БИ ӘЛЕМІНІҢ ПЕРИЗАТЫ

Кеше облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан «Татулық» татар-башқұр этномәдени бірлестігінің төрайымы Гүлсина Байкенованы 40 жасқа толуына орай қабылдап, құрмет көрсетті.

 

- Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайту жолында игі бастамаларға жол ашып, татулықтың таптырмас үлгісін көрсетіп отыр. Біздің өңірімізде де осы қағиданы негізге алған барша ұлт өкілдері тұрақтылық пен келісімді паш етіп, этносаралық қарым-қатынасты арттыруға атсалысып жан-жақты қызмет етіп келеді. Осы мақсатта өңіріміздің мәдениетін ілгері дамытуда өлшеусіз үлес қосып келетін Гүлсина Ғарифжанқызының еңбегі зор. Тума талантымен қазақ өнерін шет елдерге танытып келетін өнер иесіне шығармашылық табыс, отбасылық бақыт тілеймін, - деген Шыңғыс Жұмабекұлы өнерімен елге танылған өнер иесін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан арнайы Алғыс хатпен марапаттады.

Өңіріміздегі «Байкеновтер» балет студиясының жетекшісі Гүлсина Байкенованы мерейлі жасымен құттықтауға келген облысымыздағы орыс, славян, казак, корей, грузин, ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің басшылары және балет студиясының өнерпаздары да шынайы көңілден ақтарылған тілектерін жаудырып, гүл шоқтарын табыстады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облысы хатшылығының жетекшісі Еркін Қадырғалиев мерейтой иесіне ақжарма тілегін арнап, әдемі шапанды сыйлады. 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз