Қабағы қатулы, сәлемі сатулы

Жаңалықтар Журналистік зерделеу Қоғам

Atr.kz/15 мамыр, 2020 жыл. Соңғы кезде арсы-гүрсі буырқанған тау өзендеріндей жолындағысының бәрін жайпап келе жатқан жаһандану дүмпуі осыған дейін сары алтындай сақтап келген ұлттық құндылықтарымызды, рухани асыл қазыналарымызды жуып-шайып, қалт-құлт еткен жаңқадай бір-ақ сәтте жағаға лақтырып тастай ма деген қауіп ойлайтын болдық.

Өйткені, күнделікті тұрмысымызға дендей енген заманауи озық технологиялар адам санасын жаулап алып, руханият кеңістігінде байқатпай өз үстемдігін жүргізе бастады. Басқасын былай қойғанда, қазіргі қабағы қатулы қоғамда сәлем де сатулы болып тұрғанын қайтерсің? Көшеде қарсы кездесе қалғанда, сәлемдеспек түгілі, құлағына қыстырып алған түймедей тетіктің әсеріне елтіп, өз-өзімен бет-ауызын жыбырлатып, арасында қарқылдап күліп, жаныңнан өте шыққан қара көздерді көргенде жаның түршігеді. Бұл не болып барады өзі?

Данышпан Абай: «Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң, кімді көрсем мен содан. Бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» деп қазақ даласына өркениет келмей тұрыпақ адамдық қасиеттен жұрдай осындай көрсоқыр жандарды өлтіре сынамап па еді? «Кісі болар баланың, кісіменен ісі бар» дегендей сәлемдесу де адам жанының айнасы іспетті. Аз отырып, көп сынайтын қонақжай халқымыз алдына келіп дастарханынан дәм татып, дидарласқан адамның сәлемдесу мәнерінен-ақ оның қандай жан екендігін айтқызбай ұғады. Әдейі ат басын тіреп, шаруа салып, немесе басқалай бұйымтаймен келген құдайы қонақтың соңында: «сәлемі түзу, түсі игі жан екен» деген жақсы сөз қалады.

Жалпы бабалар мұрасысәлемдесу салтымыз да ұлттық құндылықтарымызға жатады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тағы бір ресми мемлекеттік мереке-көрісу күнін белгілеу жөнінде мәселе көтеріп жүргені бекер емес. Өйткені, бағзыдан бір-біріне бауырмал, берекебірлігі жарасқан қазақ халқының бүгінгі ұрпағының адами бетбейнесі, психологиясы өзгеріп, біртүрлі бөтенсіп, қатыгез, жатбауыр болып бара жатқаны жасырын емес. Әрине, әліппедегі әріпті үйреткендей, сәлемдесудің сырына үңіліп, жаңалық ашқалы отырған жоқпыз. Бірақ, «ұлық болсаң, кішік бол» дегендей сәлемдесуден ешкім кішірейіп, беделі төмендеп қалмайды, қайта мәртебесі артады.

Осыдан жиырма шақты жыл бұрын Махамбет ауданында ұйымдастырылған композитор, жазушы, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Отан» орденінің иегері Ілия Жақанов ағамыздың мерейтойлық шығармашылық кешін жүргіздім. «Бір ет, бір май» дегендей бірде өлеңдетіп, бірде қара сөздің қаймағын қалқып, ағамыздың біраз шашбауын көтеруге тырыстым. Кеш аяқталғанда ризашылығын білдіріп, рахметін айтты.

Қош, содан тағы да арада талай жылдар өткенде Ілия ағамызбен Махамбет аудандық мәдениет үйінің дәлізінде ұшырастық. Жанында республикаға танымал лауазымды тұлғалар бар. Жетіп барып сәлемдесудің реті болмас деп, сырттай бақылап тұрғам. Бір кезде көзі түсіп кеткен Ілия ағамыз қасындағы дөкейлерден бөлектеніп, тура маған қарай тартты. Қапелімде ыңғайсызданып қалып, қос қолымды ала алдынан тұра жүгірдім. Міне, бұл ұлылық дейсіз бе, кісілік, кішілік дейсіз бе, бәріне сыйып тұр.

Енді бірде Атырау ақынжазушыларының абызы Қадыр Жүсіп ағамыз университетте «Махамбет» журналының тұсаукесерін ұйымдастырып, абыр-сабыр болып жатқанда ол кісімен алыстан бас изеп амандастым. Кейіннен шара аяқталып, адам аяғы саябырсыған кезде: «қонақтардан қолым босамай, дұрыстап амандаса алмай жатырмын, айып етпе, халжағдайың қалай?» деп сұрады. Бәлкім, бұрындары зиялы, бекзат болмысты, біртуар азамат деп осындай абзал ағаларды айтқан болар. Сөзімен де, ісімен де өзгеге үлгі-өнеге көрсетіп, айналасына шуақ шашып жүрген болмысы бөлек жандарды көргенде біртүрлі ішің жылып қалады екен. Бұл да сәлемдесудің құдіретін, адамға ерекше рухани күш-жігер беретін ерекше әсерін аңғартса керек.

Ал, сәлемдеспек түгілі, сызданып, өзінен кішінің сәлемін зорға алып, болар-болмас ерін ұшын жыбыр еткізіп, сәлемдесудің ишарасын жасаумен шектелетіндер де жоқ емес арамызда. «Кедейдің кербезінен сақта» дегендей, олардың бар жеткен жері, өзімшілдеу түсініктүйсігі, азаматтық өресі осы шамада болса не дерсің? Ондайлар мүсіркеуге лайық.

Қазақтың бет-бейнесін, бір-біріне деген сыйластығы мен сүйкімін білдіретін тамаша қансіңді қасиеттері, салт-дәстүрлері бар. Соның бірі – шаңыраққа жаңа түскен келіннің басынан орамалын тастамай, үлкендерге күнделікті сәлем салуы дер едік. Өкінішке қарай, күн өткен сайын оның да берекесі қашып барады. Оған үлкендер де кінәлі.

Оңтүстіктен келген жас келін біразға дейін әдеті мен әдебінен жаңылмай, күн сайын ата-енесіне екі қолын қусырып, тізесін бүгіп, сәлем салып жүрген. Бірақ мұны ерсі көріп, ескінің сарқыншағы деп жас келіннің «көзін ашқан» жаңа қазақ атасы келінінің сәлем салуына қарсы болып, дереу тоқтатыпты. Ал, сол келін қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ұлысымның ұясы, Оңтүстіктің әдет-ғұрпын, соның ішінде сәлем салуды өзінен кейінгі абысындарына үйретіп, дәстүр жалғастығына жол ашса, нұр үстіне нұр болар еді.

Тағы бір әжептәуір қызметтегі ағамыз: «таңертең жуынатын бөлмеден шыға бергенім сол еді, жаңа түскен келінім иіліп, сәлем салды. Мен де не істерімді білмей сасып қалып, тіземді бүктім» деп айналасындағыларды күлдіргені бар. Бұл күлкілі ме?

Қаншама қызмет әдебі, халықпен сыпайы қарымқатынас жасау жөнінде заңмен бекітілген тәртіп (кодекс) бола тұра, мемлекет қызметшілері арасында да арагідік алдына келген адамға амандасуды артық санайтындар кездеседі. Қашаннан қазақ шаңыраққа, мекемеге бас сұққан жанға «қош келдіңіз, төрлетіңіз» деп құрақ ұшпаушы ма еді. Ал, олар болса, оқтау жұтқан адамдай, міз бақпай отырып алады. Тіпті, келген адамды елең қылмай, телефонын шұқылап, есінеп қойып, тірлігін жалғастыра береді. Қордаланған мәселесін шешуге көмек сұрау үшін үлкен үмітпен құзырлы орын есігін имене ашқан адам бұдан кейін қандай көңіл күйде болады? Осыны неге ойламаймыз?

«Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей мұқтаж жандармен жік-жақпар амандасып, халжағдай сұрасқанда хандығынан таймайды ғой. Әрине, бұл жерде барша мемлекет қызметшілеріне күйе жағудан аулақпыз. «Ананың көңілі – балада, баланың көңілі – далада» деп кім қай заманда айтқаны белгісіз. Бірақ, осы бір өмір шындығынан алынған мәтел әлі күнге әлеуметтік мәнін жойған емес. Қазір екінің бірі деуге ертерек болар, әйтсе де қаржылық жағдайы тартқан ата-аналар бауыр еті – балаларын шетелде оқытуға құштар. Әлемнің әйгілі жоғары оқу орындарының студенті атану – кім-кімге де арман. Ал, енді осы шетелде оқимын деп барынан айырылып қалып жатқан мәңгүрттер қаншама?

Бірде мейманасы тасыған бір сыйлы ағамыз Англияда оқып жатқан жалғыз ұлының каникулға келуіне орайластырып, дастархан жайып, достарының басын қосты. Отырыс ду-ду қыза бастағанда өзімсіне сөйлеген қонақтың бірі: «Пәленшежан қайда, ағаларына сәлемдеспей ме, көрейік, көз алдымызда өскен баланың қандай болғанын» демесі бар ма? «Ол жоғарыда компьютерде отырған» деп тәпішкесі тарпылдап анасы кетті. Жоқ. Шыдамсызданып әкесі де ерінбей екінші қабатқа көтерілді. – Пап, я не хочу, понимаете вы? – деген дауыс жоғары жақтан анық естілді. Бағанадан достарының ортасында баласының жетістігіне қуанып, желдей есіп отырған байғұс ата-ана салдары суға кетіп, жер болып қалғандай. Ыңғайсыз жағдайдан шығуды ойлаған отағасы: «баланың қолы тимей жатыр, сабағына дайындалып, ал кәне алып қоялық» деді бір түрлі дауысы құмығып шығып.

Бұған енді айтарға сөз таба алмайсың. Нағыз қасірет! Мәдениет пен өркениеттің ортасында Еуропа елінде білім алып жатқан жалғыз ұлдың сиқы осы. Кімді кінәлаймыз? Қазір қоғам да, адам да қатыгезденіп бара жатқандай. Қайда қарасаң да ебелек құсап аяқтары жерге бір тиіп, бір тимей дедектеп, ебілсебіл жанкештілікпен жүгіріп жүрген бір адам. Тіпті, сәл аялдап, сәлемдесуге де мұршалары келмейді. Қоғамдық көліктерде де кілең сіркесі су көтермей, сіресіп тұрған біреулер. Ә десе, мә деуге, шыныдай шытынап, жарылып кетуге шақ тұрады. Бұған себеп не? Қоғам қажыды ма, әлде адам азғындады ма?

«Күн жаманы кетер» дегендей, коронавирустан да құтылармыз. Тек Жаратушымыз бір-бірімізге деген мейіріміміз бен пейілімізді тарылтпағай! Сәлеміміз түзу болсыншы, ағайын!

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған