«Қолжетімді баспана-2020»: БАҒДАРЛАМА ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛУДА?

Жаңалықтар

Есепті мерзім ішінде мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдар арқылы салынып, игілікке берілген тұрғын үйдің ауданы 524,9 мың шаршы метрді, ал тұтастай алғанда, мемлекеттік сектордың үлес салмағы 11,5 пайызды құраған. Осы кезеңде тапсырылған тұрғын үйлердің толықтай саны 36 864-ке жетсе, соның 18148-і немесе тең жарымынан астамы жеке тұрғындардың үлесінде болып шықты.
Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жалға берілетін тұрғынжай құрылысына 17,5 млрд. теңге сомасында мақсатты трансферттер қаралған. Мұнда да тұтастай жылға межеленген 285 мың шаршы метр немесе 4 мың пәтердің тоғыз айдағы орындалысы 81,4 мың шаршы метрді немесе 1372 пәтерді құрап, 29 пайызға қамтамасыз етілген. Қазан айының 1-іне дейін облыстық әкімдіктерге қазынадан 13 771,2 млн. теңге қаржы аударылып, соның 12 806,8 млн. теңгесі немесе 94 пайызы игерілген.
Мәжілістің күн тәртібіне енгізілген өзекті мәселе төңірегінде атқарылған жұмыстармен қатар кемшін қалған тұстардың барлығы да алға тартылды. Атап айтқанда, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысушы операторлар болып табылатын «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» және «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамдары арқылы барлық санаттағы тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген жер телімдерін, бөлінген қаражат пен несиеге берілген қаржының мақсатты әрі мерзімді игерілуінде көптеген кемшіліктерге жол беріліп отырғандығы сынға алынды. Мұнда осы жұмыстың өңірлерде өз деңгейінде ұйымдастырылуына ұйытқы болуға тиісті жекелеген аймақ басшылары мен лауазымды тұлғалардың тарапынан да жауапсыздық танытылып отырғандығы ашық айтылды.
Селекторлық мәжіліске қатысып, мәселенің мән-жайына қаныққан аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов өзінің орынбасаралары мен салалық басқармалардың басшыларына, қала мен аудан әкімдеріне, тиісті құрылымдардың жетекшілеріне Мемлекет басшысының өзі бақылауда ұстап отырған бағдарламаның тиісті талап деңгейінде, сапалы да уақтылы орындалуына бәрінің де жауапкершілікпен қарап, мүдделілік танытуы керектігін, тек сонда ғана қолға алған істің алға басатынын қатаң ескертті.

Дәулетқали АРУЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған