БАЛАЛЫҚ ШАҒЫМЫЗ БАСҚАША БОЛҒАН

Қазірде «тыл ардагерлері» тобына қосылған біздің тұрғыластарымыздың қай-қайсысы да соғыс жылдарындағы өмір көріністерін еске алғанда, «біздерде балалық шақ дейтін болған жоқ» деп әңгіме бастайды. Мен өзім бұл тұжырымға толықтай қосылмаймын. 

 Құмаршық қаққан күндер-ай…

Біріншіден, бұл сөздер өз мағынасында айтылып тұрған жоқ. Жарық дүниеге пенде болып келген жанның бәрінде де сәби шақ, балалық шақ, жастық шақ дейтін өмірдің өсу кезеңдері болады. Ендеше, осы кезге дейін (70-80 жастардан асқандарға қаратып айтамын) пәни дүниеде баянды тіршілік кешіп келе жатырған пенделердің қай-қайсысы да әлгінде аталған сияқты «шақтардың» барлығын бастарынан кешіп, өмірдің биік сатысы – кәрілік шаққа жетіп отыр. Ендеше, оларда балалық шақ дейтін тіршілік кезеңі болмауы мүмкін емес қой. Рас, олар «балалық шағымыз болған жоқ» дегенде ертеден кешке дейін шапқылайтын ойын балалары бола алмағандарын, ән салып, би билеп, күнде думан, сауық-той көре алмағандарын, аштықта, жоқшылықта, қиыншылықта тіршілік көргендерін айтпақ болғандары ғой. Өміріміздің ондай жалаңаш, жұтаң жағдайлары болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Дұрысы, сол аштық, жалаңаштық бақандай бес жылға жалғасты. Аш-жалаңаш тіршілікте адамдар ауырды, өлді. Бірақ, барлығы емес, қайсарлар, қуаттылар төзді, қарап жүріп өлмеудің қамын жасады.

Біздер өмірдің қатал да, қуатты мектебінде шыңдалдық. Қатал тәртіп тәрбиенің тірегіне айналды. Мұның өзі сана-сезім, ой-парасаттың ерте қалыптасуына, жетілуіне жетеледі. Жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды бала болсақ та пайымдай алатын болдық. Адамдар өте саналы, байсалды еді, өтірік, ұрлық дейтіндер болмақ түгілі, ондай сөздерді естімей-ақ өстік. Темір тәртіп – таза тірліктің арнасын ашты. Ержетіп, есейе келе біздер өзімізді бақытты жандармыз деп сезіндік. Өйткені, жанымыз да, арымыз да таза еді. Біздің тұрғыластарымыздың арасында ұрылар, сотталғандар, қылмыс жасағандар, басқа да жат қылыққа барғандар болған жоқ. Бәрімізде де ерекше бір өмірге құштарлық болды. Қолы жеткендер оқудың соңына түсті, ондай бақытқа іліге алмағандар білек түріп, еңбекке кірісті. Кешегі өткен ғасырдың 70-80 жылдарында өңірлеріне қос-қостап орден таққандар сол соғыс жылдарында «балалық шақтары болмағандар» еді. Кереметтің көкесін қыздарымыз көрсетті. Қылымсыған қыздар болып көлбеңдеп, құлпырып өспесе де, олар махаббаттың мұнарасына көтерілген періште бәйбішелер атанды, олардың әрқайсысы өмірге оннан астам перзент әкеліп «Батыр Ана», «Алтын алқалы Ана» дейтін атауларды сол «балалық шақтары болмаған» қыздар жасады.

1941 жылы соғыс басталғанда мен тоғыз жасқа қадам басқан бала едім. Әкем мені алты жасымда атқа мінгізіп үйретті. Сегіз жасымда ерттеп берген атқа мініп өрістегі малды айдап келуге жарадым. Тоғыз жасымда өзекке сетке құрып, балық аулайтындарға көмекке қосылдым. Осы тұста анығын атайын – біздің жерімізде адамдарды табиғаттың өзі асырады. Нарынның түстік етегіндегі шағылдарда қияқ пен құмаршық қалың өсетін. Қияқтың дәнді сабақтарын «сұлыбас» деп атады. Оны әбден кептіріп, құрғатып алып, ағаш астауға салып балтаның «желкесімен» ұрғылайды. Үгітілген қоқымды жел бар кезде жоғарыдан төмен сыздықтатып төгеді, оны ақтау деп атайды. Қоқым, қауыздар желмен ұшып кетеді де, дәндері жайып қойған ыдысқа үйіле береді. Бейне қырманға жиналған бидай сияқты ғой. Бірақ сұлыбас бидайдан өзгеше, оның сыртында қатты қабығы болады, оны арнайы жасалған ағаш келіге салып түйеді. Сонда қабығы жыртылып, таза дәндері шығады. Енді оны темір келіге салып түйіп жармалайды. Осы жармадан, құмаршықтан қайнатып пісірілген көжелерге қаймағы айырылмаған сүтті құйып ішкенде тірі ағзаға керекті дәрумендердің барлығы адам ағзасына таралатынын қазақ ғалымдары талай мәрте жазды.

Ең қиын жұмыс – жалғыз отырып, диірменге құмаршық тарту еді. Құмаршықты күзде қазан айында қағады. Бірер айдай мезгіл керек. Екі-үш адам бірігіп қостанып шығады, жағдайы болғандар жеке отбасымен келеді. Әкеміз, ағамыз соғысқа кетіп қалған, анамыз мені құмаршық қағудан қалдырмайды. Мен мектептің бірінші класына барғанымда өз бетіммен газет оқи алатын дәрежеде болғанымды жазып жүрмін ғой. Соған қарай ма, әлде анамыз айтып, сұрап ала ма, әйтеуір мұғалімдерім қайдасың, қашан келесің деп жатпайды. Тоқсан сайын сол көрініс – «оқу озаты» тобында тұрамын.

Сонымен, үш-төрт әйел бірігіп, құмаршық қағуға шығады. Анам мені де қалдырмайды, маған тірелетін үлкен жұмыс бар. Ертеңгілік ересек адамдар құмаршық қағуға кеткенде, маған бір табақ ақталған, тазаланған құмаршықты диірменде тартып қою міндеттеледі. Олар жұмыстарынан келгенде тартылған құмаршықтан (ұнынан) бір-екі таба нан пісіре қояды. От жағылған соң қазанға тағы бір табақ құмаршықты қуырып алады. Мен оны да диірменге тартамын. Одан шыққан өнімді «талқан» деп атайды. Оны солай жей береді. Егер сұйық қаймаққа былғаса, астың асылы сол дерсіз. Жұмыстан келгендер құмаршық көжелерін ішіп, талқанға тойып алған соң, шеттерінен «бізді асырап отырған осы бала» деп мені мақтағаннан ішімді кептіріп қояды. 

Шыжыған  шілде, шиқылдаған шығыр

1943 жылы он жасқа толғанымда мені колхоздың бір мүшесіндей ұстайтын болды. Жалғыз мені емес, барлық ұл мен қыздың үйде қарап отыратыны болмайды. Сабақ аяқталып, жазғы каникул басталғанда оқу баласының барлығы колхоздың жұмысына қатысады. Сауын фермасында бұзау бағады, пішеншілерге көмектеседі, бірқатары егінде істейді. Мен бұл саладағы жұмысты көктем шыға бастағанмын. Ол кезде біздің «Жаңа талап» колхозы (Дәшін ауылындағы) егінді көп салатын. Көбіне тары егеді. Жерін жыртып, тұқымын сеуіп тастағаннан кейін егістікке басқа күтімнің керегі болмайды, егістік суғарылмайды, тарының арасына арамшөп те өспейді. Ол күнде егістікті қоршайтын жағдай жоқ, күні-түні оны малдан қорғайтын қорықшылар көзден таса қылмайды.

Есенбай деген арал бар. Тарихшы, шежіре қарт Ауатанов Тайырдың атақоныстары еді. Әкесі Ауатан дәулетті адам болған. Оның қыстауының қасында «Ауатан көлі» дейтін болды, оны көргендер, білетіндер әлі де бар шығар. Су тартылды, балығы бұлқынып, жағалай қалың іржәнік (қой сүйіп жейтін шөп – Авт.) өсетін көрікті көл енді боз топырағы бұрқылдаған ақсортаң далаға айналған.

Сол 1943 жылы «Ауатан көліне» айнала екі гектар жерге тары егу белгіленді. Жер жыртатын адам жоқ. Егіннің бригадирі Кенжин Смағұл деген ақылды шал болды. Жыртылған жерге тарының тұқымын өзі себеді, өзі тырмалатады, қорықшыны да өзі табады. Тек қос өгізге жегілген темір түренді шебер ұстап, жерді қалай жырту керектігін жақсы білетін тәжірибесі бар адам керек. Смағұл ата анамыз Тәжіханға келіп қолқа салды. «Егінде көп істедің, жер жыртудың жайын жақсы білесің. Бар болғаны екі гектар жер ғой, анау балаң екеуің жасап тастай аласыңдар» деді. Келістік. Пұлыққа қос егіз жегіледі, (ол кезде өгіздерді де мұрындықтайды, атпен бірдей арбаға да жегеді, тіпті үстіне теңдеп тұрып жүк те артады). Шаршайсың, аяғың талады. Бірақ, ол кезде ешкім де қиындыққа елең қылмайды. Айтылды болды, орындалуы керек. Көңіл соған көндіккен. Сол тәртіп, сол ұйымшылдық қандай қиындықты жеңуге болатынын көрсетті.

Сонымен, «Ауатан көліндегі» белгіленген жер жыртылды, тұқым себілді, егістікті қорықшылар қарайтын болды. Мен мектептегі сабағымды жалғастырдым. «Иманғалиев, сен жоқта өтілген тақырыптарды мұқият оқып ал» дейді мұғалима апай. Менің қайда болғанымды, не істегенімді сұрамайды, сірә, өздері де біліп отырған сияқты.

Анау-мынау дегенше жазғы каникул болып қалады. Бір топ бала (ұл, қызы аралас) егінгебөліндік. Мен шығыр айдаймын, қыздар егін суғарады, екі бала егіннен қарға, торғайды үркітетін сақпаншы. Қазіргі Дәшін ауылының ортадағы бөлегінің (Шора, Көкарна өзендерінің ортасындағы) шығыс маңдайын бір жіңішке өзек жиектеп өтеді. Ол кезде су көп, жазда бір метр тереңдіктегі суы сарқылмайтын. Оны «Тар өзек» деп атайтын. Қазірде көктемде Еділ тасығанда аздап су жүгіреді, жылдың басқа мезгілінде құрғап қалады. Сарқылған суымен бірге оның «Тар өзек» деген аты да өшіпті.

«Тар өзектің» орта иінінде Қарақамыс бетте Дәулеш атаның, оған тұспа-тұс Шораның жағасында Салқан атаның үйлері болды. Екеуі де жастары алпысқа таяп қалған, майданға шақырылмаған жандар-тұғын. Бірақ, осы екі кісі «Жаңа талап» колхозының өндірістік базасы сияқты көрінетін. Дәулеш – ағаш шебері, Салқан – ұста, көрігі бар, темір-терсекті терідей илейді.

Осы екі қарт шығыр жасайды. Сонымен енді «шығыршы бала» атандым. Салқан ата өгізді әкеліп айналмалы тұғырға жегіп береді, кейде атты пайдаланамыз. Олардың қай-қайсысы да ондай жұмысқа үйретілген, көндіккен. Туламайды, бір бағыттағы аяңымен тұғырды айналып жүре береді. Егінімізде көкөніс түрлерінің барлығы болады. Халықтың егін өнімдерімен, малдың сүтімен күн көріп отырған кезі, қолы жеткендер ептеп балық аулайды. Адамдардың пейілі кең, бір-біріне қамқорлыққа әзір. Біреу екі балық әкелсе де көршісімен бірге пайдаланады, сауын сиыры барлардың үйіне келген адамға бір тостаған айраны әзір тұрады. Ал, егіннің өнімі мұқият есепте. Өзіміз ортасында жүргенімізбен қауын мен қарбызды жегізбейді. Оны мұқият жинап, Ганюшкиндегі колхоздың дүңгіршегіне қайықпен жөнелтеді. Одан түскен қаражат шаруашылықтың қажетіне жұмсалады. Әйтеуір, тиынға тиын соққан мұқият есеп. Егінде жұмыс жасайтын балаларға қияр мен қызанақты тойғанша жеуге рұқсат, бірақ үйге алып кетуге болмайды. Әркім егіннен өз бетімен жұлып алып жей беруге де рұқсат жоқ. Үзіліс кезінде барлық бала жиналып отырып, бір орында тамақтанады. «Звеновой» апайдың беріп қойған ескі шелегі бар. Соны бір толтырып қияр мен қызанақ жұлу – норма. Артыққа ысырап жасалмайды.

Міне, біздің балалық шағымызда осындай да көріністер жасалып еді. Дегенмен, осылардың өзі де анаған-мынаған әсіре қызыл әумесер болатын алаңы жоқ, майда қоңыр адал періштелік пе дегендей сағынатын сияқтанасың. Қалай дегенде де балалық шақ – ерекше дәурен ғой, қайта айналып келмейтін қимас тіршілікті бағалау да бір ғанибет. 

Жайдақ ат, жалаңаяқ бала

1944 жылдың жазы. Советтер Одағының жері басқыншы жаудан тазартылып, соғыстың қырғын шайқасы көрші Польша, Венгрия, Румыния, Чехославакия, Австрия сияқты елдердің жеріне ойысқан тұсы. Майданға дамылсыз жөнелтіліп жататын азық-түліктің бірқатары сол елдерден табылатын болуы керек, ауылда ептеп нан көріне бастады, колхоз бірен-саран мал сойып, егіншілерге, пішеншілерге тарататын болды. Есесіне жұмыстың қарқыны бұрынғыдан да үдей түсті. Кеңселерде істейтіндердің қызмет уақыттары үш мезгілге жалғасады, түнгі 12-ге дейін кешкі жұмыс дейтін белгіленді. 15-16 жасқа келгендерді ұл, қыз демей ФЗО-ға (фабрика-завод оқуына) жібереді. Жұмысшы кадрлар керек, соғыста бүлінген халық шаруашылығын шұғыл жолға қоюдың қамы жасалуда екенін үлкендердің әңгімесінен естиміз. Бойында күш-қуаты бар қарттар мен бірқатар қыз-келіншектерді жау қиратып кеткен Сталинград (Волгоград) қаласын қалпына келтіру жұмыстарына жіберді. Сөйтіп, ауылда адам күші әбден азайды. Салмақ балаларға, жасөспірімдерге түсті. Ол кезде бәріміз де жалаңаяқ жүреміз. Аяқ киім жоқ, бар бірдеңелеріңді «ертең сабағыңа киетінің болмай қалады» деп анамыз тығып тастайды. Шабылған шөптің орнында жалаңаяқ жүру – әбден азап. Табаныңа түбір кіреді, тікен қадалады. Үнемі жалаңаш болған соң аяқтың да түрі түр емес, табанымыз қап-қара көн, тілініп, жарылып кетеді, тілінген жерге шөп кіріп кетсе, көзіңнен жас шыққанын білмей қаласың.

Пішен маялаушыларда тыныс алар сәт болмайды. Өздері – ылғи қарттар. Алақандарына түкіріп жіберіп ұзын сапты айырмен пішен көтергендегі күштеріне қайран қаласың. Техника атымен жоқ, бір аралдың шөбін бір маяға тасып беретін жұмыс – жайдақ атта жалаңаяқ отырып шөмелей сүйреттіретін «қара домалақтардың» тындыратын шаруасы. Ол күндегі адамдар адал, әділ жандар болатын. Анаған-мынаған бөле тарту жоқ, ондай жағдай біліне қалса, әңгіме қысқа бірден сотталады.

Сонымен, 1944 жылдың қазан айына дейін үш ай бойына колхоздың мал азығын дайындау жұмысына қатыстық. Енді мектептегі сабағымызға баратын болып әзірленіп, жуынып-шайынып дегендей, кішкене тазалыққа кіріскендей болып жатыр едік, «колхозға шақырып жатыр» деген хабар алдық. Жазда колхозда ұзақ мезгіл жұмыс жасаған балаларға арнайы алғыстарын айтып, азын-шоғын сыйлықтарын жасады. Әбден кедейлікке ұшырап, киер киімдері болмай тұрған алты-жеті ұл мен қызға көйлек-көншек үлестірілді, оқу-жазу құралдары есеппен таратылды. Маған екі оқулық пен бес дәптер бергенде, бар байлықтың ортасына кіріп кеткендей сезіндім. Соғыс басталғалы таза дәптерге жазып көрген жоқ едік. Біреулердің жазған ескі қағаздарына, кітапқа, газетке шимайлаған да күндеріміз болған-ды. Жеңіске жетер күн жақындап, ауыр тіршіліктен арқа жеңілдейтін заман келеріне үмітімізді орнықтырғандай алғашқы қуанышты сәтке осылай жеткенбіз. 

Танылған түлектер

Мен жоғарыда бір ғана «Жаңа талап» колхозында өзім қатысқан және бастан кешкен тыныс-тіршілік төңірегінде есте қалғандарды қозғадым. Дұрысында мұндай қарбалас күндер мен қауырт іс-қимыл бір ғана ауыл емес, тұтастай Қазақстан көлемінде орын алған жағдай еді. Сол кездегі біздер сияқты 10-13 жас аралығындағы бозақайлар демалыс күндерінде, каникул кезінде ауылдағы шаруашылық жұмыстарының қажетіне қарай қатыстырылды. Бұлар тұрақты еңбеккерлер есебіне алынған жоқ. Бірақ, ешкімді үйде қарап отырғызған жоқ. Тіпті, 8-9 жастағы балаларды да бұзау, қозы бағуға шығарды. Ал, 14-16 жастар аралығындағы жасөспірімдер тұрақты еңбекке қатысушылар есебіне алынды. Олардың бірқатары оқудан қол үзуге мәжбүр болды, себебі жұмыс жасап, табыс тауып, тамақ асырап, тіршілік қылуды өмірдің өзі талап етті. Бірақ, ондайлар шеттерінен өңірлерін орден, медальдарға толтырған танымал еңбек саңлақтары қатарына ерте қосылды. Олар соғыс жылдарында есімдері елге танылған түлектер тобында болды. Өрендердің сол патриоттық бастамаларына Жоғары Қолбасшы Иосиф Сталиннің өзі назар аударып, арнайы Алғыс хат жолдағаны бар. Менің 1959-1963 жылдарда аудандық пионерлер үйінің директоры және аудандық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшысы қызметін атқарғаным айтылып, жазылып жүр. Сонда И.Сталиннің Теңіз ауданы пионерлеріне жолдаған хатын мектеп оқушылары арасында кеңінен насихаттап, хат мәтінін аудандық «Социалистік жол» («Серпер») газетіне бірнеше мәрте жариялатып едік.

Ал мынадай құжат болатын: «Қазақ ССР, Гурьев облысы, Теңіз ауданының пионерлері мен мектеп оқушыларына, атап айтқанда, Формула Досалиев, Есен Бисенов, Ғалим Қуанғалиев, Батима Мәженова, Вера Тарасова, Нина Загребина, Римма Спиридонова, Роза Пак, Асылғали Тайпақов, Болат Ысқақов, Таңатар Досаев, Ораз Жұпқалиев, Зайра Сүлманова, Қамеден Сатқанов, Каким Юсупов, Тома Досжанова, Соня Лұқпанова, Жәрдем Қосбергенов, Еркін Жантеміров, Хазира Бисұлтанова, Мүслима Қожаева, Сергей Потемкин, Ақтығали Әбішев, Бәти Рахметов, Идеят Бекмұрзаев және басқаларына!

Танк колоннасын ұйымдастыруға, сөйтіп, Қызыл Армияның қуатын арттыруға көмектескен, 160000 сом қаражат жинап берген Теңіз ауданының пионерлеріне сәлемімді жолдап, оқуда үздік табыстарға ие болуға тілектестігімді білдіремін!»

Жоғары Бас Қолбасшы И.Сталин.

Ақпан, 1944 ж. Москва.

 

Міне, теңіздік өрендердің өнегелі істері осылай ерекше танылғаны ел тарихында қалды. Ол кезде қарақан бастың қамын ойлау, қазіргідей жеке мүддені жалаулатып көтеру болмақ түгілі, адамдардың түсіне де кіріп көрмеген құбылыс еді. Отан үшін, халық үшін деген патриоттық сезім бар мақсат-мүдденің ең биігінен орын алды. Жоғарыда Сталиннің өзі атаған өрендердің өзім жақсы білетін біреуін мысалға келтірсем дедім. Ол – Асылғали Тайпақов. Нарындағы Қошалақ өңірінде дүниеге келді, бар ғұмырын туған топырағында өткізді. Рухани талғамы терең адам болды. Салтанатты, сәнді тұрмыс құрған жоқ, бірақ кейінірек неше мәрте кездессек те, қоңыр үйдің төрінде қолынан «Жұлдыз» журналын тастамай оқып отыратынын көретінбіз. Оның 1943 жылы қашықтағы Қошалақта жүрсе де, аудан патриоттарының қатарына қосылып, танк жасауға қалтасындағы барын ортаға салуы қазірде біреулерге ертегі сияқты көрінер. Талай қалталы, дәулетті адамдар Асылғалидың тұсында да болды. Бірақ, олардың есімдерін енді ешкім де білмейді. «Жақсының аты өлмейді», Асылғалидың рухани ғажап жан дүниесі оның есімін Мәскеуге жеткізді. Сталиннің Алғыс хатында аттары аталғандардың іс-үлгілері ұрпақ тәрбиесінің қайнар бұлағына үлес қосатын рухани құндылыққа айналды. Олардың барлығы да еңселі азаматтар қатарында өмір көшін өткізді, есімдері енді ұрпақтарына мерей.

Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы үлкен-кіші, кәрі-жастың барлығы да ғажап қайсарлықпен, қажымас төзімділікпен, жасымаған жігер-қайратпен адамның рухани қуаттылығын терең де ерен еңбекпен таныта білген жандар болды. Олар Ұлы Жеңіске жетуде өздерінің лайықты үлестерін қоса білді. 1948 жылы қазіргі Құрманғазы ауданының көлемінде тек ауыл шаруашылығында жұмыс жасаған 15 озатқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілуі – нақты дәлел. Қазақтың адуынды, арқалы ақыны Мұқағали Мақатаевтың соғыс жылдары жайында толғанғанда:

Рас, рас көзімізден жас ақты,

Атыздардан тердік талай масақты.

Бірақ, сол бір отты жылдар, өр жылдар,

Бәрімізді бір-бір батыр жасапты, – деп ақиқат жағдайды жыр шумағымен жеткізген. Бұған талас жоқ. Бәрімізді бір-бір батыр жасаған ерекше кезеңде өткен балалық шағымызға өкініш сездіргендей емес, өрлік, өктемдік, мақтаныштылықпен танысақ, бағаласақ ұтарымыз да, ұғындырарымыз да қомақты болатын сияқтанады.

Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз