«ХАЗАРДАН – ҚАЗАҚҚА ДЕЙІН…»

*Тұсаукесер

тележобасы  көрерменге  жол  тартты

Бүгін мұнайлы өлкеде тұңғыш рет голливудтық жүйеде түсірілген «Хазардан-Қазаққа дейін...» телеэкспедициясының жобасы көрерменіне жол тартты. Ұлт тарихы – ұлт мүддесін насихаттайтын бағдарламаның өткен бейсенбі күні «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында тұсауы кесілді. Аймақ басшылығының қолдауымен жүзеге асқан тележобаның трейлерін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен жергілікті журналистер тамашалады. Арнайы эффектімен жасалған фильмнің өзгелерден кем түспейтініне көзіміз жетті. Көрерменін бірден елітіп әкететін фильм жобасын Шыңғыс Жұмабекұлы ұлттық арна арқылы Қазақстан жұртына таратуға ұсыныс жасады.

 

 

Естеріңізде болса, тамыз айында «Хазардан-Қазаққа дейін…» телеэкспедициясы аудандардағы археологиялық орындарға сапарға шыққандығы жөнінде газет бетінде жариялаған едік. Бір ай бойы түздегі, кейін жергілікті телеарнадағы еселі еңбектің арқасында көрермендер алғаш рет тың жобаның куәгері болмақ. Оның түсіріліміне облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы Ғалымжан Ысқақов, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Қасенов және Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғалымдар тобы қатысқан еді. Мамандар Жылыой ауданындағы – Қайнар, Доңызтау, Қарашүңгіл, Иманқара мекендері, Мақат ауданындағы – Таскешу керуен сарайы, Қызылқоға ауданындағы – Алып ана – Түкті ата, Жолайшағыл, Қорғанша тарихи орындары, Махамбет ауданындағы – Сарайшық қаласы мен Алтын қорымы маңындағы Хан тұқымы жерленген зират басында болған. Бағдарламаны әзірлеген журналистер Нұрберген Мақым мен Елнұр Есмұратова мұның барлығы да фильмде жан-жақты қамтылатынына сендірді.

Тұсаукесер рәсімінде сөз алған аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Мұқан өткеннің белгісі іспеттес осынау жоба Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің бастамасымен қолға алынғандығын атап көрсетті.

– Телевизиялық бағдарлама болғанмен, ішінде біраз археологиялық-тарихи мағлұматтар жинақталған. «Өткенді білмей, келешекке жол тарту мүмкін емес» демекші, бізде әлі зерттелмей жатқан дүниелер баршылық. Бүгінгі таңда 313 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Атыраудағы ескерткіштердің оннан бірі ғана тіркеуде тұр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында тарихи-археологиялық орталық жұмыс істеп жатыр. Ондағы тарихи құндылықтарымыздың саны үш мыңнан асып жығылады. Демек, атқарылатын шаруа әлі де қомақты. Алдағы уақытта телевизиялық жоба орталық негізінде қызметін жалғастырады деген ойдамыз,-деген Шыңғыс Жұмабекұлы фильмнің тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көрсетілуін жақсылыққа балады. Бағдарламаны өзі көрмегенмен, қызық мәліметтердің мол екендігіне күмән келтірмеді. «Жоба ғылыми негізде болмаса да, Индер ауданындағы Қылыш деген жерден сармат дәуіріне жататын, барлық сән-салтанатымен жерленген әйелдің мүрдесі табылған. Оның өзі – айтарлықтай жетістік», – деді ол.

 «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры А.Әшімов ұсынысқа бірден қолдау білдіріп, тележобаға қаржылай демеушілік көрсеткені үшін аймақ басшылығына алғысын жеткізді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясында атап көрсеткендей, біз өз тарихымызды ұмытпауымыз керек. Әрқашан кешегіні салмақтамай, келешек қалыптаспайды. Бұл – облыстық телеарнаның биылғы тұңғыш жобасы. Алдағы уақытта қолдау болып жатса, осы өңірдегі белгілі тарихи тұлғалар туралы мәдени-деректі жоба әзірлемекпіз. «Қазақстан-Атырау» телеарнасының мұндай аса мәні бар жобаларды дайындауға мүмкіндігі жетеді,-деп жоспарларымен бөлісті телеарна директоры.

Сонан соң жиналған жұртқа жобаның трейлері ұсынылды. Фильм әлқиссасынан-ақ жас ұрпақты өткенімізді бағалауға тартатын отаншылдық рухта түсірілгенін байқадық. Журналистер «тележобаның тек Атырау облысымен шектелмей, жалпы қазақ тарихымен сабақтасуы қалай?» деп сұраса, енді бірі әуеніне қазақтың қара домбырасының үнін қосқанын қалады. Шыңғыс Жұмабекұлы мұндай жобаны ұлттық арнадан көрсетуді ұсынды. Телеарна басшылығы трейлерге арнайы динамика қолданылғанын, фильм барысында қазақи әуен болатынын айтты.

Белгілі болғандай, «Хазардан-Қазаққа дейін…» атты 10 сериялы деректі фильм 7-16 желтоқсан аралығында «Қазақстан-Атырау» телеарнасының эфирінен көрсетіледі. Көрерменге қолайлы болу үшін жұмыс күндері  22.00 сағатқа, демалыс және мереке күндері 21.00 сағатқа қойылып отыр екен.   Ендеше, жаңа тележобаға сәтті сапар тілейік!

Айбөпе САБЫРОВА.

*Тақырыпқа тұздық

Марат Қасенов, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог:

– Алдымен тележобаның түсіріліміне көмектескен Атырау облысының әкімдігіне ризашылығымды білдіремін. Тарихи-деректі фильмнің түсірілуі тарихқа үлкен бетбұрыс қой. Оның үстіне, жаңа технологиялар қолданылды.

Бүгінгі көрерменді, жастарды ескі сарынмен дайындалған бағдарламамен қызықтыра алмайсың. «Дискавери» телеарнасының мамандары түрлі тарихи орындардың басында қона жатып, небір жаңашыл мәліметтерді ұсынып жатыр. Біздің жоба да осы тектес.

Телеэкспедиция құрамында 13 адам болсақ, оның екеуі – ғалым. Жиырма күн бойы жолда жүріп, жеті ауданды араладық. Жиырмаға жуық тарихи ескерткіш пен сағаналарды зерттедік. Біздің мақсатымыз – тарихи-мәдени сәулеттік ескерткіштерді насихаттау арқылы келешекте оларды тереңірек зерттеуге алғышарттар жасау.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз