АҚЖЕЛЕҢ

Жазушы, академик Зейнолла Қабдолов қоғам қайраткері, ел таныған азамат Құлшәріп Өміршиннің адамдық болмысын «Ақжелең» деген бір-ақ сөзбен сипаттаған екен. «Ол өмірде бір нәрсеге опынып еңсесі түсу түгілі, өкініп қабақ шыту дегенді білмейтін адал, ішкі сыры мен шынайылығы сыртқы түрінде тұратын, бетінен иманы, көзінен күлкі кетпейтін адам еді» деп бағалаған екен...

Қ.Өміршиннің өткен өмір жолы – үлкен мектеп. Ол 1913 жылы Қызылқоға ауданының Тайсойған өңірінде Қарабау ауылында дүниеге келген. Аяпберген мектебінен тіл сындырып, нағашы жұртын жағалай жүріп, білімін Ойылда жалғастырады да, жеті жылдық мектепті тәмамдайды.
Өткен ғасырда бұл білімнің өзі үлкен жетістік саналатын. Қарабауға қанаттас жатқан Тайпаққа барып, ауылдық кеңестің хатшысы, аудандық комсомол комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқарады. Жоғары билік органның жолдауымен Ақтөбе облысының Ойыл ауданында комсомол комитетін басқарушы, бюро мүшесі болады. 1927 жылы партия кеңес мектебіне жіберіліп, тәмамдаған соң, Ақтөбе облысының Жетіқара, Қарабұтақ аудандық комсомол ұйымдарын басқарады. 1935 жылы НКВД кавалериялық полк құрамына әскерге алынып, әуелі курсант, кейін взвод командирінің көмекшісі болады. Әскери қызметті аяқтаған соң, жастар ұйымына жетекшіліктен бастап, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің пленум мүшесі, партия нұсқаушысы, хатшы, меңгеруші қызметтеріне дейін жоғарылатылады.
Ұлы Отан соғысы басталғанда әскери атағы мен бөлім бас-қарғанын ескеріп, Ақтөбеде құрылған 312 атқыштар дивизиясының барлау ротасының саяси жетекшісі болып тағайындалады. Бұл құрамға алынғандар қатарында Ж.Әлпейісов, В.Пананайский, Т.Школьников, Я.Малиновский сынды облыстық партия комитетінің хатшылары, лауазымды жұмыстағы азаматтар болған.
Кезекті бір ұрыс Ленинград майданының Старая Русса деген жерінде өтеді. Сол шақта ауыр жарақатына, басшы-генералдардың майдан шебінен қашып кетуіне қарамастан сол кездегі саяси басқарма бастығы Емельяновтың басқаруымен өз алдына полк құрылып, командир қызметін атқарады. Ал, 1942 жылдың сәуірінде ол құрған әскери құрамалар қатары көбейіп, жаудан қаланы қорғайды. Сол жылы Қырым майданында батальон комиссары, кейін Новосибирскідегі 217-ші полкта батальон комиссары қызметін атқарады. 1943 жылдың наурызына дейін Н.Петров бастаған 53-ші Армия құрамында болып, 1944 жылдың ақпан айында жаудың ірі ұшақ алаңындағы тоғыз ұшақ, 200 солдат- офицерлерін қолға түсіреді. Одан кейін Корсунь-Шевченко тобын да жояды. Осы ұрыстардағы ұйымдастыру, басқарудағы ерлігі үшін I дәрежелі Отан соғысы орденін алған. Ізінше 142 биіктікті алғаны үшін Ұлы Отан соғысының II дәрежелі орденімен марапатталады.
Сөйтіп, құрамында жерлесіміз Құлшәріп Өміршин бар әскери полк, дивизия Украинаның Сума, Полтава, Киев, Белоцерковь қалаларын неміс фашистерінен босатады. Сол жылы наурыз айында шетел шекарасына Пруд өзеніне шығып Бухарест, Будапешт және басқа да қалаларды азат етуге қатысады. Сол сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдарында тоғыз рет жаралы болса да, соғыстың соңғы күніне дейін қатардан шықпаған Құлшәріп Өміршин – қандай атақ-даңққа да лайықты тұлға. Соғыстағы ерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті үшін мемлекет және Жоғарғы Әскери басшылық 4 орден, 18 медаль, 42 Құрмет грамоталарымен марапаттаған.
Ұлы Отан соғысынан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіруге араласады. 1949 жылдан бастап 1954 жылға дейін Форт-Шевченко, Бақсай аудандық партия комитеттерінің екінші, Қызылқоға аудандық партия комитетінде бірінші хатшы, Бақсай аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, «Путь Ильича» колхозының төрағасы, Махамбет аудандық автомобильдер жолдары бөлімі басшысы жұмыстарын атқарады.
Зейнеткерлікке шықса да 1981 жылға дейін аудандық құрылыс бөлімін басқарып, өндірістік, қоғамдық жұмыстардан қол үзбеді. Бірнеше рет облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық, аудандық кеңестер депутаты болып сайланған. 1960 жылы «Республика халық ағарту ісінің үздігі» атағын алса, 1983 жылы «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.
Ол, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында Мәскеу қаласы үшін болған ұрыстарға қатысушы ретінде 1968 жылы жарық көрген «Варшава тас жолында» деп аталатын кітап авторларының бірі. Қара сөздің шебері ретінде ел арасында таралған әзіл әңгімелері де бар. Оның қандай тұлға болғаны араласқан азаматтары, армия генералы А.Наумов, Я.Иночкин, еліміздің белгілі қайраткер азаматтары Ж.Әлсейітов, Ә.Сәрсенбаев, Т.Ахтанов, З.Қабдолов, О.Көшеков, А.Досқалиев, А.Айбаров, М.Ғабдісәлімова, С.Бердімұратов, Қ.Есентаев, С.Ахтанов, Б.Қуанышев, А.Кошановтардың естеліктерінде біраз жыл бұрын жарық көрген «Ұлағатты өмір» кітабына топтастырылған.
Жары Нағима екеуінен Райыс, Сәлімжан, Бағытжан атты ұлдары, Райхан, Нұрбике, Нұржамал атты қыздары тарап, немере-шөбере сүйді. Бәрі де заман талабына сай жоғары білім алған.
Жерлесіміз Құлшәріп Өміршин – соғыста да, бейбіт күндерде де Отаны, халқы үшін аянбай еңбек еткен ерекше тұлға, сұрапыл соғыста батыр, ел экономикасын қалыпқа келтіру жолындағы зіл батпан жүкке иығын тосқан қаһарман. Осындай аңызға айналған ардагерлеріміздің өмір жолынан ұрпақтарымыз үлгі алып, көк туымыз тұғырлы, несібеміз берекелі, халқым ғұмырлы болсын деген тілектеміз

Нәсіпқали СӘМЕНОВ,
«Ардагерлер ұйымы»
республикалық қоғамдық бірлестігінің Махамбет аудандық филиалының төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз