БЕШІМ ҚАРТТАН БАСТАЛҒАН БЕРЕКЕ

Мұнайлы өңір шежіресі мұнайшылардың ғұмырымен өріледі десек, бұл отбасының әпсанасы да «қара алтынмен» біте қайнасып, қос ағыстай қатар аққаны аян. Мойыл маржанның селі тасып, ел мерейі артса, бұл әулеттің зәузаты – мұнайдан бақыт тапқан майлы қиянның перзенттері. Бұлай деуіміздің де мәнісі бар. Осы орайда ел аузында аңызға айналған Бешім қарттан басталған тосын да, қызықты оқиға ойға оралады.

… 1926 жылдың жаз айы. Ұшқан қарғасы ғана көзге шалынатын маң дала. Көрші ауылдан келе жатқан Бешім қарт шағылдар арасынан қоңырайған жерді байқайды. Аңғарымпаз ақсақал аттың басын сол жерге бұрды. Әлгі қарауытып жатқанның жиналып қалған қара май екенін көрді. Бешім қарт аттан түсіп,  торсығына  майдан құйып алды. Үйіне келе сала әлгі иісті майды отқа құйып тексереді. Лапылдап жанғанын көріп, «не де болса осы мұнай болар» деп топшылайды.  Оқымаса да,  көзі ашық, көкірегі ояу Бешім қарт мұнай іздеушілер жайлы хабардар-тын. Ол торсықтағы «тапқанын» алып, шалғайдағы Доссорға жол тартады.

Ақсақалды жылыұшырай қарсы алған жергілікті басшылар шағыл арасындағы зерттеу жұмысын сол  кездегі  жас геолог, кейіннен осы саланың білгір ғалымы атанған профессор Петр Авровқа тапсырады. Бешім қарт сенімді жолбасшы болды. Сөйтіп, бұрын бақырауық қойлардың  ғана даусы естілетін даланы барлаушылардың дүбірі басты.

Үміт арада алты жыл өткен соң ғана ақталды. 1932 жылғы 28 қарашада №6 ұңғымадан 450 метр тереңдіктен алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Алғашқы ұңғыма тәулігіне 250 тонна мұнай беріп, ырысын «қара алтыннан» іздегендерді алабөтен қуанышқа кенелтті. Мұнайды тапқан Бешім қартқа құрмет көрсеткен геологтар оған осы кен орнына атау беруін өтінді. Ол бұл жерді «Қосшағыл» деп атауды жөн көрген еді. Себебі түсінікті де.

Кәрі Ембінің өнеркәсіптегі тұңғышы Қосшағыл кен орнын игеру 1935 жылы басталды. Бұл күнге Бешім қарт жетпеді. Десе де, оған «Қосшағыл  кен орнын алғаш ашушы» деген аты аңыз боп қалды. Мұнайлы мекенге жан бітіріп, төсінде қызу еңбек гүрілдеді. Жастар кәсіпшілікке жұмысқа тартылды. Қосшағылдан тұрғын үйлер, мектеп, мәдениет үйі сияқты әлеуметтік нысандар бой көтерді. Үш жылдан соң Жылыой ауданының орталығы Қосшағылға көшіріліп әкелінді. Сол кезде Қосшағыл-Атырау су құбыры, Гурьевтен Орскіге табан тіреген мұнай құбыры, Қосшағыл, Мақат  тар табанды теміржол желісі тартылды. Міне, «торсықтағы қара май» маң жатқан даланы осылайша өндіріс ошағына айналдырған еді.

Содан бері мұнайшылық әулеттің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан династиялық кәсібіне айналды. Бешім Қызылбасовтың балаларының барлығы Қосшағыл кен орнын игеруге атсалысты. Солардың бірі – Ердәулет те Ұлы Отан соғысы жылдарында бұрғышылыққа жұмысқа алынып, кейіннен атақты бұрғышы, бұрғылау шебері, мұнай өндіруші оператор болып абыройлы еңбек етті.

Ердәулет баласы Наурызғалидан үлкен үміт күтті. «Атаң Бешімнің «мұнай тапқан» деген аңыз-аты бар. Енді сенің де оқыған-тоқыған білімді мұнайшы болуың керек» деп үнемі баласының санасына құйып отыратын. Жалғыз сиырын да баласы мектеп бітіріп оқуға түсерде  керек болады деп сақтап отырыпты. Бірақ, қайран әке ол күнге жете алмай, әлгі сиыр оның жерлеу кәдесіне сойылған. Сөйтіп, Наурызғали алғашқы еңбек жолын Комсомол мұнай кәсіпшілігінде көлік жөндеуші болып бастады. «Алтын кездік қап түбінде жатпас» демей ме, келесі жылы ол ұжымдастарының қаржылай қолдауымен Мәскеуге оқуға жол тартады. 1958 жылы Губкин атындағы мұнай-газ институтын инженер-мұнайшы мамандығы бойынша бітіреді. Оқуға білгірлігімен, алғырлығымен танылған қазақтан шыққан жас инженерге ондағылар ғылым жолын жалғастыру үшін Алматыға оқуға жолдама береді. Алайда, Наурызғали: «Елде анам, қарындасым қалды. Оларға мен қараспасам, кім жетілдіреді» деп өзін ауылға жіберуді өтінеді. Мәскеудегілер үлкен қынжылыс білдірсе де, жас маманның тілегін қабыл алады. Туған елге, Қосшағыл кәсіпшілігіне оралған Наурызғали  Бешімов өндіріс қиындығын белшесінен кеше жүріп, қатардағы оператордан өндіріс шебері, бөлім бастығына дейін көтеріледі.

Сол кезде өндірістегі еңбеккерлердің мәдени өміріне зор мән берілетін. Жастар күндіз еңбекте  шыңдалса, кешке көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысатын. Наурызғали  Бешімов те кәсіпшіліктегі бастауыш комсомол комитетінің хатшысы ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

Наурызғали жары Қалышпен де осы мұнай кәсіпшілігінде табысты. Кен орнының гүрілдеп тұрған шағында мұнда тек жігіттер ғана емес, қыздар да көп болды. Қалыштай ару қыздар қаз мойын качалкалар маңында аққудай қалқып жүретін. Міне, осы қыздар өндіріс басына барған кім-кімге де таңдай қақтыратын. Журналист, әрі ақын Сапарбек Сәрсенов пен сазгер Тоқсанбай Құлтумиевтің «Оператор қарындас» деп аталатын әні де осы әсерден туған дегенді айтады білетіндер. Міне, осы әннің нақты кейіпкері – сұлу бойжеткен Қалышты жас жігіт Наурызғали да жанымен сүйіп, жар етеді. Мұнайшылардың маңдай терінің өтеуіндей боп мұнай селі ел қазынасына ағылып жатса, Наурызғали Бешімовтің өмірі де өз арнасымен алға жылжи берді.

Айрықша ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен Наурызғалиды  1969 жылы жаңадан ашылып жатқан «Прорвамұнайгаз» басқармасына басшылыққа жібереді. Үлкен жауапкершілік алдында жүрексінсе де, өз ісінің кәнігі мамандарын ортақ мақсатқа жұмылдыра біледі. Көп кешікпей ит байласа тұрғысыз шалғай мекендегі еңбек дүбірі қызып жүре берді. «Прорвамұнайгаз» Қазақстандағы ең көп өнім беретін кенішке айналды. Бұдан кейін де ол «Құлсарымұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Теңізмұнайгаз» секілді ірі кәсіпорындарға басшылық етті.

Наурызғали Бешімов өмірінің елеулі кезеңінің бірі – Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы басшысы болған шағы. Бұл қызметте ол өзінің осыған дейінгі көрген-түйгенін, білім-білігін, ұйымдастыру, жетекшілік ету қабілеттерін одан әрі ұштады. Билікпен де, бұқарамен де тығыз жұмыс жасай білген басшы Наурызғали туындаған дау-дамайды асырасілтеушілікке салмай, сабырмен салмақтап шешетін. Осынау адал еңбек, маңдай тер елеусіз қалған жоқ. Ол «Құрмет белгісі» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне тақты, Мақат ауданының Құрметті азаматы атанды.

Парасатты Наурызғали Бешімов қайда жүрсе де, қай қызметті атқарса да, өзінің әділдігімен және қарапайымдылығымен танылды. Аудан басшысы боп тұрған кезде тырнақ астынан кір іздеушілер домалақ арыз жазғанда арызды тексеруге келгендер Наурызғали Бешімовтің адалдығы мен адамдығынан еш кінәрат таппай кететін. Наурызғалиды  білетіндердің барлығы «жанам деген жүрекке от беретін, көмек сұраған адамнан жақсылығын аямайтын азамат» дегенді жиі айтады. Мұнайшы Құлсары мұнай-газ өндіру басқармасынан зейнеткерлікке қалғасын да қоғам өмірінен тыс қалған емес. Ол заңды да, осыншама өмірлік мол тәжірибесі бар адамның қоғамға берері әлі көп екені де даусыз.

Бір ғажабы, мұнайшылар әулетінің бастауында тұрған Наурызғали қарттың балаларының барлығы да – мұнай саласының майталмандары. Балалар әке жолын еңбекте ғана емес, өмірде де жалғастырды. Олардың жарлары да – мұнай саласының қызметкерлері. Атап айтсақ, үлкені Сатыбалды – Алматы политехникалық институтын бітірген соң, атасы  Бешім қарт пен әкесі Наурызғали еңбек жолын бастаған Қосшағыл цехында инженер болып ұзақ жылдар еңбек етсе, бүгінде Құлсары мұнай дайындау және айдау цехының басшысы. Кіші баласы Асылбек – Мәскеудің мұнай-газ институтының түлегі, қазір Құлсары мұнай айдау басқармасының бастығы. Қызы Сақина ТШО-да менеджмент саласының маманы болса, екінші қызы Дәрігүл – мұнай дайындау және айдау цехында оператор. Келіндері Ақмамық пен Тоғжан да – мұнай-газ саласының қызметкерлері. Мұнайшы әулетінің үлкені Наурызғали қарттың немерелері, яғни мұнай тапқан Бешім қарттан бастағандағы мұнайшылар әулетінің бесінші буыны да – болашақ мұнай саласының мамандары.

Әне, ән-күйді де жанындай сүйетін Наурызғали қарт домбыраны күмбірлете шертіп отыр. Жанында бәйбішесі – Қалыш. Бүгінде шөбере қолынан су ішу бұйырған олардың мерейі үстем, көңілдері шат. Отбасы бақыты деген осы емес пе?!

Салтанат ЖАКУПОВА,

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз