Талғат Теменов: «Шынайы режиссер шыдамсыз адамнан шығады»

Шынайы режиссер Жаңалықтар

Режиссер, драматург, сценарист, актер. Ол осы қырларымен кең танымал. Алайда, оның өлең жазатынын, проза жанрында қалам тербейтінін біреу білсе, біреу білмес. Бірақ, ол өзін ақын, не жазушылар қатарына қоспайды. «Ақын емес, ақынсымақпын…» дейді.

Шынайы режиссер

Атырауға келген Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік  академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменовпен аз уақыт сұхбаттасқанымызбен көп нәрсеге қанықтық.

– Көбіне театрдағы қойылымдарға М.Әуезов, Ш.Айтматов, Ш.Мұртаза, Пушкин, Шекспир сынды шайырлардың туындыларын алады екенсіз. Себебі неде? Кейінгі буын арасында дарынды драматург жоқ дегенді білдіре ме бұл?

Біріншіден, бұлардың барлығы – классиктер. Екіншіден, қанша айналып келсе де, ешкім Абайдан артық бола алмайды. Пушкин, Айтматов бола алмайды. Ұлы тұлғалардың, ұлы дарындардың шығармалары қашан да руханияттың бағдаршамы, маяк. Олар – бір-бір бойтұмар. Әрине, руханиятқа жас буын керек-ақ. Олар бар да. Судың өзі де тоқтап қалса, борсиды. Сол сияқты өнер тоқтаса, мәдениет тоқтаса, халық тоқырайды.

– «Махаббат бекеті». Сіздің повесіңіз бойынша түсіріліп, 1993 жылы жарық көрген фильм. Өте танымал болды. Сізді де осы фильм танымал етті ме?

– Ең алғашқысында бұл әңгіме болып шықты. Кейін «Жалын» журналына повесть болып басылды. Тұтқабай Иманбеков деген сыншының «Талғаттың гүлі мен назы» деген алғысөзімен жарияланды. Бұл повесть проза жанрындағы халықтың ынтызарлығына ие болған шығарма еді. Кейін кино түсіру туралы ой келді. Себебі, Сергей Герасимов «Молодая гвардия» деген киносы арқылы өзінің барлық студенттерін жарыққа шығарды, елге танытты. Нона Мордюкова, Вячеслав Тихонов бастаған жас актерлар екінші курс оқып жүргенде-ақ, осылайша жарқ ете қалды. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген, мен де «студенттерім кино әлемін үйренсін» деген мақсатпен, кино түсіруді қолға алдым. Басты рөлді сомдаған Баян сол кезде бірінші курс оқитын студентім болатын. «Қазақфильмде» бұған дейін де, кейін де қанша кино түсірілді. Бірақ, дәл «Махаббат бекетіндей» жүректерге жол тапқаны болмаған.

Ал, танымалдылық дейсіз бе?  бұған дейін «Мосфильм» қабырғасында «Адамдар арасындағы бөлтірік» атты фильм түсірдім. Бірақ, ел есінде екінші фильм көбірек қалды. Себебі, ол мәдениетімізге, мінез-құлқымызға тән кино болды. Гүлназдың образы қазақ қыздарының символына айналды. Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамалды шынарым» повесінен соң қазақ-қырғыз арасында Әсел деген ат көбейсе, «Махаббат бекетінен» кейін Гүлназдар өмірге келді. Қазір олардың барлығы – жастары жиырмадан асқан арулар.

– Театрдың проблемалары үлкен мінберлерде, алаңдарда айтылмайды. Бұның белгілі бір себебі бар ма, әлде шынымен де театрдың проблемасы жоқ па?

– Бұл рас. Бүгінде біздің мәдениетіміз жаңарып, жаңғыруда. Әсіресе, опера, балет, эстрада, көркемсурет, архитектура, дизайн салалары биікке көтерілді де, солардың ішінде кенде, кенже қалғаны – театр жанры. Біріншіден, бұған кінәлі – менталитет. Себебі, қазақ театрына тек қазақ көрермендері барды. Сондықтан,  бұл екінші сортты өнер деген ел ортасында жаман пиғыл қалыптасты.

Бірақ… Театр – ол мәңгілік өнер. Алғаш рет кино шыққан кезде «енді театр болмайды, тек кино дамиды» деп еді. Одан кейін телевидение  шыққан кезде де «енді кино болмайды»  деді. Алайда, әр жанрдың өз орны бар. Өткен жылы Сенат қабырғасында комитет төрайымы Бірғаным Әйтімованың басшылығымен үлкен жиын болып, салалық мәселелердің бәрін көтердік. Біздің проблемаларымыз мәдениет министріне де таныс. Депутаттар да біледі. Қазіргі сәтте біздің қолымызды байлап тұрған бір ғана мәселе бар. Бұл – Астана қаласында қазақ драма театры ғимаратының жоқтығы. Егемендік алғаннан бері Қазақстанда 19 театр бой көтерді. Жаңа театрлар да салынуда. Ғабең «Хас сұлудың көз жасындай» дегеніндей, бұл – өте мөлдір өнер. Көрермен актермен бірге тербеледі, теңселеді, қуанады, қайғырады, тәрбиеленеді. Осылайша, залда отырып, актердің көзге көрінбейтін әріптесіне айналады. Міне, театр өнерінің құдіреті.

– Өнер академиясында ректор болғанда Қазақстанда болмаған кино саласының мамандарын даярлауды қолға алдыңыз. Ғ.Мүсірепов атындағы театрды басқарғанда шет елге гастрольге шығу үрдісін жолға қойдыңыз. Астана театрындағы сіз бастаған жаңашылдықтар жайында айта кетсеңіз.

– Мен бұл театрға келгелі үш жыл болыпты. Осыдан бір жарым жыл бұрын Қалибек Қуанышбаев атындағы театр Мәскеуде «Золотой Витязь» XIII халықаралық театр форумының Гран-приін жеңіп алды. Ресей астанасында өткен кеште талғампаз көрермен назарына астаналық өнер ордасы «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасын ұсынған болатын. Таяуда Челябіге барып келді. Гастрольмен Қазанға, Ереванға бару жоспарлануда.

Жалпы, қазір театр өсу, өркендеу кезеңін өткеруде. Өз-өзімен, ешқайда шықпай отырса, театр тынысы тарылады. Актерлардың қарымы да, күш-жігері мол, зор. Дүниенің кез келген бұрышына барып, қазақ өнерін мақтанышпен паш етуге мүмкіндігіміз жетеді.

– Шығармашылықтың адамысыз. Белгілі бір уақыттан соң басқа салаға кетуіңіз мүмкін бе?

– Әрине, кетуім мүмкін. Сіз айтқандай, белгілі бір уақыттан соң. Бір ғана себеппен.

– Қандай?

– Өліп қалсам.

– Ал, саясатқа кету туралы ұсыныс түссе ше?

– Мен ректорлықтан кеткенде, осындай қызмет ұсынылды. Барған жоқпын. Өйткені, әр адам өз саласының маманы болуы керек. Ал, мен саясаткер емеспін, шығармашылықтың адамымын. Жалпы, көркемдік жетекші болу мен басшы болудың да айырмашылығы зор, екеуі екі түрлі мамандық. Мысалы, нейрохирургия мен стоматологияны алыңызшы. Егер стоматолог миға операция жасаса, адамды өлтіріп алуы мүмкін. Сол сияқты мен шығармашылықтың адамымын ба, осыған лайықты болуым керек. Сондықтан, мен саясатқа бармаймын. Бірақ, саясатта менің достарым бар, балаларым да бар. Үлкен ұлым – дипломат, екінші ұлым да саясатта. Негізі, қай салада жасау маңызды емес, жұмысыңды қалай жасау маңызды. Кірпіш болып қаланған соң кетігін ғана емес, тетігін, тілін де таба білу керек.

– Сізге ең көп қойылатын сұрақ?

– «Көшпенділерде» басты рөлде неге қазақ  ойнамаған?

– Осы сұрақты мен де қойсам…

– Бес-алты жыл болғаннан кейін шығармашылық тұрғыда бағы жанбаған дүние деп, сценарийлерді «списаниеге» жіберу үрдісі бар. Осындай бір сәтте «Абылайхан» деген сценарий көзіме түсті. Қарасам, авторы – Сәкен Жүнісов. Үйге алып кетіп, түнімен оқып, таныстым. «Мынадай үлкен тақырыпты қоқыс жәшігіне салғаным арсыздық қой» деп, алып қалдым. Содан Иманғали Нұрғалиұлына келдім. «Кім жазады?» деді. Мен Мәскеуден драматург  табамын  деп, Рустам Ибрагимбековты шақырдым. Бірақ, өкінішке орай, Рустам Ибрагимбеков пен продюссер Милош Форман тарапынан қазақтың басты рөлде ойнауына ықылас болмады, ал, менің аяқ-қолым маталған кез болды.

Алайда, сол «Көшпенділерде» режиссер болғаныма ризамын. Бірақ, сын айтатын адамдарға айтарым, егер мен болмағанда бұл «Көшпенділермен» жылап көрісетін едіңдер. Себебі, сценарийдің ішінде арсыздықпен жазылған тұстары болды. Өйткені, Әбілхайырдың әйелі Барақ сұлтанмен кездесіп, ерінің көзіне шөп салатын жері бар. Мұны білген хан әйелін садақпен атып өлтіріп, көмбестен, қасқырларға жегізіп, далаға тастап кетеді. Осындай ұлт намысына тиетін көріністерді өңдеп, қайта жаздым.

– Телехикая, тарихи фильм, экшн, мелодрама. Сіздің шығармашылығыңыз осындай әр жанрлы. Десек те, «осы бағытты қамтымадым-ау»деген сала бар ма?

– Мен үшін қай салада, қай жанрда түсіру маңызды емес, қалай түсіру маңызды. Менің ұстанымыма сай, қазақтың рухын таптамайтын, керісінше, қазақтың рухын көтеретін кино түсірсе ғана қазақ киносы болып саналады.

Шәкен Айманов феномені неде? Білесіз бе? Оның әр кадрында – қазақ, қазақтың болмысы, қазақтың иісі, қазақтың киесі, қазақтың әні, қазақтың сәні тұрды. Сұлтан Қожықовта да солай. Мен де қандай жанрда кино түсірмейін, менің де әр кадрымда қазақ, оның болмысы, табиғаты, жүрегі қазақ болуы тиіс. Кейіпкерім осы талаптарға сай болса ғана туынды әлемдік кино аренада өзіндік орнын табатын    болады. Кредом да осы. Әйтпесе, қазақ киносының атын жамылып, не қазақ емес, не орыс емес, не ағылшын, не француз емес етіп түсірген кино – дүбәра дүние. Ол – сабынның көпіршігі. Әдемі болғанымен, ғұмыры ұзақ емес.

– Сынды қалай қабылдайсыз?

– Жалпы, сынның екі түрі бар. Бірі – жанашыр, осы байқамай қалды-ау, осыған көмектесейін деген оймен айтылады. Екіншісі – улы, заһарлы сын. Ол – арыңа тіл тигізіп, азаматтығыңа нұқсан келтіргісі келетін ақымақтардың, көреалмаушылардың сыны. Оған мән беріп, көңіл аударуға болмайды. Қастандықпен, зұлымдықпен айтылған сөздерге мән бермеймін, аттап жүре беремін. Бір мақал бар. Егер сенің арқаңа, егер сенің жотаңа біреу қанжар салса, бұл – сен алда кетіп бара жатқаныңның дәлелі. Сондықтан, балақтан алатындар да бар, балтырыңды қанататындар да, жотаңа пышақ сұғатындар да бар. Бірақ, олардың барлығы сенің артыңда. Мойындауымыз керек, қызғаныш, көреалмаушылық біздің қанға сіңген қасиетіміз, жазылмас аурумыз болғалы қашан? Шәмшіні алқаш қылып, ақымақ қылған да – өзіміз, Махамбеттің басын шапқан да – өзіміз, Мұқағалиды өлтірген де – өзіміз, Ахаң мен Мағжанды соттатқан, атқан да – өзіміз… Мен әрқашан дұшпандарыма сыйластықпен қараймын. Неге? Өйткені, олар мені сынап отырып, маған қандай жақсылық жасап отырғанын білмейді. Сені өлтірем, көмем деп тұрған адамға жаныңды қайрап, сезіміңнің ұйықтап кетпей, қайралуы үшін, көмектесіп отырғаны үшін құрметпен қарау керек. Сондықтан, дұшпандарым бар болсын!

Ал, достарыңыз ше?

– Достарым көп емес. Бірақ, жан шыққанша дос болатын адамдардың бар екеніне ризамын.

Осал тұсыңыз қандай?

– Шыдамсызбын. Сабырсызбын. Айтатын жерде үндемейтін, айтпайтын кезде дауыс көтеретін күндерім бар. Мінезімнің шыдамсыздығынан адамдарға тіл тигізген кездерім де болады. Түсіру алаңында деспотпын. Актерлармен шүйіркелесу деген менде жоқ. Өз дегенімді жасайтын адаммын. Шынына келгенде осы мінезім, яғни, сабырсыздығым көбіне маған кеселін тигізеді. Бірақ, менің мінезім мұндай болмағанда, мен режиссер болмайтын да едім!..

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлжан Әмірова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Баян

    Керемет сұхбат екен! Спикерге де, журналистке де көп рахмет!