ЖАҢА ӘКІМДЕРГЕ ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

Басты жаңалық

 

МАҚАТ
Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов алдымен Мақат аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Ауданның болашақ жаңа әкімі Ерболат Омаровпен таныстырды. Өз кезегінде халық қалаулылары мәселені ортаға салып, өңір жетекшісінің ұсынысына бірауыздан қолдау білдірді. Соның негізінде Бақтықожа Салахатдинұлы депутаттардың алдында аудан басшысын тағайындау туралы өкімге қол қойды.
Жергілікті активпен жүздесу де өзара түсіністік жағдайында өтті. Облыс әкімі алдымен кадрлық жаңғырту, облыстың бүгінгі тынысы турасында қысқаша баяндап берді.
– Мақат – үлкен тарихи тұлғалар шыққан, облыс экономикасына елеулі ықпал жасап отырған ауданның бірі. Сондықтан да, аумақты басқару үлкен міндет, жоғары жауапкершілік жүктейді. Тағайындалып отырған әкім осы талаптың үдесінен шығады, адал қызмет етеді деп сенемін. Жалпы, осы орайда айта кетейін, Мақат ауданының жұртшылығымен өткен бұрынғы кездесулерде ұтымды ұсыныс, нақты сауалдар аз қойылмаған. Оның бәрі бүгінде аяқсыз қалмағаны анық. Байшонас, Ескене ауылдарының көшірілуіне байланысты Бәйгетөбе ауылдық округін құру туралы шешім қабылдануы – соның бір дәлелі, – деді облыс әкімі.
Бақтықожа Салахатдинұлы Атыраудың тарихи оқиғалардың қарсаңында тұрғандығына айрықша тоқталды. Соның бастысы – «ғасыр жобасы» деп аталатын «Қашаған» байлығының ел ырыздығына айнала бастауы. Осынау рәсімге Елбасы мен Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмерон қатынаспақшы.
Бұл, расымен де, ерекше сәт болмақ. Өйткені, тәуелсіз елдің тарихында Қазақстанға, оның ішінде Атырауға әлемдік деңгейдегі алпауыт мемлекеттің мұндай үлкен тұлғасы бұрын келмеген екен. Мұның өзі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биік беделінің нәтижесі. Соңғы 30 жылда табылған кеніштің Мақат үшін де зор маңызы бар. Өйткені, жаңадан бой көтерген Ескенедегі «Болашақ» зауыты осы ауданның аумағында.
Активте аумақ жетекшісі кадр мәселесіне айрықша тоқталды.
– Елбасы Жарлығына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің «А» тобына конкурс жарияланған болатын. Соған орай Астанадағы үлкен сында үміткерлер бақтарын сынады. Нәтижесінде, айтарлықтай дайындығын көрсеткендер жүзден жүйрік шықты. Түрлі қызметтерде зор тәжірибе жинақтаған Ерболат Омаров – соның бірі. Ол бұған дейін табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып қызмет жасаған, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Аудандық мәслихат хатшысы Табылды Жолмағанбетов облыс басшысының кадр мәселесіндегі шешіміне орай оң пікірін білдірді.
– Қазақта «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген сөз бар. Сол айтқандай, осында қызмет еткен қай әкім де Елбасының саясаты, облыс басшыларының тапсырмаларын орындауда халдерінше еңбек етті. Жұртшылыққа жақын болды. Жаңа әкім де ел сенімінен шығады деп сенеміз, – деді ол.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Халенов жергілікті басшылардың іскерлігіне, адамгершілік келбетіне өз ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Мақат ауданының бұрынғы әкімі Амангелді Барақатов осы қызметке екі рет тағайындалған-ды. Облыс әкімінің баяндауынша, ол елге көрінетіндей, халықтың көңілінен шығатындай еңбек етті. Бүгінгі Құрманғазы ауданы әкімі басшылығындағы қызметін де табысты атқарып жатқан жайы бар. Үш-төрт айдың көлемінде аудан әкімінің міндетін атқарған Полымбет Хасанов хақында да осынау алқалы жиында жылы пікірлерді көп естідік.

ИНДЕР
Облыс әкімі Индер ауданы активінің жиналысында аудан басшылығына бұған дейін Махамбет ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары болған Серік Арыстановты ұсынды. Ол мәслихат депутаттары тарапынан қолдау тапты.
Актив жиналысында Бақтықожа Салахатдинұлы «жер астындағы алтын сандық» саналатын Индерге қатысты мәселелерді баяндап берді. Соның алғашқысы – Жайықтың сол жақ жағалауындағы жолдың жайы еді. Атыраумен араны қосатын аралықтағы ауқымды жұмыс басталып кеткен. Қазірдің өзінде жолшылар негізгі желінің 20-шақырымына жетіп қалыпты. Дегенмен, оның қандай аралыққа дейін үлгеретіндігі жолшылардың тындырымдылығына байланысты.
– Біз мердігер құрылымға биыл, ең кемі, 100 шақырым жол салу туралы міндет артып отырмыз. Ал, қалған жұмыс келесі жылы жалғасады. Қаржы жеткілікті. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаты дайын. Қалай еткенде де келесі жылдың жазында халық осы жаңа жолмен жүреді деген үміт бар. Дегенмен, басты талап – жолдың сапалы салынуы, – деді әкім.
Ауданның жаңа әкіміне жүктелген екінші міндет – тұрғын үйдің жайы. Облыс басшысының баяндауынша, үстіміздегі жылы 60 пәтерлі үйдің құрылысы басталады. Тұрғын үй салу алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.
Су тазалау қондырғысының проблемасы да өзекті. Бұрынғы жасалғаны істен шыққан. Ескі қондырғының жұмысы халықтың суға деген сұранысын толық қамтамасыз ете алмауда. «Соған қарамастан осы мақсатқа қаржы қаралды, мәселені күн тәртібінен түсірмейміз. Ол толық өз шешімін табады» деді әкім. Жаңа қондырғыны уақытында ел қажетіне жарату, жалпы суға байланысты туындаған қиындықтарды шешу ауданның жаңа әкіміне артылған міндет болғалы тұр.
Активте байырғы журналист Ерсайын Көшек пен ардагер Амантай Бердіғалиевтер орамды ойларын айтты.
– Әкімнің қадамының құтты болуы – елдің бағы. Индердің жұртшылығы ешкімді жатсынған емес, оларды еңбегіне қарап бағалайды. Рас, ауданда осы күнге талай проблемалар қордаланып қалған. Алайда, олар өз ретімен шешілуде. Алдымен, жергілікті халық үшін үлкен маңызы бар көпір пайдалануға берілді. Поселкедегі 14 көп қабатты тұрғын үйдің жайы, жазғы техникалық су мәселесі де реттеліп келеді, – деді олар.
Бұрынғы әкімге ризашылық танытып, жаңа басшыға құтты болсын айтқан ардагер ағаның мына пікірі облыс әкімінің назарын аударды. Индер ауданының тарихында 22 жылда 12 әкім ауысыпты. Бұл – мақтанарлық тұс емес. Өйткені, басшылықтың жиі-жиі өзгеруі жергілікті жердегі жобалардың жүзеге асуына, басталған шаруаның аяқсыз қалуына себепші. Сондықтан, Ерсайын Көшек «әкімдер жиі ауыспаса екен» деген халықтың ұсынысын жеткізді.
Амантай Бердіғалиевтың әңгімесі де кадрларға қатысты болды. Сонымен қатар, ол кісі аудандағы бүгінгі түйткілдерді санамалап берді.
– Ауданда екі жылдан бері құрғақшылық болып тұр. Осыған байланысты шабындық жоқ, шөп тапшы. Биыл көршілес аудандарда да осындай проблема қалыптасқан. Оларда шөп болған күннің өзінде Индерден барып, барды ұқсатуға шаруа қожалықтарының ахуалы келмейді. Мұндай жағдайда алдына бір-екі қарасын салған жалпы жұрт қайтеді? Сонымен қатар, тоқталғым келетіні, ауданда «ИСИ» деген кәсіпорын бар. Олардың ауданның әлеуметтік жағдайына қол созған кезі еске түспейді. Бір шақырымға да асфальт төсеген емес. Халыққа қарайласпайтын құрылымды кім тәртіпке шақырады?- деді ардагер аға.
Жалпы, Индердегі актив жиынында тұшымды әңгіме, ұтымды ұсыныстар көп айтылды. Сондықтан шығар, Бақтықожа Салахатдинұлы аталған мәселелердің аяқсыз қалмайтындығын, алдағы күндері ауданға арнайы келіп, жұртшылықпен жүздесуге уәде берді.

ИСАТАЙ
Облыс әкімінің аудандарға сапары Исатайдың орталығы – Аққыстауда жалғасты. Аудан әкімдігіне мемлекеттік қызметте зор тәжірибесі бар Нұрлыбек Ожаев ұсынылды. Ұсыныс халық қалаулылары тарапынан қолдауға ие болды.
– Әр ауданның өзіндік ерекшелігі бар. Соған байланысты атқарылатын жұмыстар да ауқымды. Осыған дейінгі жүздесуде исатайлықтар аудандық мәдениет үйінің құрылысына қатысты өтініш айтқан. Аталған мәселе бүгінде қаралу үстінде. Қызылүй ауылындағы мектеп құрылысына қатысты да осыны айтуға болады. Жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Құрылыс мезгілінде басталып, ел игілігіне айналады деген үміт бар, – деді әкім.
Аймақ басшысының аузынан тағы бір естігеніміз, биыл Аққыстау, Тұщықұдық, Х.Ерғалиев ауылдарындағы жолдар күрделі жөнделеді. Аққыстауда 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй салынады. Аудан бойынша алты білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізіледі. Атқарылатын осындай жұмыстардың ауқымы исатайлықтардың көңіл-күйін көтеріп тастағанын олардың әңгімесінен байқадық.
Актив жиналысында Исатай ауданының Құрметті азаматы, Жанбай ауылының тұрғыны Қадыржан Мағазов оралымды ой айтты.
– Исатай ауданы – бір жағында шалқыған теңізі, тулаған балығы бар, екінші жағында қазыналы «қара алтыны» да көп қасиетті мекен. Мұнда халықтың тұрмысын көтеруге қажеттінің барлығы да табылады. Ендеше, «бірлігі бар елдің тірлігі бар» демекші, ел-жұрт бірауыз болып біріксе, алынбайтын қамал жоқ деп білемін, – деді ардагер.
Жиынды облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қорытындылап, кадр мәселесінде қолдау танытқандары үшін аудан жұртшылығына ризашылығын білдірді.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған