ҚҰБЫРЛАР АРМАТУРАСЫ ӨЗІМІЗДЕН ШЫҒАДЫ

бұл зауыттың ТМД-да баламасы жоқ

Атырауда құбырлар арматурасы зауыты іске қосылды. Жалпы құны 40 млн.доллар тұратын жоба бойынша ТМД елдерінде теңдесі жоқ өнім шығарылмақ. Жылына отыз мың дана құбыр қақпақшаларын дайындайтын зауыттың ресми ашылу рәсіміне ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров, «Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесі басқарушы директорының орынбасары Имир Боннер, облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысып, салтанатты жағдайда лента қиды. «Индустрияландыру картасына» енген жобаның өнімі коммуналдық кәсіпорындардың қажеттіліктерін өтемек.

Естеріңізде болса, Мемле-кет басшысы мұнайлы өлкеге сапары кезінде Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының бірлескен жобасы – Атырау құбыр арматурасы зауытын аралап, кәсіпорынның іске қосылуына әзірлігімен танысқан еді. Онда заман талабына сай соңғы технологиялармен жабдықталған зауыттың өнімдеріне отандық компаниялар мен жақын шетелдерден сұраныстың жоғары болатындығы айтылған-ды. Өткен сейсенбі күні кәсіпорынның ресми ашылуына қатысқан қонақтар да ТМД елдерінде баламасы жоқ өнімдердің артықшылығына ерекше назар аударды. Ал, меймандарға алдымен зауыттың құрылысы барысынан дайындалған фотокөрме таныстырылды.
Тек облыс қана емес, бүкіл ел тарихындағы маңызды сәтке қатынасуға Италия, Алматы мен Елордадан мәртебелі қонақтар келді. Солардың арасынан бірінші боп сөз алған «Шеврон» компаниясы Еуразия бөлімшесі басқарушы директорының орынбасары Имир Боннер өз әріптестерімен, бизнес-серіктестерімен бірге айтулы шарада жүздесіп отырғанына қуанышты екенін жеткізді. Оның айтуынша, «Шеврон» компаниясы Қазақстан Республикасы экономикасын әртараптандыруды жаңа технологиялар мен бизнес мүмкіндіктерді енгізу арқылы қолдайды. Дүние жүзі стандартының талаптарына сай зауыт коммуналдық шаруашылықта пайдаланатын құбыр арматурасын өндіреді. Өнім әйгілі арматура шығаратын АВК компаниясының (бас кеңсесі Данияда орналасқан-авт.) лицензиясы бойынша жасалынады. Ол ауыз су, газ және ағын сулар, сыртқы және коммуналдық шаруашылық желілерін бөлетін құбырларға орнатуға арналған.
– Полиэтилен құбырларын шығаратын зауыттағыдай кәсіпорынның басқаруы мен пайдаланылуы жергілікті кадрларға беріледі. Соның нәтижесінде, жетпіске тарта жаңа жұмыс орны ашылады. Ал, Қазақстанның өнімдерді өзге елдерге экспорттауға мүмкіндігі артпақ,-деген Имир Боннер еңбек пен қоршаған ортаны қорғау зауыт қызметіндегі маңызды факторлардың бірі болып қала беретіндігін атап көрсетті. Сондай-ақ барлық қызметкерлеріне медициналық қызмет көрсетіліп, кәсіби даярлықтан өтуге жағдай жасалатынын айтты. Сөз соңында ол жобаны іске асыруда қолдағаны үшін ҚР Үкіметі мен Атырау облысы басшылығына алғысын білдірді.
Шеврон компаниясының Қазақстанға келгеніне 20 жыл толуына орай аймақ басшысы атынан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев тілегін айтты.
– Бұл бастама осыдан он жыл бұрын полиэтилен зауытын саларда Елбасының тапсырмасымен қолға алынған еді. Күні бүгінде Шеврон компаниясы біздің өңірде жобасын сәтті жүзеге асырып, жоспарлаған қуатына жетіп отыр. Жаңа құбыр арматурасы зауыты да «Индустрияландыру картасы» бойынша аймақтың индустриалды-инновациялық бағдарламасына енген. Қазірде облыста жалпы құны 1,4 трлн.теңге болатын осы тектес 34 жоба болса, аталған зауыт – биылға межеленген жеті жобаның бірі. Ұлт Көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында еліміздің инвестициялық тартымдылығы артып келеді. Яғни, олар болашаққа сеніммен қарап, кезең-кезеңмен қаражат салып, жаңа жұмыс орындарын ашып, игілікті істерін жалғастырып жатыр, – деген Ғұмар Ислямұлы мұндай жобалар арқылы салық түсімімен қатар, қазақстандық мазмұн да артатынына тоқталды.
Мұнай және газ саласымен қатар Шеврон компаниясы коммуналдық салаға да өнім шығаруға қолғабыс етіп отырған жайы бар. Заманауи технологиялармен дайындалатын зауыт өнімі бірқатар қаражатты үнемдеуге жәрдемдеспек. Қазірдің өзінде оны бірқатар кәсіпорындар пайдаланып үлгерген. Компанияның жергілікті мамандарға басымдық беретінін атап өткен ол шетелде тәжірибеден өткен қазақстандық мамандардың өзгелерден кем түспейтінін мақтан етті.
Құттықтаулар легін әрі қарай ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров жалғады. «Шеврон» компаниясының елімізде 1993 жылдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқанын атап айтқан ол мекеменің Қазақстанға келген алғашқы стратегиялық инвестор екендігін жеткізді. Жиырма жыл ішінде аталған кәсіпорын 33 млрд. АҚШ долларына инвестиция салып үлгерген. Мұнай мен газ секторынан бөлек олар мемлекеттік Үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламаға қатысып, экономиканы әртараптандыруға үлес қосып отырғанын атап айтқан жөн.
– Осыдан он жыл бұрын Атырауда полиэтилен зауыты салынды. 2011 жылы ол жоба кеңейтіліп, жұмыс көлемі екі есеге артты. Енді құбырлар арматурасы зауыты ашылып отыр. Аталған жоба өзге елдерде баламасы жоқтығымен де құнды. Оның үстіне, өнім тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, терможаңғырту, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламаларын жүзеге асыруға мол септігін тигізбек,-деген Ерлан Қартайұлы «Шеврон» компаниясының осы жетістіктерімен тоқтап қалмайтынын айтты. Олар Ақмола облысында құны 250 млн. АҚШ доллары тұратын жел күшімен жұмыс істейтін электр станциясы жобасын іске асырғалы жатыр екен. Сондай-ақ аталған жоба құрылысы «ЭКСПО-2017» көрмесінде маңызды рөл атқармақ. «Біз Шеврон әлі де индустрияландыруға сүбелі үлесін қосады деп сенеміз»,-дей келе, министрлік өкілі Үкімет басшысының орынбасары Әсет Исекешовтің атынан алғысын білдіріп, кәсіпорын қызметіне сәттілік тіледі.
Атап айту керек, зауыт еліміздің коммуналдық саласына аса қажетті өнімді шығаруда даниялық АВК компаниясының жаңашыл технологиясымен қолданады. Бұл компаниялар тобының бас директоры Нильс Кжаер жобаны аяқтау жолында біраз шаруалар атқарылғанын жасырмады. 2008 жылы пилоттық жобасы ғана жасақталып, келісімге келген зауыт бүгінде шарықтау шегіне жетті. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталып, қызметіне кірісті.
– Атырау құбыр арматурасы зауытын салу, қызметкерлерді оқыту тек бір кісінің қолынан келетін жұмыс емес. Ол үшін ұйымшыл топ керек. Бұл ретте осындағы жұмысшыларға ерекше алғысымды айтқым келеді. АВК компаниясы алдағы уақытта шығаратын өнім түрлерін көбейтіп, зауытты кеңейтуге атсалысуға әрқашан дайын. Бүгінде компания табысы 400 млн. еуродан асады. Мұндай жетістікке ұзақмерзімді серіктестермен бірлесіп жұмыс жасау нәтижесінде жетіп отырмыз,-деген Н.Кжаер дүние жүзінде АВК-ның меншігінде арматура шығаратын жиырмадан астам зауыты бар екендігін айтты. Қазақстандағы құбырлар арматурасы нарқының 99 пайызы шет елден әкелінетініне тоқталған ол зауыттың осындай қажеттілікті өтеуге салынғанын жеткізді. Демек, құрылыстың басы-қасы мен жобаның жүзеге асуы жолында аянбай еңбек еткен мамандардың қызметін елеген абзал. Осы ретте компания басшылығы бір топ қызметкерді арнайы сертификаттармен марапаттады. Олардың қатарында Торбен Андерсон, Ерлан Тұржанов, Павел Покотаев, Вячеслав Кандрашихин, Олег Рыжков, Жұмабай Ысмағұлов бар. Компания атынан арнайы сертификат Евгений Легинге ұсынылды. Ал, мәртебелі меймандарға естелік сыйлықтар тарту етілді. Сонымен, көптен күткен сәт – салтанатты жағдайда Ғұмар Дүйсембаев, Имир Боннер, Ерлан Хаиров, Нильс Кжаер лента қию рәсімін жасады.
Осылайша, жаңаша леппен өнім шығаруға бағыт алған зауыт жұмысына қызу кірісіп кетті. Арнайы құралдар бойымен тізбектей шығарылып жатқан тиекшелерде тоқталыс жоқ. Ендеше, біз де Атырау құбыр арматурасы зауытының жұмысына сәттілік тілейік!

Айбөпе САБЫРОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз