«Мерейлі отбасы»: жеңімпаз атанған Тілекқабыловтар жанұясы оралды (+ФОТО)

eac1567 Жаңалықтар

Atr.kz/8 қыркүйек, 2019 жыл. Кеше Нұр-Сұлтан қаласынан республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының гран-при иегерлері – Тілекқабыловтар отбасы Атырауға келді.

Жеңімпаздарды Атырау əуежайында облыс əкімінің орынбасары Айгүл Əжіғалиева, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев жəне ағайын-тумалары гүл шоқтарымен қарсы алды. Шаңырағы шаттыққа құрылған жанұяны тұғырлы жеңіспен құттықтаған Айгүл Теміртасқызы облыс мəртебесін арттырған жеңімпаз отбасына ризашылығын білдірді.

Аталмыш байқауда мерейі үстем болған ұстаздар династиясы Индер ауданының Есбол ауылында тұрады. Ұстаздықты жанына серік еткен бұл əулеттің отағасы Төлеш ақсақал дүниеден өтсе де, артында шəкірт тəрбиелеудегі ерен еңбегі қалды. Зайыбы Аймекен екеуінен өрбіген 8 баладан бүгінде 28 немере мен 17 шөберенің қызығын көріп отыр.

Ал, байқауға бас болып барған ақсақалдың ортаншы ұлы Асхат Тілекқабылов елордада өткен қорытынды байқауда жеңімпаз атану күтпеген қуаныш болғанын айтты.

«Əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Əбдіхалықова «Тілекқабыловтар əулеті» деп хабарлағанда қатты қобалжыдым. Əрине, еліміздің əр өңірінен ең мықты деген отбасылармен сайысқа түсіп, жеңіске жету үлкен дайындық пен еңбектің арқасында мүмкін болды. Байқау əділ болды. Халықтың басым көпшілігі бізге дауыс берген екен. Осы орайда халқыма, əсіресе, жерлестеріме өз ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге барлық жағынан қолдау көрсеткен облыс əкімі Нұрлан Ноғаевқа үлкен алғыс айтамын», – деді ол.

Əңгіме барысында Асхат Төлешұлының зайыбы Нарни Абдоллақызы да «Атырауға» лебізін айтты.

«Біздің – ұстаздар əулетінде кішілік, адалдық, сыйластық қасиеттер басым. Өзіміз де, бізден өрбіген бес бала да ата-енемнің тəрбиесін көрдік. Сол кісілердің ақ батасының арқасында мінекей, абыройлы əулеттің біріміз» дейді ұстаздар əулетінің сыйлы келіні.

Сонымен, республика бойынша алтыншы мәрте өткен байқауға қатысушылардың саны жыл сайын артуда. Бұл үрдіс жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастырып, олардың білімге ұмтылысын арттырумен қатар еңбек адамын тəрбиелеу үшін де маңызды болып қалады.

eac1488
eac1456
eac1472
eac1460
eac1468
eac1519
eac1531
eac1556
eac1615
Фото – Ерлан АЛТЫБАЕВ

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз