БАСТЫ БАҒЫТ – ОТАНДЫҚ ӨНІМ

Еліміздегі индустриалды-инновациялық дамудың екінші бесжылдығының бағдарламасы аясында Атырауда талшықты-оптикалық кабель өндіретін зауыт ашылған болатын. Қаламызда мұндай өндіріс орнының ашылуы Қазақстанның телекоммуникация саласы үшін елеулі оқиға болды. Өйткені заманауи телекоммуникацияны оптикалық байланыс желісінсіз  елестету мүмкін емес.

 

Қазір талшықты-оптикалық байланыс желісі деректерді, сигналдар мен ақпараттарды таратудың ең заманауи әдісі болып табылады. Оптикалық арналардың өткізу қабілетінің мыс кабель желілерінен артықшылығы көп.

Қазіргі уақытта еліміздің телекоммуникациялық инфрақұрылымы жоғары қарқынмен дамуда. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Қазақстан халқын интернет желісіне кеңжолақты қатынау қызметімен қамтамасыз ету – байланыс саласындағы негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Сондықтан, деректерді тарату желісін тарту үшін «Қазақтелеком» АҚ талшықты-оптикалық кабельді пайдаланады. Жыл сайын компания әртүрлі сыйымдылықтағы 2500 шақырымнан астам оптикалық кабельді қажет етеді.  

Телекоммуникация қызметтерімен қала және ауыл тұрғындарын бірдей дәрежеде қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» АҚ ҚР Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, еліміздің ауылдық елді мекендеріне талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізуге бағытталған жоба әзірледі. Яғни, бұл талшықты-оптика, сондай-ақ, IP-телевидение мен интернет  тұрғындар саны 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендерге бес-алты жылдың ішінде жететін болады. Жобаны енгізу нәтижесінде ауылдардың интернетке кең жолақты қатынау базасы арқылы байланыс қызметтерін пайдалану мүмкіндігі артады.

Бұл жоба аясында халықтың құзырлы орындармен жаңа деңгейде байланыс орнатуына ықпал ететін бұл қызметтерге мемлекеттік органдар мен бюджеттік мекемелердің жергілікті бөлімшелерін қосу жоспарланған. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ жоғары сапада және қолжетімді тарифтермен ауыл және аудан тұрғындары үшін де кең көлемдегі байланыс қызметін пайдалануға мүмкіндік жасайтын болады.  

Қазақстан экономикасының әртүрлі салаларында отандық тауар өндірушілерді қолдау және қолда бар ішкі өнім өндіру әлеуетін пайдалану бағытындағы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде «Қазақтелеком» АҚ  ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Қазақтелеком» АҚ «ПКФ Континент Ко ЛТД»  ЖШС-нің оптикалық кабель өндіру зауытымен серіктестікті ашық тендерлер өткізу негізінде дамытуды көздеп отыр.

2009 жылдың аяғында Атырау ОТД қанатқақты жоба ретінде Атырау қаласы ықшамаудандарының бірінде абоненттердің үйлеріне FTTH (Fiber-to-the-Home) технологиясымен талшықты-оптикалық байланыс желісін тартты. Бұл жоба интернетке қосылу жылдамдығын ұлғайтып қана қойған жоқ, сонымен бірге  ІР-телефония және жоғары сапалы сандық телевидение секілді телекоммуникация қызметтерінің кең спектріне ие болуға мүмкіндік берді.

Атырауда жаңа зауыттың пайдалануға берілуі, өнімді өндірушілер мен тұтынушылардың  делдалсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Тұтынушы ретінде бізге тигізер пайдасы – оның іргемізде орналасуы. Тасымалдау үшін көлікке қосымша қаржы жұмсалмайды. Бұл жағынан өте тиімді. Жергілікті жерден шығарылып жатқан отандық өнімнің келешекте ел экономикасының дамуына қомақты үлесін тигізері кәміл.

Ерсайын ДҮЙСЕМӘЛИЕВ,

«Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының

бас директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз