Жайықтың жағалауындағы құрылыс қарқынды жүруде

Жаңалықтар Шаһар шырайы

Аtr.kz/9 маусым, 2020 жыл. Атыраудың орталық көпірі тұсында қызу жұмыс жүріп жатыр. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, екі жыл бұрын қолға алынған құрылыс алдағы тамыз айында аяқталады. Ерекшелігі көп жоба үш кезеңнен тұрады. Мұнда спортпен айналысушылар үшін де жағдай жасалмақ. Бастысы, Жайық жағалауы жанға жайлы орынға айналады. Сондықтан, жұртшылық мұндағы жұмыстың тезірек аяқталуын асыға күтуде.

 Нақтылай кетсек, бастауын Бейбарыс даңғылынан алатын абаттандыру жұмыстары үш кезеңнен тұрады, яғни сонша учаскеге бөлінген. Оның біріншісі – Бейбарыс даңғылынан басталып, орталық көпірге дейінгі аралықты, екіншісі – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне дейінгі бөлікті, ал соңғысы – осы аумақтан салынатын Жастар саябағына дейінгі телімді қамтиды деп жобаланған.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттарға қарағанда, қазіргі мезгілде аталған нысандағы құрылыс- монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бүгіндері мұнда жағалауды бойлай тұрғызылған қабырғаларды әрлеу, гранит текшелермен қаптау, су жүретін арықтар мен субұрқақтарды сырлап- сылау, сондай-ақ, нысанның сәнін келтірер шағын сәулеттік формаларды құрылымдау жұмыстары жүзеге асырылуда. Оған қоса, әжетхана, полиция бекеті, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған пандустар, жүзбелі субұрқақ сияқты нысандарды монтаждау жұмыстары да атқарылуда. Тұтастай алғанда, 2018 жылдың қазан-қараша айларында басталған жобаны алдымыздағы тамыз айында толықтай аяқтап, пайдалануға беру межеленіп отыр.

Айта кету керек, Атырауда тұңғыш рет қолға алынып отырған осындай бірегей жоба NCOC компаниясының демеушілігімен қаржыландырылуда. Тамаша жобаның тапсырысшысы – облыстық құрылыс басқармасы, ал оны орындаушы мердігер компания – «КА Строй ЛТД» ЖШС. Сонымен бірге, құрылысты жобалаушы «Арнай» ЖШС болса, жұмыстың инженерлік-техникалық талаптарға сай жүргізілуін қадағалау міндеті «Азия Рейтинг» ЖШС-не жүктелген.

Мәлім болғанындай, орталық көпір мен облыс әкімдігі алдындағы алаңды қамтитын учаскеде адамдар серуендейтін, жүгіретін және велосипедпен жүретін мүмкіндік қарастырылған. Одан бөлек, осында екі шағын субұрқақ, балалардың ойын алаңқайлары және жағажай (киініп-шешінетін және жуынып-шайынатын бөлмелерімен бірге) орналасады. Екінші участок – облыстық әкімдік ғимараты тұсындағы аумақ. Бұл жерде қарау алаңшалары, стеллалар, декоративті жүзбелі субұрқақ пен адамдардың жүріп- тұруына ыңғайлы орындар ойластырылған. Келесі, жоғарыда баяндалып кеткендей, орталық көпірден университет ғимаратына дейінгі аралықты қамтитын учаскеде де алдымен жағалаудың абаттандырылуына, атыраулықтар мен қала қонақтарының қыдырып, еркін жүруіне айрықша мән берілген. Орындықтар мен урналар қойылып, түнгі жарықтандыру шамдары орнатылады.

Сондай-ақ, ені 1,5 метрлік жүгіру жолағы мен 2,5 метрге есептелген велошабандоз­дар жолы жағалаудың абаттандырылатын бөлігінің өн бойына созылады. Қысқасы, жоспарланғанындай, бірімен бірі тығыз бай­ланысты және бірін бірі толықтырып тұратын бұл жұмыстардың барлығы да бекітілген кесте бойынша атқарылып, мұнайлы астананың ажарын айшықтандыра түсер бірегей жоба межелі мерзімінде іске қосылады деп күтілуде.

Дәулетқали АРУЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған