МАЛ ДӘРІГЕРЛЕРІ КӨЛІКТІ БОЛДЫ

Аптаның алғашқы күні ауыл шаруашылығы мамандары, соның ішінде мал дәрігерлері үшін айтарлықтай қуанышты оқиғамен басталды. Облыс орталығы мен аудандарындағы 64 селолық округ бойынша ветеринарлық қызметпен айналысатын жауапты маманға «Нива» автокөлігінің кілті тапсырылды.

Осыған орайластырылған салтанатты рәсімге облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев қатысып, құттықтады. Содан кейін жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, мұндай шаралардың маңыздылығына тоқталды.
– Бұл – агросектор қызметкерлеріне ғана емес, тұтастай елге жасалып жатқан жақсылық. Өйткені, ауыл шаруашылығы, атап айтқанда, мал шаруашылығы өнімдері мен одан алынатын азық-түлік тауарларының сапасы мен адам денсаулығы үшін қауіпсіздігі бірінші кезекте малдәрігерлік қызметтің мәдениеті мен деңгейіне байланысты. Ал, оны қамтамасыз ету үшін білікті мамандар мен олардың алаңсыз қызмет істеп, еңбек етуіне қолайлы жағдайлар туғызылуы тиіс. Екіншіден, бұл бәсекеге қабілетті өнім шығара отырып, болашақта дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып кірудің де басты және қажетті шарттарының бірі болып табылады,-деді Ғұмар Ислямұлы. – Осы орайда Елбасының бастамасымен, Үкіметтің, қала берді облыс әкімдігінің қолдауымен аталмыш саланы дамыту бағытында көптеген іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұл биыл қабылданған «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасына да енгізілген. Бүгінгі өздеріңіз куә болып отырған салтанатты рәсім – сол кешенді жұмыстың бір парасы ғана. Ендеше, еншілеп жатқан арнаулы автокөліктеріңіз құтты болсын, елдің игілігіне қызмет қылуға жарасын!
Сөзін осындай жылы лебізбен сабақтаған облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев Атырау қаласы мен аудандардың малдәрігерлік бөлімдерінің меңгерушілеріне алғашқы сегіз көліктің кілтін салтанатты жағдайда табыстады.
Одан әрі рәсімді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев жалғастырды.
Көліктердің барлығы да қажеттілігіне қарай жедел ветеринарлық қызмет пен көмек көрсетуге бейімделген дәріханамен, шағын көшпелі зертханамен, тоңазытқыштармен, басқа да құрал-жабдықтармен жарақтандырылған.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз