Атырауда кірісін көрсетпейтін 651 салық төлеуші анықталды

Жаңалықтар

Atr.kz/18 наурыз, 2020 жыл. Атырау – республиканың донор аймақтарының бірі. Сондықтан, өңірде салық салынатын базаларды кеңейтіп, «көлеңкелі» бизнеске жол бермеу қажет.

Осы және өзге де мәселелер жөнінде облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында кеңінен айтылды.

Облыстық әкімдікте өткен сессия отырысында алдымен Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің былтыр атқарған жұмыстарының есебі қаралды.

«Өткен жылы мемлекеттік бюджетке 1 745,4 млрд. теңге көлемінде белгіленген болжам толығымен орындалды. Жергілікті бюджеттегі түсімде де өсім бар. Департамент салық төлеушілердің есептілігін тұрақты талдайды. Нәтижесінде ағымда айналымы бар, бірақ, кірістерін көрсетпейтін 651 салық төлеуші анықталған. Оның ішінде 42,6 млн. теңге жеке табыс салығы, 28,4 млн. теңге әлеуметтік салық есептеліп, бюджетке өндірілді. Бұдан басқа, заңды тұлғалардың мүлік, жер, көлік құралдарына салынатын салықтар мен жер учаскелерін пайдаланғаны үшін, қоршаған ортаға эмиссиясы үшін төлемдер тексеріліп, есептелген қаражат бюджетке түсті» деді аталған департамент басшысының міндетін атқарушы Ерлан Сағынаев.

Сондай-ақ, жерді жалға беру бойынша кездескен проблемалар талқыға салынды.

«Мәселен, облыстық жер қатынастары басқармасы жер учаскесін жалдау шартын жасасу кезінде қатты пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге лецензия негізінде алынған жер қойнауы учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемді дұрыс есептемейді. Жер пайдаланушылармен уақытылы шарт жасаспайды. Былтыр 5 салық төлеушіге қатты пайдалы қазбаларды өндіру үшін 9 жер учаскесі берілді. Оның жетеуімен келісім-шарт жасалмаған. Төлем мөлшерінің аз есептелген тұстары да бар. Мұның барлығы бюджеттің шығынына әкеліп соғуда» деді Е.Сағынаев.

Осы орайда облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешов аталған мәселелердің алдын алып, жалпы қоғамдағы «көлеңкелі» бизнеспен күресті күшейтуді алға қойды.

Бұдан басқа, жиында қоғамда радикалды діни идеялардың таралуына төтеп бере алатын, діни экстремизмнің алдын алуға белсенді қатыса алатын дінтану, теология, исламтану саласындағы кадрлардың біліктілігін арттыру жайында айтылды.

«Облыста 74 имам қызмет етеді. Жоғары білімді – 21, орта білімді – 19, курс бітіргендер – 34. Бұл ретте жоғары діни білімі бар имамдар 26,6 пайызды ғана құрайды. Осы орайда үш жылдан бері кадрларды даярлауға арналған жобалар жүзеге асуда. Бұл жұмысты әлі де арттыру – басты мақсат. Радикалды көріністерге мүлдем төзбеушілік пен иммунитет қалыптастыруда мамандардың біліктілігін арттыру маңызды. Сондай-ақ, шетелдік күмәнді оқу орындарында білім алып жүргендердің санын азайту керек» дейді облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев.

Сонымен қатар, сессияның күн тәртібінде кәсіптік білім беру саласында бүгінгі еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлауда бірін-бірі қайталайтын мамандықтарды біріктіру, «WorldSkiLLS» қозғалысын облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында дамыту шаралары айтылды. Жиын соңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру саласына зор үлес қосқаны үшін Ерсайын Ихсановқа «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Ал, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Қадырбай Жармұхамбетов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

http://atr.kz/bez-rubriki/dariғa-nazarbaeva-halyққa-үndeu-zhasady/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз