ЖАДЫМЫЗДАСЫҢ, КҮЙ ҚАҒАНЫ!

Осыдан 10 жыл бұрын Қазақ елі Құрманғазы мен Дәулеткерей, Дина мен Еспай, Түркеш сияқты дәулескер күйшілердің артынан күй қағаны атанып, қазақтың ұлттық өнерінің даңқын асырған біртуар перзенті домбырашы, дирижер, ҚР Халық әртісі, «Парасат» орденінің кавалері, профессор Рысбай Ғабдиевті мәңгілік сапарға шығарып салған еді.

Бейсенбі күні атыраулық жұртшылық Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында оның еске алу кешіне жиналды.
– Рысбай Ғабдиевтің есімі аталса, елең етпейтін қазақ жоқ шығар. Аз ғана ғұмырында бір емес, жүздеген адамның жете алмайтын биік шыңдарын бағындырып, көптеген халықаралық конкурстарда топ жарып, күй құдіретін танытып, қазақтың атын әлемге паш етіп кетті. Ол мүмкіндікті пайдаланып, Алматыда қалмай, елге оралып, Атырауда өнер ордасын қалыптастыруға үлкен ықпал етті. Ол құрған Дина Нұрпейісова атындағы облыстық академиялық халық аспаптар оркестрі өткен жылы Атырауда ұйымдастырылған Жайық-Каспий атырабын күмбірлеген күйге бөлеген мың адамдық оркестр құрамында да өнер көрсеткен болатын. Осыдан бірер жыл бұрын Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданындағы бір көшеге Рысбай ағамыздың есімі берілді.
Қазақ барда, қазақтың өнері барда домбыраға ескерткіш салып кеткен Рысбай ағамыздың есімі еш ұмытылмасы анық, – деді шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Кеш Ержан Қитаровтың дирижерлығымен «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің халықтық студент-тік ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы «Шаттық отаны» күйімен басталды.
Бұдан соң оркестр Динаның «16 жыл», «Әсем ғұмыр», Құр-манғазының «Адай», Кенжебек Күмісбековтің «Биші қайың», Түркештің «Көңіл ашар» күйлерін тамаша орындап берді.
Сондай-ақ, шара барысында әке-ата жолын қуған Рысбай Ғабдиевтің ұрпақтары да өз өнерлерін ортаға салып, көрермен қошеметіне ие болды.
Ұлы Арыстанбек Ғабдиев Құрманғазының «Қайран шешем», немересі Бекетжан Рыспаев Есбайдың «Ел айырылған» күйлерін орындаса, ал, Артур Ғабдиев Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін нақышына келтіріп төгілтті. Сондай-ақ, Арон мен Рашид атаға деген сағыныштарын ән арқылы жеткізсе, күйеу баласы «Ерен еңбегі үшін» медалінің, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Мэліс Қосымбаев та жыр арнап, халық қошеметіне бөленді. Рыспай Ғабдиевтің келіні Гүлжан Ғабдиеваның дирижерлығымен Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық колледждің студенттік хоры «Қара торғай» әнін шебер орындады.
Елі үшін ерен еңбек сіңірген күй қағанын халқы мәңгі жадынан шығармай, қашан да құрметпен еске алып, тағзым етеді.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз