ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖІГЕР БЕРЕДІ

astanakynОн бес жыл аралығында Елбасының тапсырмасы бойынша еліміздің әр өңірінде көптеген зәулім ғимараттар мен оқу ордасы, мәдениет, медицина саласын дамытуға арналған орталықтар, спорт кешендері, стадион, діни-рухани нысандар салынып, іске қосылды. Бұл аралықта әлем назарын аударған елордасы Астананың да іргетасы қаланды. Осы жылдар аралығында қазақ халқының халықаралық беделі Астана даңқымен еселене түсті. 

 

Елбасы Астананың 15 жылдығына арналған «Астана – Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» деп аталған мақаласында Елорданың күн сайын қарқынды түрде дамып келетіндігін баса айтқан. Көңіліндегі қуанышты қазақ жұртына жайып салып, пікірін білдіруінен Елбасының тағы бір мәрте кемеңгерлігіне куә болдық. Бұл мақала миллиондаған халықтың ойынан шыққан рухани дүние болды.
Мақалада Елбасы ерен еңбектің арқасында құлашын кеңге жайған Нұр Астананың этюдін бейнелеп көрсетті. Елорда тойы – ел тойы екендігін де ерекше әсермен жеткізген. Әсіресе, Елбасының Астананың өркендеуін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құрумен байланыстырып, алғашқы шешімдерінің бірі ретінде жарлыққа қол қойғаны елдің өркендеуі білімді болашағына байланысты деген ойын аңғартса керек.
Менің көңіліме ерекше ұнағаны – Елбасының мұсылман әлемінің қағидаларына аса мән беруі. Астанада аз уақыт ішінде – «Нұр Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешіттері және православтық Успен Кафедралық Соборы, католиктік Құдай Ананың Тынбайтын Көмек соборы, «Бейт Рахель-Хаббад Любавич» синагогасы сияқты тамаша діни-рухани нысандар салынып, жұмыс істеп тұр. Бұл біздің жеріміздегі бейбітшілік пен тыныштықты, елорда тұрғындарының толеранттылығын көрсетеді. Сондай-ақ, еліміздегі барлық этностар мен конфессиялардың достығын нығайтуға да мүмкіндік берді.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген даналар. Елбасы жолдаған мақаланы рухани қуат алып, бір деммен, айрықша әсермен оқып шықтым. Елбасының әрбір сөзі жастардың игі істерге ұмтылуына, әр қазақстандықтың жүрегіне биік белестерді бағындыруға жігер беретіні сөзсіз.

Жаннат ЖҰМАҒАЛИЕВА,
облыстық дін істері басқармасының маманы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз