Аймағамбетов: «Мұғалім тек балаларға сабақ беруі керек»
БҒМ-нің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов «Мұғалім мәртебесі туралы» заң бұзылса, онда қатаң шара қабылданатынын айтты.
Шағымдар көп түсіп жатыр. Әр шағым, өтініш бойынша тиісті шаралар да қабылданып жатыр. Қызметінен босату, тәртіптік-әкімшілік жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасады. Мұғалім тек балаларға сабақ беруі керек. Басқа өзіне тән емес жұмыстарға тартуға тыйым салынады. Қағазбастылықты жою бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады. Сондықтан «Мұғалім мәртебесі туралы» заңның орындалуы бойынша жұмыс жүргізіле береді, — деді министр.
Ол жергілікті департаменттерге әкімшілік айыппұлдар, тәртіптік жауапкершілікке тарту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Бұл мәселе жеке бақылауымда болады. Ең бірінші кезекте Білім басқармалары, білім бөлімдерінен бастауымыз керек. Өйткені әр түрлі есептер бойынша сауалдар әріптестеріміздің деңгейінен шығып отыр. Жазда өткізген жалпы талдауымыз бүгін осы мәселені көрсетті. Сол себепті ақпаратты тиісті ұлттық базадан ғана алу керек. Мектептерге әр түрлі есептер бойынша сауалдар жолдау заңға қайшы келеді, — деді бас ұстаз.
Министр егер заң бұзылса, онда қатаң шара қабылданатынын айтты.
Аудан деңгейіндегі білім бөлімдерінде, облыс деңгейдегі Білім басқарламаларында мәселелер шешілмей, жеке қабылдауыма келіп, шешіліп жатқан мәселелер бар. Олай болса, мектептегі директор, аудандағы білім бөлімі басшысы, облыстағы Білім басқармасының басшысы не істеп отыр деген сұрақ туындайды. Сұрақтарды әр деңгейде өз құзыреттілігі бойынша шешіңіздер, — деді Асхат Аймағамбетов.
baq.kz