ҒҰМЫРЫН ҒЫЛЫМҒА АРНАҒАН АКАДЕМИК ДИАРОВ – 80 ЖАСТА

Өткен сәрсенбіде Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Атырау облысы мен қаласының Құрметті азаматы, профессор Муфтах Диаровтың 80 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс басшылары мен кәсіпорындар жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, т.б. қатысты.

 

Шара барысында алдымен академик Муфтах Диаровтың өнегелі өмірінен үзінділермен көмкерілген шағын бейнефильм көрсетілді. Оны тамашалаған жиналғандар ғұлама ғалымның жастық шағынан бастап, қазіргі қарттық кезіне сәл саяхат жасағандай болды.
Содан соң мерейгер жан жары Раиса Александровнамен бірге сахна төріне көтеріліп, орындарына жайғасты. Абзал ақсақалды торқалы тойымен құттықтау үшін сөз облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке берілді.
Аймақ басшысы өзінің бұл отбасын 40 жылдан аса уақыттан бері білетіндігін айтып, бір кездері қатар қызмет атқарғанын ризашылықпен атап өтті.
– Муфтах Диаров – белгілі ғалым, геология саласына үлкен еңбек сіңірген жан, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы, – оның есімі тек облысқа ғана емес, күллі республикаға мәлім. Осы өңірдің бірінші геолог-академигі. Оның ғылыми еңбектерінде нақты нәтиже, тура тұжырым бар.
Өткен уақытта бір ғылым докторы мен жеті кандидат дайындаған ұстаз. Демек, ғұлама ғалымның ісін кейінгілер лайықты жалғастырып келеді.
Облыс әкімі академиктің өңірдің экологиялық проблемаларын шешуде де сүбелі үлес қосып келе жатқандығын айтты. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде шетелдік және отандық мұнай компаниялары басшылары алдына нақты міндеттер жүктеп жүр.
Сайып келгенде, Муфтах Диаровтың осыншама жетістіктерге қол жеткізуіне, толайым табысқа ие болуына оның өмірлік серігі Раиса Александровнаның сіңіріп отырған еңбегі ерекше. Аймақ басшысы оны да атап өтті. Жан жарын қолдап, оның жемісті жұмыс жасауына барлық жағдайды туғызған анаға ілтипат білдірді.
Сонымен қатар, облыс әкімі ҚР Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің академик Муфтах Диаровты 80 жылдығымен құттықтаған сәлемін де жеткізді.
Сөзінің соңында аймақ басшысы мерейгерге мықты денсаулық, отбасы шаттығын тілеп, іскер азаматтар мен ізбасар інілері атынан темір тұлпардың кілтін табыс етті.
Муфтах Диаров өзінің жиырма жылға жуық уақытын Қазақ мұнай ғылыми-зерттеу геологиялық барлау институтында өткізген, осында докторлық диссертациясын қорғаған. Өзімен бірге Раиса Александровна да жемісті жұмыс жасапты. Міне, осы жайларды атап өткен аталған институт директоры Қосан Тасқынбаев ардагер ағасына лайықты құрмет көрсетті. Жалпы, бұл ұжымнан еліміздің үш министрі, бір академигі мен бірнеше мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары шыққан екен.
Қ.Тасқынбаев мерейгерге Қазақстан геологтар қоғамы төрағасы Балтабек Қуандықовтың құттықтау хатын табыс етті.
Өз құттықтауында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Бейбіт Мамраев академиктің аталған оқу орнының Құрметті профессоры атағына ие болғанын жария етті.
Жиналғандар алдында мерейгерді құттықтаған Астана қаласының, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері И.Тасмағамбетовтің, А.Айдарбаев пен Н.Ноғаевтың жеделхаттары оқылды.
Атырау мұнай-газ институтының ректоры Дүйсембек Құлжанов осы оқу орнында ширек ғасырға жуық жұмыс жасап келе жатқан академик еңбегін ерекше бағалады. Оның «бүгінгі той – тек атыраулықтардың ғана емес, күллі алаш азаматының тойы» деуі де асыра айтқандық емес.
Өзі де үлкен ғалым Д.Құлжанов бұған дейін мерейгерге арналған «Экология және мұнай-газ кешені» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілгенін, оған Ресей мен Әзірбайжаннан өкілдер қатысқанын айтып өтті. Академикпен бірқатар оқу орындары мен еңбек ұжымдарында кездесулер ұйымдастырылған.
Ғұлама ғалымды мерейтойымен өзге де ғылымдағы әріптестері мен ізбасар інілері құттықтады. Бәрі де абзал ақсақалға мықты денсаулық, ұзақ өмір тіледі.
…Міне, бар саналы ғұмырын ғылымға арнаған, жігер-күшін туған жерін түлетуге жұмсаған академик Муфтах Диаровтың 80 жылдығы осылай аталып өтті. Оның барысында жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз