«Теңізшевройлда» 23 мың жұмыс орны ашылады

Атырау – АҚШ әріптестігі Жаңалықтар

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джордж Альберт Кролды қабылдады. Қос тарап екіжақты әріптестікті дамыту перспективаларын талқылады.

Атырау – АҚШ әріптестігі

Қазақ тілінде сөйлеген елші Джордж Альберт Крол Атыраудың экономикалық тұрғыдағы  әлеуетін  АҚШ  тарапы жоғары бағалайтындығын және мұнайлы өлкенің инвестициялық тұрғыда тартымды аймақ екендігін атап өтті. «АҚШ мемлекеті Қазақстанда өтетін халықаралық ЕХРО-2017 көрмесіне де зор қызығушылықпен қатысады. Бұл іс-шараның әсіресе, Қазақ елі үшін маңызы ерекше. Себебі, Қазақстан – энергетикалық ізденіс жолындағы алаңға айнала алады» деген  ол Атырауда бірлескен жобалардың табысты жүзеге асатындығына сенім білдірді.

АҚШ-тың біздің елімізбен  стратегиялық әріптес екендігін ерекше атап өткен облыс әкімінің бірінші орынбасары  мұнай және газ өңдеу секторындағы жаңалықтарға тоқталды. «Теңізшевройл» компаниясын кеңейтудің екінші кезеңі аясында 23 мың жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл жұмысшы сектордың кәсібилік деңгейі көтеріліп, бюджетке түсетін қосымша салық көлемі де ұлғаятынын көрсетеді» деген Ғұмар Ислямұлы Атырауда іске қосылатын мұнай-химия кешенінің экономикаға ерекше ықпал ететіндігін, осы ретте американдық бизнес-секторды әріптестікке шақыратынын айтты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Суретті түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз