БІЛІКТІ МАМАН – ЕЛ ҮМІТІ

Елбасы «Нұрлы Жол» атты халыққа Жолдауында: «Мен «Жастар – біздің болашағымыздың тірегі» дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!» деген болатын. Осы айтылған ойды жүзеге асыруда мектеп пен жоғары оқу орындарының арасында байланыс болса ғана көздеген мақсатымызға жетеріміз сөзсіз.

Жуырда Атырау мұнай және газ институтының ұйымдастыруымен мектеп түлектері мен колледж студенттерінің арасында пәндік олимпиада өткізілді. Бұл олимпиаданың мақсаты – оқушылардың мамандық таңдауына, өз білімдерін сынауларына,ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтарын шыңдауға жағдай жасау. Аталған олимпиадаға болашақта өз мамандығын мұнай саласымен байланыстыратын 20 шақты оқушы қатынасып, Сағынова Арайлым химиядан ІІ жүлделі орынға ие болды. Бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда алға жылжудың бар екендігін көрсетеді.

Өткен жылы жүлделі орынға ие болған Жауқашты Еламан – қазір осы аталған оқу орнының І курс студенті. Мақсатты түрде ұлттық бірыңғай тестілеуде де химияны таңдап, одан 22 ұпай жинап, білімі «5»-ке бағаланған оқушы. Осы оқу орнында химия саласында ІІІ курста дәріс алып жүрген А.Ерғалиева, А.Алиева, М.Қошпанова, т.б. сынды оқушыларымызды атап кетуге болады. Биылғы жылы орын алған А.Сағынова да өз болашағын химик-технолог мамандығымен байланыстырып, осы аталған оқу орнында оқуды мақсат етуде.

Елбасы Н.Назарбаев білім беру саласында әр аймақтың ерекшелігін ескере отырып, Қазақстанның батыс аймағы болашақ мұнайшыларды дайындауға бағытталуы қажеттігін де атап өткен болатын. Мектепте жоғары сыныптағы оқушының білімнің қай бағытын таңдайтыны қоршаған ортасына байланысты.

Дарынды, талантты оқушыларды жыл сайын Ресейдің мұнай-технологиялық Уфа мемлекеттік университеті, Астраханның оқу орындары, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-і, Сүлеймен Демирел атындағы университеттер тестілеу арқылы өз оқу орындарына оқуға қабылдауда. Оған дәлел 2 оқушым А.Айтжанов, А.Жексенбай Уфа мұнай-технологиялық университетінде химия факультетінде, ал С.Демирел атындағы университетте Ж.Баймұқашева, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де грантпен А.Жәрдемғалиев, т.б. дәріс алуда.

2011-2012 оқу жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқушылар мен студенттер арасында ғылыми жоба сайыстары ұйымдастырылатын. Оқушылар химия, биология пәндерінен ғылыми зерттеу жұмыстарынан сайысқа қатынасып жүлделі орындар иеленген болатын. Сол шәкірттерімнің бірі – Н.Дүйсеғалиева. Ол қазір осы университеттің 3-курс студенті С.Тоғаева, Г.Калимова, т.б. ол болашақта химия пәнінің мұғалімі болмақ. Бір өкініштісі, соңғы оқу жылдары ондай білім сайыстары жөнінде біз құлағдар болмадық.

Міне, биыл Атырау мұнай және газ институтының ректоры, профессор Д.Құлжановтың басшылығымен жақсы бастамалары қолға алынды. Осындай олимпиада өткізу басқа да оқу орындарына үлгі болса екен. Өткізген олимпиадаларының тапсырмалары да оқушылардың айтуынша оңай емес екен. Бұл дұрыс, себебі оқушыға ой салып, әлде де көп дайындықты қажет ететіндігін ескере жүреді.

Биылғы жүлдегер А.Сағынова және өткен жылғы жеңімпаз Е.Жауқашты – 8-сыныптан бастап мақсатты түрде химиядан емтихан тапсырып, қалалық, облыстық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда, ҰБТ-ке дайындалған кезде жақсы нәтиже көрсеткен оқушылар. Бұл оқушылар – сабақтан басқа таңдау пәні, қолданбалы курстарға, «Жас химик» үйірмесіне қатынасып, терең білім алуға тырысқан шәкірттер.

Институттың білім сайысын ұйымдастырушыларының тағы бір жағымды жағы – мұғалімнің де еңбегін бағалауы, оқушыны дайындаған ұстазды да Алғыс хатпен марапаттауы.

Атырау мұнай және газ институтының жүргізіп жатқан жұмыстары жалғасын тапса деп институт ректоры мен ұжымына оқушы еңбегін әділ бағалағандығы үшін ұстаз ретінде ризашылығымды білдіргім келеді. Біз, мұғалімдер қауымы оқушының жақсы білім алуы үшін көп тер төгіп жұмыстансақ, еңбегіміз еш кетпейді. Білім сапасы жоғарылап, болашақта жақсы маманның қалыптасуына ықпал етер едік. Ал жақсы, кәсіби маман көп болса, болашағымызға алаңдамаймыз.

«Дарындыға – даңғыл жол» ашу ұстаздың міндеті. Дарынды оқушыларымыз мектептен қалыптасқан білімдері мен біліктерін әрі қарай жалғастырса, өмірде іс-жүзінде қолдана білсе, ұстаз үшін үлкен мәртебе, әрі қуаныш.

Күләш МҰҢАЙТБАСОВА,

№10 орта мектебінің химия, биология және өзін-өзі тану пәндерінің мұғалімі,

Атырау қаласы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз