Кенже ұлдың кредосы

АПТА: түйін Жаңалықтар

Біздің бұл мақаламыздың кейіпкері Таушов Нариман – күс қол, қара табан жұмысшының баласынан көптің арқа сүйері болар азаматтардың шығуы некен-саяқ деп айтылып қалатын қасаң қағиданың быт-шытын шығарған, ата-анадан ұл болып туғанның бірі де бірегейі.

Кенже __лды__ каааредосы

Өйткені, әкесі Таушов Бақыттың Құрманғазы ауданындағы «Сельхозтехника» аталған мекемеде ұзақ жылдар, дәлірегі 44 жыл  табан аудармастан слесарь болып  жүргенін білетіндердің көзі азайғанымен, әлі де баршылық. Тіл қайтармайтын, әлдебір сом темірлердің ақауын жөндеп, үйреншікті кәсібінен өзгеге алаңы жоқ, мінезі орнықты, кісілігі мол, қайырымды  жан болатын. Ал, анасы Ысқаққызы Нұрзила апай «екі қолға бір күректің» адамы еді. Алдарына біткен азын-аулақ малдың да шаруасын «бұл ер азаматтың еншісіндегі ғой» демей, тап-тұйнақтай етіп қоятын. Құдай тілектерін қабыл қылып, шаңырақтарына 5 қыз, 2 ұл бұйырмыс етті. Демек, Нұрзила апай да – қазақтың алтын құрсақ анасы. Біз әңгімелеп отырған Нариман,  сол жеті баланың ең кенжесі.

Әдетте, кенже бала алдында аға-апалары болғандықтан, еркелеу өсіп, сәл нәрседен шатақ шығарып, қиқарлықты салып жататыны белгілі. Нариманда бәрі де керісінше. Елгезек інілерін бауырлары да соншалықты жақсы көрді. Жеті бала біріміз ұл, екіншіміз қызбыз деп жатпай көнтерлі ата-аналарының қабағын жадыратуға асық болды. Содан  да олар үй тірлігіндегі шаруаға қолғабысқа санаспай, бірге кірісті. Бірі отын жарса, екіншісі тасыды, үшіншісі қара қазанның оты өшпеуін қамдады. Ол уақытта өңешпен келіп, шүмектеп тұратын су түске де енбеген шақ. Көк өзектен белдері майысып су тасуды да өз міндеттеріне алған. Айтқызбай сабақтарын оқып, өз қатарларынан қалмаса, ата-ана мектеп жиналысынан мейірленіп қайтатын.

Ал, кенже ұл Нариман болса қаршадайынан білем дегенін білмей қоймайтын қайсар, ынталы шәкірт атанды. Мектептің қоғамдық жұмыстары мен спорттық шаралардың нақ басынан Нариман Таушовтың табылатыны ұстаздарының әлі күнге есінде. Айтпақшы, Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) ауданының Әлсейіт деген қарапайым ауылында 1967 жылдың 21 қаңтарында әлгі айтқан жұмысшы отбасында жарық дүние есігін ашқан. Еңбекші орта мектебінің 8-сыныбын  5-тік бағаларға бітірген оның  ниеті сол кездегі Гурьев политехникалық техникумына ауады да тұрады. Ақыры сол 1982  жылы осы арнаулы орта оқу орнының студенті атанып, оны 1986 жылы ойдағыдай тәмамдап шығады. Одан әрі жасы келіп, армия қатарына алынады. Соры ма, бағы ма, өзіне беймәлім Ауған еліне кеңестік құрамалар сапына жіберіледі. Бірсөзді, өжет ұлан жауынгерлік қиын тапсырмаларды орындауда сан мәрте ерлігімен көзге түсіп, бірнеше медальдармен марапатталады. Көптің бірі емес, көштің басы болған оны КСРО Бас хатшысы М.С.Горбачевтың өзі қол қойған Құрмет грамотасымен марапаттайды.

1988 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына экономика бөлімі бойынша оқуға түсіп,  1993 жылы бұл оқу орнын экономист-ұйымдастырушы мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдап шығады. Сол институт қабырғасында жүріп-ақ ол топ бастар даралығын дәлелдеп үлгереді. Өйткені, курстың старостасы, жатақхана коменданты сынды жауапкершілігі зор міндеттерде біздің баянымыздың бұл кейіпкері өз қатарластарының алды екендігін әбден мойындатады. Жыл сайынғы каникулда құрылыс отрядтарын басқарып, берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындатып, студенттердің қолына уыс-уыс ақша тигізетін де – командир Нариман Таушов.

1993 жылы институтты үздік бітірген оны Орал қалалық салық басқармасы қалап алады. Талапты жас осы кезден-ақ жасындай жарқырап, әр қырынан ашылады. Нәтижесінде Орал қалалық салық басқармасының  инспекторынан 1999 жылы Батыс Қазақстан облысының салық комитеті төрағасының орынбасары лауазымына дейін жоғарылайды. Республика бойынша салық саласы кадрларының санаулы да сенімді саңлақтарының тізіміне енеді.

Сондықтан да оны жоғары билік 2001 жылдан 2013 жылдар аралығында ең жауапты деген лауазымдарда ұстайды. Атап айтқанда, Маңғыстау облыстық салық комитеті, Батыс Қазақстан облыстық салық комитеті, Батыс Қазақстан облыстық қаржылық бақылау инспекциясы, Атырау облысы бойынша салық департаментінің төрағасы қызметтерінде абыройлы жұмыс жасайды. Оның іскерлігіне бір-ақ дерек мысал болғандай. 2009 жылы Атырау облысы бойынша тұңғыш рет 1 трлн. шамасында түсім жиналып, республикада облысымыз шашасына шаң жұқтырмай ең алдыңғы орынды ұстап тұрды. Бұған жетеғабыл көрсеткіш облысымыздың салық жүйесін Нариман Бақытұлы басқарған жылдардың әрқайсысына тән болатын. 2013-2015 жылдары ол «Аққамыс» компаниясы төрағасының кеңесшісі қызметінде болып, өзінің бизнес саласында да қабілетті екенін дәлелдеп шықты. Міне, 2016 жылдың қаңтар айынан бастап күні бүгінге дейін Атырау облысы бойынша  мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшысы қызметінде. Сөз жоқ, өте жауапты жұмыс. Бірақ, Наримандай білікті де ел мүддесіне  жаны ауыратын жанның қолына тиген тізгін бәсеңсір ме, қайта қатая түсіп, бұл жолы да республика бойынша үздіктер сапында.

Тәуелсіздік мұратты жолда адал еңбегімен танылғандарды үлкен-кіші деп алалаған емес. Бұған да Нариман Таушовтың өткен өмірі куә. Абыройлы да іскерлік қызметінің арқасында Қазақстан Респуликасы Қаржы министрлігінің, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облысы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, Тәуелсіздігіміздің 20, 25 жылдық медальдарымен марапатталып, өзі еңбектенген саланың Алғыс хаттарымен әлденеше қайтара ұлығыланған.

Қай облыстың салық жүйесін басқармасын, Нариман Бақытұлының соңынан әлдекімдердей «ішіп кетті, жеп кетті, жақын танысын өсіріп кетті» емес, керісінше сағынышты сырлар, әдемі естеліктер өріліп жатады. Ол бір кездегі өзіндей талабы тау шығар, іскер, жап-жас інілері мен қарындастарын шәкіртім деп тәрбиелеп, салық қызметінің сан қырына баулып, төселдіріп, әрқайсысын өз орындарына қойып кетті. Ол өзі басқарған ұжымды айрандай ұйыған ауызбірлікте ұстап, ынтымақты іс қана биік межелерге жеткізеріне әріптестерінің көзін жеткізді.

Кейбір еңселі лауазым иелерінің халық алдына елде жоқпен киінген, жанарымен жоғарыны шарлаған паң көріністе келетіні бар. Ал, Бақыттың Нариманы болса, елпілдеп ұшып егделерді көкелеп, не әжелеп, қос қолын ұсына  сәлем беріп, есен-саулығын сұрағыштап, қатар-құрбысымен тең дәрежеде төс қағыстырып жатқаны. Демек, аспандап, астамсып кетпегені. Содан да «бұл Бақыттың баласы ғой» деп елжіреп, жанары босап жатқан қарияларды байқамау әсте мүмкін емес.  Оның «ұлық болсаң, кішік бол»  өмірлік ұстанымы екенін айтпай-ақ ұғынғандайсың.

2002 жыл ойға оралады. Мизам шуағы төгілген, Азғыр тұстан қырдың саумалы аңқылдап жеткен қоңыр күз болатын. Бақыт пен Нұрзиланың отау құрғандары жарты ғасырды салмақтап, «Алтын тойлары» Ганюшкин орталығындағы әсем мейрамханада салтанат құрды. Мұны ұйымдастырған, бауырларының басын біріктіріп, ата-анасын аспанға көтере ардақтаған осы Нариман ұл  болатын. «Армансызбын!» деп еді, сонда Бақыт әке жанары жасаурап, Нариман ұлына ақ батасын төгілдіре беріп жатып, сол қуанышқа ортақ болған біздің де жанарымыз боталап кеткен. «Ақ сүтімді ақтадың» деп еді сонда Нұрзила шешеміз ағыл-тегіл аналық ақ пейілімен ақтарылып.

Соның бәрі – бүгінде санадан өшпес сырлы естеліктер. Өмір осынысымен  де мағыналы сияқты біле білген адамға.

Әрине, азаматтың төңірекке көзі түсіп, өрісінің ұзаруы өмірлік қосағы – жарына байланысты. Бұл жағынан да Нариманның айы оңынан туып, асығы алшысынан түскен. Тәнзила Елегенқызы жұбайлық парызы алдында аласарған жан емес. Өзінің кәсіпкерлік жұмысы бастан асып жатса да үй тірлігі, бала тәрбиесіне келгенде қас-қабағы кіртиіп түн ұйқысын төрт бөлген сәттері мол. Ошақтың үш бұтағындай үш баланы екеуі бірлесе жүріп иман нұрымен ұйытты, зерделеріне ар мен ұяттың сәулесін сіңірді. Білімге құштар болуға, адалдыққа баулыды. Еңбектері еш кетпеді. Төлбасы Диана – ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық құқық  департаментінің бас маманы. Кіші қызы Іңкәр «КазТрансОйл» АҚ-ның Шығыc Қазақстан облысы бойынша филиалының есепші-аудиторы. Нұрдәулет есімді ұлы Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сыныбында үздік оқиды. Міне, көргенді отбасының перзенттері Алла қаласа елінің ұлы қабырғасына бір-бір кірпіш болып қалану сәтінде.

Малмен күнелтісін айырып, көк өзектің балығын қанағат тұтқан Әлсейіт ауылының әлсіз жарығы бүгінде нұрлана түскен. Көгілдір отыны маздап, таза суы шүмектеген дәуренге жетті. Даңқын алысқа жайған ұл-қыздары Тәуелсіздіктің ширек  ғасырында мұратты жолдан табылды. Бірақ, солардың ішінде Нариман ұлдың, баяғы майбалақ, күс қол слесарь Бақыттың баласының  жөні де, бағыты тым бөлек. Оның өмірдегі кредосы – халқына адал қызмет ету.

Отызында орда бұзып, қырығында қамал алғандай ел сүйсінер істер тындырды. Міне, намысты ұл әулетті ғана емес, бар қазақтың аймаңдай азаматы ретінде нардың жүгін көтере елуіне жетіпті. Құтты болсын, құнары мол Құрманғазы топырағының алысқа көсілген қазанаты!

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,  

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Құрманғазы ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған