ЖЕҢІС ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕНДЕР

Тарихтың ақтаңдақ беттерінде жазылған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толуына орай «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы  облыстық филиалында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Оған партия мүшелерімен қатар, политехникалық колледж студенттері де қатысты. Шара қатысушылары ардагерлерден майдан жылдарындағы кезең туралы мол мағлұмат білді.

– Бүгінгі ұрпақ аға буын ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Бұл Жеңіс тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек.  Бүгін Сіздермен кездесе отырып сол жылдардағы ерлік пен елдікті танытқан қайсарлықтарыңызға бас иеміз, – деген партияның облыстық филиалы төрағасы Ермекқали Юсупов шараның ел басына күн туғанда елді, жерді жау қолына бермеу үшін жанталасқан кешегі аға толқынның ерлік ісін өскелең ұрпаққа түсіндіру, кеңінен насихаттау мақсатында өтіп отырғанын айтты.

Шарада майдангерлер сол зұлмат жылдардың ауыртпалығы мен бастан кешкен оқиғалар, майдан өмірі туралы әңгімеледі. Кескілескен ұрыс даласында қан кешкен жылдарын қинала тұрып  еске алды.

Тылда еңбек еткендердің де еңбегі өлшеусіз. «Анамыз таңнан кешке дейін егіс алқабында қызмет етті. Кешкісін майдандағы азаматтарға қолғап, шұлық тоқып отыратын. Ал, біз бала болсақ та таңмен тұрып, жастайымыздан еңбекке араластық. «Шаршадым», «қиын» деген кезім есімде жоқ. Жүн түтіп, одан тоқыма тоқып үйреніп, анамызға көмектесетінбіз, – деп  өткеніне ой жүгірткен Құрымбай Нұрмағамбетов ел басына күн туған шақта қаршадай болса да  қой бағып, пішен шапқанын  айтты.

Кеш барысында жеңіс туын желбіреткен жандардың әсерлі әңгімесінен кейін қалалық мәслихат депутаты Серік Ерубаев абзал арыста­рымыздың Жеңісті жақындатуға майдан даласында, тылда қосқан өлшеусіз үлестеріне алғысын білдірді. Одан соң Ермекқали Төлепқалиұлы ардагерлерге Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтарын, гүл шоқтарын ұсынды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз