ЖАС ӨРЕНДЕРІМІЗ – ӘЛЕМ ЧЕМПИОНДАРЫ

Өткен аптада Малайзияда ересектер мен жастар арасында муайтайдан әлем чемпионаты аяқталды. Әлемдік додада 76 елдің командалары бақ сынасты. Соның ішінде Қазақстан да бар. Еліміздің абыройын қорғаған 26 палуанның ішінде атыраулық «Қайсар» және «Алан» спорттық клубтарының бес тәрбиеленушісі болды.

Айтулы додада қазақстандықтар тамаша нәтижеге қол жеткізіп, үш алтын, жеті қола медаль еншіледі. Ерекше айта кететін жетістік – ел қоржынына түскен үш алтын медальды да атыраулық спортшылар Әбіл Ғалиев, Әлішер Мұхтаров және Еламан Саясатовтардың иемденіп, әлем чемпионы атануы. Сондай-ақ, жерлесіміз Абылай Құралбаев жартылай финалда англиялық қарсыласқа ұпай санымен жол беріп, қола жүлдегер атанды. Чемпионат қорытындысымен Ел құрамасы жастар арасында жалпыкомандалық есепте ІІ орын еншіледі. Жерлестерімізбен бірге астаналық, алматылық және павлодарлық палуандар әлем чемпионатының жүлдегерлері атанды.
Сөйтіп, Малайзия жерінде көк Туымыз он рет биікке көтеріліп, үш рет Мемлекеттік Әнұранымыз шырқалды. Бұл – ең алдымен, палуандардың жеңіске деген жігері мен Мейрам Ғалиев, Бағытжан Мұхамбетәлиев, Нұрберен Әміржанов және Айбат Рахманнан құрылған жаттықтырушылар тобының үлкен еңбегінің жемісі.
Сейсенбі күні палуандарды жаттықтырушылар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, спортшылардың достары Алматы-Атырау бағытындағы пойызынан қарсылап алды.
57 келі салмақта айқасқан Әлішер ақтық сында украиналық палуанмен кездескен. Әлем чемпионы қарсыластың мықты болғанын айтады. Бұған дейін екі мәрте ел чемпионы атанған палуанның аталған спорт түрімен айналыса бастағанына небәрі бес жыл ғана өткен.
Спортшыларды додаға апарып, қолдау білдіріп келген муайтайдан облыстық федерация президенті, халықаралық дәрежедегі төреші Бағытжан Мұхамбетәлиевтің айтуынша, әлем додасында біздің палуандардың әрқайсысы үш жекпе-жек өткізген. Ақтық сын қорытындылары бойынша төрешілердің бәрі бірауыздан атыраулық палуандарды қолдауы қуантады.
– Елімізге үлкен қуанышты хабар жетті. Шәкірттеріміз үмітімізді ақтады. Чемпион атанған Әбіл мен Еламан және қола жүлдегер Абылай Доссор поселкесінен. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді доссорлық жаттықтырушы Мейрам Ғалиев.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз