«Ерлік жастардың санасынан сөнбеуге тиіс»-Рафхат Ахметов
Биыл Ауған жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына — 35 жыл. Ауған соғысы бір емес, он жылға созылған болатын. Оған КСРО елдерімен қатар Қазақстаннан да 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тауып, 21-і хабарсыз кеткен еді…
Ал, аман қалғаны бүгінгі берекелі бейбіт күндердің шуақты шақтары мен сәулелі сәттерін тамашалап жатқан жайы бар. Солардың бірі – аудан тұрғыны Рафхат Ахметов жаралы жылдарды еске алудың өзі оңай емес екенін жасырмайды.
Ол 1969 жылы 14 тамызда сол кездегі Гурьев облысы Теңіз ауданы Кудряшов селосында дүниеге келген. 1986 жылы Кудряшов атындағы орта мектепті бітіріп, 1986-1987 жылдары Астрахан қаласындағы училищиде білім алған. Сөйтіп, автокраншы мамандығын алып шыққан. 1987 жылы күзде Теңіз аудандық əскери комиссариатының шақыруымен Совет Қарулы күштері қатарына қабылданған. Түркіменстан республикасының Ашхабад қаласында «БМП-2» машинасына наводчик-оператор болып арнайы оқытудан өткен.
«Мен қарапайым қазақ отбасында дүние есігін ашып, қасиетті Құрманғазының киелі топырағында өсіп-өндім. Әкем өмірден өте ерте өтіп кеткен, есімде қалмапты. Анам Күлмаш Ахметова 1931 жылы Кудряшов ауылында туған. Ол да 2005 жылы дүние салды. Өзім 1988-1989 жылдары Кеңес əскерінең Ауғанстандағы шектелуі контигенті құрамында əскери борышымды өтедім. Отан алдындағы асыл парызымды адал атқаруға тырыстым. Ақыры, Ауған жеріне де табан тигізіп, азаматтық борышымды өтеуді жалғастырдым. Қандайма соғыс болмасын және қай жақ жеңіске жетпесін, бәрібір бұл халық жүрегіне жазылмас жара салатын, ұрпақтар есінде мәңгі жатталып қалатын қайғы-қасірет деп ойлаймын. Өткенді еске алу оңай емес. Бірақ, оны ұмытуға да болмайды. Себебі, еліміздің жарқын болашағы мен кемел келешегі үшін қасық қанын төккен батырлардың даңқты ерлігі жастардың санасынан сөнбеуге тиіс» дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.
Елге оралғаннан кейін де Рафхат Рамазанұлы еңбектен қол үзбеді. Ленин колхозында аянбай адал еңбек етті. Содан 2000 жылдан бастап Құрманғазы аудандық ішкі істер бөлімінде де жұмыс жасады. Бұл кезде оның Ауған соғысында жинаған тәжірибесі кәдеге асты. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылса да, халық тыныштығын қорғап, қоғамның қырағы көзді күзетшісіне айналды. Осылай жүргенде 2013 жылы зейнеткерлік демалысқа да шықты. Бүгінде ел мақтанышына айналған ер есімі – аудан тұрғындарының аузынан түспейді. Сірә, «ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген осы болса керек.
Әділет ҚАНАТҰЛЫ
Ауған соғысының ардагері Рафхат Ахметов «Ерлігі үшін», «КСРО қарулы күштеріне – 70 жыл», «Интернационалист-жауынгерге – Ауған халқы атынан», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», «Кеңес əскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына – 15, 20, 25 жыл» жəне басқа да медальдармен марапатталған.