Боздақтар рухына тағзым

Басты жаңалық

bozdaktar2ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық сәулет Академиясының профессоры С.Бөкебайдың есімі атыраулықтарға «Исатай-Махамбет» мемориалды кешені жобасының авторы ретінде жақсы таныс. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай пайдалануға берілген кешен қазір Атырау қаласының көрікті және халық демалатын орнына айналды.
Сәулетші Атырауға тағы да тың идеясымен келіпті. Бұл жолы ол Ауған соғысы ардагерлері мен құрбандарына арналған ескерткіш алаңының жобасын ұсынып отыр. Жоба Астанадағы арнайы комиссия қарауынан өтіп, бекітілген. Ескерткіштің жалпы биіктігі 10 метрдей шығыс елінің символикасын білдіретін күмбез тәріздес көмкерілген арка астына биіктігі 3 метрдей мүсін орналасады, онда бір-біріне жонын беріп, қолдарына қару ұстаған екі жауынгер бейнеленген. Сонымен қатар, қызыл жұлдыз Кеңес Одағы кезінде болған оқиғаны білдіреді. Ескерткішке қарай қатарласа тізіліп тұрған құлпытастар біртіндеп төмендей беріп, жермен-жексен болып кетеді. Бұл – Ауған соғысында опат болып, жер жастанған жауынгерлердің қазасын білдіреді. Сондай-ақ, құлпытасқа Ауған соғысына қатысқан және қаза болған жауынгерлердің аты-жөні жазылады. Ал, екі жауынгер мүсінінің алдына қара қызғалдақ бейнесі орналастырылмақ. Бұл да қаралы қазаны білдіретін символикалық композиция.
«Қазархстрой» жобалау-құрылыс компаниясының директоры және жоба авторы С.Бөкебайдың айтуынша, құрылысты жүргізуге 4-5 ай уақыт қажет. Екі жауынгердің мүсіні Қарағанды қаласындағы арнайы мекемеде құйылмақшы, оның өзі біраз уақытты алады екен. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов алдымен құрылыстың сапасына баса көңіл бөлу қажеттігін және мердігер мекеменің жауапкершілікті сезінетін дұрыс мекеме болуын қадап айтты. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың қарашасына дейін құрылысты аяқтауды және айналасын кеңейтіп, халықтың баруына ыңғайлы қылып салуды тапсырды. Ауған соғысы боздақтарына арналған бұл ескерткіш Авангард мөлтекауданындағы қазіргі Жеңіс саябағы тұсындағы жаяу жүргіншілер көпірінің маңынан орын теппекші.

Қосұйым МҰҚАШЕВ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған