НАРЫНДАҒЫ ЕЛ НЕ ДЕЙДІ?

Селолық округтер мен поселкелер әкімдерінің тұрғындар алдында есеп беру жиындары Исатай ауданында да болып өтті. Басқосуда өткен жылдың қорытындылары айтылып, келер күн еншісіндегі істер жария болды.

ЖАНБАЙЛЫҚТАР ЭКОЛОГИЯҒА АЛАҢДАУЛЫ

Жанбай селосының әкімі Ә.Хайдаровтың айтуынша, өткен жылы селолық округ бойынша көптеген игілікті істер жүзеге асырылған. Әлеуметтік жағдайы төмен жандар мен жалғызілікті қарияларға демеушілік көмектер ұйымдастырылып, оларды азық-түлікпен қамту, газет-журналдарға жаздыру секілді жұмыстар атқарылуда. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы бірнеше адам ақылы жұмысқа тартылып, кәсіби оқуға жіберілген.

 

Шағын бизнес пен орта кәсіпкерлікте де ілгерілеушілік бар. Округ әкімінің баяндамасынан кейін жергілікті тұрғындар өз пікір-ойларын ортаға салды. Ауыл тұрғындары халықтың негізгі тұрмыс көзі мал болғандықтан, малдәрігерлік тексерулердің жүйелі жүргізіліп тұрғанын қалайтындарын жеткізді. Ал, Х.Нәубетов атындағы орта мектептің директоры Ғ.Жиенғазиев жаңа мектеп ғимаратының қажеттігін айтты. Сол секілді жанбайлықтар экологиялық ахуалға алаңдайтындықтарын да атап өтті. Әсіресе, ауылға жақын орналасқан «Потенциал Ойл» ЖШС мен «Жаңаталап» мұнай-газ өндіру цехының ауылдың ауасын ластап отырғандығына қынжылыс білдірген тұрғындар осынау күрделі мәселені шешуге тиісті орындар атсалысып, тұрғындар тұрмысына лайықты жағдай жасалса деген ойларын жеткізді.

ЖОЛ ҚАШАН ЖӨНДЕЛЕДІ?

Жаңа Жанбай елді мекенінде өткен есеп беру жиынында тұрғындар тарапынан көптеген көкейкесті мәселелер көтеріліп, соған орай округ әкімі Е.Насимуллин жауап берді.

Зейнеткер Ғ.Бақытов ауыл халқы үшін өткір тұрған мәселелерді түгел қамтып, қалың қардың кесірінен жолдардың жабылып қалатынын айтып, мал ұрлығы мен өлімі жайлы өзекті жайттарды сөз қылды. Сондай-ақ, электр тогы қуатының әлсіздігі себепті ауылға жаңа трансформатор қажет деген пікір де айтылды.

Ал, аудандық мәслихат депутаты С.Ихсанов өз кезегінде: «Селодағы клуб үйінің тарлығы және оны жөндеу қажеттігі туралы мәселе тиісті орындарға қойылды. Кірмежолды жөндеу жұмыстары таяуда басталады деп күтудеміз. Бұл мәселе үнемі назарда ұсталуда. Жаңа трансформатор орнату, жолды күреу сияқты ұсыныстарыңызды шешуге жұмыстанамыз» деді.

ТҮЗ ТАҒЫСЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚАЖЕТ

Округ әкімі Е.Насимуллин Мыңтөбе елді мекеніндегі тұрғындармен де кездесті. Ауыл тұрғыны Н.Құспанов көп жылдан бері мал өсіруді кәсіп етіп келе жатқанын айтып, осы мақсатпен өткен жылы шаруа қожалығын құрғанын жеткізді. Алға қарай Үкіметтің жеңілдетілген несиесі мен лизингісін пайдалануды жоспарлап отырғанын айта келіп, мал өсірудегі ең үлкен кедергі қасқырлар екеніне тоқталды. «Түз тағыларын аулайтын арнайы топ құрып, бірлесе жұмыс жасамаса, жайылымдағы малға қиындық туып отыр» деді ол. Ал, мал дәрігері С.Ерғазиев Мыңтөбе елді мекені тұрғындарының малын дәрігерлік қамту жағдайы жақсы екенін, тек қыс кезінде жол қатынасы болмай қалатындықтан қажетті техникалармен көмектесу керектігі туралы өтінішін жеткізді.

Осындай ұсыныс-тілектерін білдірген мыңтөбеліктер округ әкімінің жыл ішіндегі атқарған жұмысының есебін мақұлдайтындарын жеткізіп, айтылған жайлардың аяқсыз қалмайтынына сенім білдірді.

Аяпберген САЛИХОВ,
Исатай ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз