік грант ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өту, әлемнің көшбасшы ғалымдарымен халықаралық ынтымақтастық жұмыстарын нығайту, ғылыми-зерттеулерді орындауға  студенттер мен магистранттарды тартуға мүмкіндік береді.

Ғылым және білім жолында елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жүрген Айман Амангелдіқызына алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз. 

Самал ӘЛДЕШОВА,
университеттің 
аға оқытушысы, 
экономика магистрі.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз