ӨЛКЕ ТАРИХЫНЫҢ АҚИЫҒЫ

Жаңалықтар

Шығармашылық қызметін облыс баспасөзінің қарашаңырағы – облыстық «Атырау» газетінің редакциясында бастаған ол осында қатардағы тілшіден бас редактордың орынбасарлығына дейінгі баспалдақтардан өтті. Кейіннен жиырма жылға жуық уақытын облыстық телерадио корпорациясында өткізді. Мұнда да хабардың редакторлығынан бастап, бас редактор, басшының орынбасары сияқты жауапты жұмыстарды атқарды.
Аптаның алғашқы күндерімен қатар келген мерейтой иесін алдымен әріптестері құттықтады. «Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқали Нұрғалиев пен кәсіпорын директорының бірінші орынбасары Өтеген Нәукиев жылы лебізін жолдап, естелік сыйлығы мен гүл шоқтарын тапсырды. Құттықтаушылар легін облыстық «Атырау» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ермек Биғалиев, «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева жалғастырып, барша әріптестерінің ізгі ниет, игі тілектерін жеткізді.
Мерейгердің өзі де сөз кезегін еншілеп, көрсетілген ілтипат-құрметтің көңілін біраз өсіріп тастағанын жасырмады.
***
Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында Өтепберген Әлімгереевтің 65 жасқа толуына орай шығармашылық кеші өткізілді.
Еңбек жолын Маңғыстау облысында Бейнеу ауданында мектеп мұғалімі болып бастаған Өтепберген Әлімгерейұлы 1973 – 1990 жылдары облыстық қоғамдық-саяси «Атырау» газетінде қызмет жасады, Махамбет, Асан қайғы, Жиренше шешен, Мұрат, Бала Ораз, Мақаш әкім туралы зерттеулер де жазған. Жалпы айтқанда, жиырмадан астам тарихи, публицистикалық, ғылыми кітаптар мен оқулықтардың авторы.
Мерейтой иесін республикалық мәдениет, ақпарат және спорт қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің төрағасы, Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы Қуандық Батыров республикалық кәсіподақтың «Құрмет белгісі» медалімен марапаттады. Көрнекті күйші Ғатау Ибішев, «Аяз би» ауыл мәдениетін қолдау қорының төрағасы Жеңіс Аронов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Алма Андарбаева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы басшысының орынбасары Рашида Харипова, Атырау мұнай және газ институтының профессоры Есенғали Ғилажев, аталған кітапхана директорының орынбасары Хадиша Кереева, ақын Гүлзада Ниетқа-лиева және тағы басқалары мерейгерді құттықтап, шығармашылық табыстар тіледі.
Ардагер журналист Төлеген Жаңабаев мерейгердің шығармашылығы туралы тарқатып айтты.
Шара соңында кітапхана қызметкерлері жасақтаған «Өтепберген Әлімгереевтің библиографиялық көрсеткіші» аталатын кітапша көпшілікке таратылып, электрондық нұсқасы таныстырылды.

Дәулетқали АРУЕВ,
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған