Атырауда 18 наурыз – «Игі істер күні» аталып өтті

img 20210318 wa0082 Жаңалықтар

Қайырымды іс жасау – қашаннан да қазаққа жат емес. 18 наурызға белгіленген «Игі істер күніне» орайластырылған ізгі шара осынау дәстүрдің өміршеңдігін дәлелдей түсті. Атырау облысының іскер әйелдері қауымдастығы қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Қайырымдылық – рухани құндылық» тақырыбындағы ізгілікке үндеген шараға Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова қатынасты.

Қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтап, игі тілегін жолдаған Бақытгүл Қайыржанқызы облыстағы іскер әйелдер қауымдастығының талай ізгі іске ұйытқы болып жүргенін атады. Аталған бірлестікті біраз жылдар бойы табысты басқарған Нұрлы Әйтиеваға және қазіргі басшысы Фатима Төлееваға ризашылығын білдіріп, жақсы істердің әркез жанынан табылып жүрген қауымдастық өкілдеріне алғыс айтты.

«Тәңірден келген тәтті сый тәуелсіздіктің арқасында қазіргі күні табыстарға жетіп, өзгемен иығымызды теңестірер ел болдық. Отыз жыл бұрын ала дорбаны арқалап, егемендігін енді алған еліміздің жүгін бір адамдай тартқан аналарымыздың еңбегі зор» деп, қоғамдағы әйел-аналар ролінің маңызды екенін айрықша атады. «Қай күнде де бір қолымен бесік тербеп, бір қолымен әлемді тербеген әйел-ана, қыз-келіншек, замандас, сіңлілеріміздің көтеріп отырған жүгі жеңіл емес. Оған қоса, іскерлік қырларымен танылған, өздеріне қарап, бой түзейтін, сөздеріне қарап, ой түзейтін алдыңғы қатардағы апалар мен олардың соңынан ерген буынның ізгі істердің басы-қасынан табылып жүргеніне куәміз. Қазіргі таңда адамзатқа керегі – мейірім, бір-бірімізге деген жақсы ниет» деді ол.

Сондай-ақ шара барысында биыл үшінші рет өткізілген «Қайырымдылық керуені» республикалық конкурсының бір топ қатысушыларына Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаеваның «Алғыс Хатын» табыстады. «Асар», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында» аталымдары бойынша марапат иеленгендер қатарында әріптесіміз, журналист Виктор Сутягин де бар. Ол «Қайырымдылық тарихы» номинациясы бойынша Алғыс хат иеленді.    

Шараға ұйытқы болған бірлестік құрамында әркез жақсы істердің басы-қасынан табылып жүрген жандар жетерлік.  Бұл күні де қатынасушылар әлеуметтік аз қамтылған санатқа жататын, ерекше бала тәрбиелеп отырған, жары да І топ мүгедегі Нұрбол Маратұлының отбасына қаржылай қолдау білдірді. Концерттік шара барысында арнайы жәшікке жиылған қаржы аталған отбасыға табысталды.  

Қалалық көркемөнерпаздар концертінде әсем ән шырқалып, күй тартыс кеш көрігін қыздырды. Мың бұралған бишілер мен сырнайшылар, жетігенді жаңғыртқан жас өнерпаздардың шығармашылығына көрермен шын ықыласпен қол соқты.

Қайырымдылық шарасы барысында «Қазақ қызы» академиясының жанынан ашылған «Әсия ханым» бренді қазақы үлгідегі, замануаи стильде кәжекей тігуден тегін шеберлік сыныбын өткізді. Аталған академияның директоры Әсия Мухсинованың айтуынша, былтыр 150 жұмыссыз ананы оқытып, 20-ға жуық ананың өз ісін бастауына себепші болған. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жаңа іс, жаңа саланы меңгергісі келетін жұмыссыз әйел-аналарға мүмкіндік беретін шараларды ұдайы ұйымдастыру – академияның негізгі мақсаттарының бірі.

Гүлжан ӘМІРОВА 

Суретті түсірген: Марина ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз