Құлсарыда жасөспірімдердің кесірінен жол-көлік оқиғалары көбейген

7bc3b44s 960 Жаңалықтар

Жылой аудандық ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесі Құлсары қаласы көшелеріндегі жол белгілерінің тозығы жеткенін ауыстырып, жаңасын орнатуға өткен жылдың қазан айында ұсыныс берген еді. Тасжолдағы тәртіп сақшыларының бұл бастамасын құп алған қалалық әкімдік биылдан бастап жеңімпаз мекемені де анықтады.

7bc3b44s-960

Бүгінгі таңда бұл жұмысты маңғыстаулық «Грант-Азия» ЖШС қолға алды. Осы істің басы-қасында жүрген ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің автоинспекторы Қасым Оспановтың айтуынша, жалпы қала бойынша барлығы 400-ге тарта жол белгісі қондырылмақ екен. Олардың басым көпшілігі орта мектептер мен балабақшалар орналасқан жерлерге, жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттырып жіберетін, көліктің қарсы бағытқа жиі шығып кететін айналма жолдар бойына, апаттық ахуал туындап жататын бұрылысы көп тұстарына орнатылып жатыр. Өйткені, Қ.Оспановтың айтуынша, соңғы кездері жасөспірім балалардың қатысуымен, жас шопырлардың көлікті қатты айдауы кесірінен орын алып жататын жол-көлік оқиғалары көбейіп кеткен. Сондықтан оқу орны мен мектепке дейінгі мекемеге жақын тасжолдарға көлденең жасанды жол кедергісі (лежащий полицейский) төселіп, жаяу жүргінші өткелі, басып озуға тыйым салатын (обгон запрещён), жылдамдықты шектейтін жол белгілері қондырылуда. Ескісі жаңартылып, жоғына жаңасы тұрғызылмақ. Бұл жерде бұрын бірде-бір белгі қондырылмаған көшенің де бар екендігін айта кеткен жөн. Олар әсіресе қаланың шеткі аймақтарындағы айналма жолдар секілді тасжолдарды қамтиды. Өйткені жылма-жыл көлік нөпірі көбеюіне байланысты Құлсарының осы бөлігінде де темір тұлпар қарасы азаймай тұр.

Құлсары қаласы әкімдігінің бас маманы Сағындық Есқалиевтің хабарлауынша, белгілер Қамыскөл көлінің жағалауын да қамтиды. Онда аудандық төтенше жағдайлар қызметінің ұсынысы бойынша шомылуға тыйым салатын белгілер орнатылмақ. Өйткені соңғы жылдары көл маңында «жабайы жағажайлар» көбейіп кеткен. Бұл адам өмірі үшін қауіпті екендігі белгілі.

С. Есқалиевтің айтуынша, Құлсары қаласындағы ІІІ ықшамауданда орналасқан аудандық орталық емханаға қатынайтын тасжол бұдан былай біржақты қозғалысқа (односторонный) көшірілмек. Бұл көлік нөпірінің көбеюіне, оның өз кезегінде жедел жәрдем қызметіне кедергі келтіруіне байланысты туындап отыр. Осыған орай, қаланың бұл бөлігіне 13 жол белгісі орнатылады. Жүргізушілер емдеу орнына «Достық» саябағы арқылы қатынап, ықшамаудан сыртындағы өзге тасжолмен шығып кете алады.

Ербол ҚОШАҚАНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз