МҮМКІНДІК МОЛ, БІРАҚ БЕЛСЕНДІЛІК ТӨМЕН

Өткен аптада облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев облыстық салалық басқарма басшыларынан құрылған топпен бірге Құрманғазы ауданын аралап, түрлі бағдарламалардың жергілікті жерде атқарылу барысымен танысты. 

Сүйіндік селосында тұрғындармен жүздесті. Келесі күні аудан әкімдігінде үлкен жиналыс өткізді. Жиналыста әдеттегідей ұзын хабарламалар тыңдалған жоқ, облыстық басқарма басшылары өз саласы бойынша аудандағы кемшін тұстар мен шешімін күткен мәселелерді талқыға салды.

 ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСЫ КЕШЕУІЛДЕП ЖАТЫР

Алғашқы сөзді облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Ақылбек Байшаханов алды.
– “Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша Құрманғазы ауданында 19 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 4-еуі биыл басталды. 14 нысанды осы жылы тапсыру жоспарланған. 11-нің құрылысы бұрыннан жалғасуда. Алайда атқарылып жатырған құрылыс жұмыстары баяу. Кестеге сай емес. Күні бүгін бөлінген 1 млрд теңгенің 500 миллионы ғана игерілді. Қарқын осылай жалғаса берсе биыл бітпей қалу қаупі бар. Жасалған жұмысқа қаржы кідіріссіз аударылуда. Ганюшкин селосында салынып жатырған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің 10 пайыз жұмысы ғана қалды. Қыркүйектің аяғында толықтай тапсырамыз. Жамбыл ауылындағы өртеніп кеткен Панфилов орта мектебінің құрылысы биыл басталды, қыркүйектің аяғында бітуі керек еді, алайда жоспарға ілесе алмауда. Екі рет ескерту бергенбіз. Кеше барып тағы қарап, екі аптада бітіруді міндеттедік.
Басқармаға барғаннан соң бұл мәселемен айналысып, жұмыс жанданбаса мердігерді ауыстырамыз. Сонымен қатар, құрылысы қолға алынған 5 спорт алаңы құрылысын бұрынғы мердігер аяқтамай кетті. Онымен айналысып жатырған жаңа мердігер – “Армандастар” ЖШС-не екі аптада аяқтау қажеттігі ескертілді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы хабарламашының сөзі тыңдалғаннан кейін: – Жыл аяғы болып қалды. Бөлінген қаржыны игеріп болуларыңыз қажет ғой. “Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша таза су әрбір үйге кіргізіліп берілуі керек. Ол орындалмай, қазір тек көшеге салып кетіп жатырғаны белгілі. Жамбылдағы мектеп не себепті өртенді? Электр желісінен кетсе ақауы күні бұрын неге жойылмаған? Жалпы осы білім ұясының басшылары қайда қараған? Енді балаларды көрші мектепке автобуспен тасып, салғырттықтың салдарынан 388 миллионға жаңа мектеп салудамыз. Жоспарлап қойған жұмыстарымыздағы ақшаны алып, осында жаратудамыз. Облыс әкімінің бірінші орынбасары өз тапсырмасында барлық құрылыстарды жергілікті жердегі азаматтарға беру керектігін айтты. Кеше көргенімізде мектеп құрылысымен айналысып жатырған мердігер ғимараттың әлі бірінші қабатында жүр. Мұнымен жұмыс алға баса ма? Ганюшкиндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенін 20 күн ішінде тапсыру қажет дейсіздер. Маңы ешқандай қоршаусыз, ауылдың бүкіл малы осында жайылуда. Ертең оны қабылдағанда да дұрыстап қараңыздар. Түгел бітпей қабылдап алып, соңынан тағы қаражат шығарып шығындалмайық, -деді.

ЖОЛДЫҢ ДА ЖАЙЫ МӘЗ ЕМЕС

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Аманжан Тәкешев атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталды.
Атырау облысындағы жолдың ұзындығы 2613 шақырым. Оның 973 шақырымы республикалық, қалғаны аудандық маңызы бар жолдар. 286 шақырымы Азғыр өңірінде. Биыл оны күтіп ұстауға 40 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ Ганюшкин, Бірлік, Котяев, Дыңғызыл аралығындағы жолдарды күтіп ұстау жұмыстары жүргізілді. 2011 жылы 1 млрд. 870 млн теңгенің жұмыстары атқарылды. 2012 және 2013 жылы 160 миллион теңге бөлінгендіктен, көпірлер ғана жөнделді. Дәулеткерей-Алға автомобиль жолын жөндеу аудан бюджетінен қаржыландырылуы тиіс.
Осы жерде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев: – Бұл күрделі мәселе. Ресей мен Қазақстанның арасындағы жолдың қазіргі жағдайы өздеріңізге мәлім. Сын көтермейді. Бұған қоса Махамбет селосы тұсына көпір салу қажет, – деді ол. Сондай-ақ ол жолды жөндеу бойынша атқарылған жұмыстарға, бөлінген қаржыға тоқталып, осында келер алдында оның бүгінгі күйі жайында Мәжіліс депутаттарына ақпарат бергендерін жеткізді. Жалпы жолды жақсы күйде ұстау үшін жылына 150 млн. теңге қаражат қажет екен.

АУДАНДА ДӘРІГЕР ЖЕТІСПЕЙДІ

– Құрманғазы ауданындағы денсаулық сақтау саласының бүгінгі өзекті мәселесінің біріншісі – кадр тапшылығы. 18 дәрігер жетіспейді. Екінші мәселе – келген кадрды үймен қамту. Ол шешілмейінше сырттан дәрігер шақырту қиын, – деген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан Өтепқалиев өз сөзінде ауданымызда Жамбыл, Котяев, Көптоғай, ММС, Жыландыда 5 нысан жөндеуден өткенін жеткізіп, басқа да атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев басқа жақтан келген кадрлар тұрақтап қалмайтынын, сондықтан мектептерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, жастарды медициналық оқу орындарында оқуға жіберу қажеттігін ескертті. Келетін мамандарға арнап салынатын 10 үйдің неге кешіктіріліп жатырғанын сұрады. Аудандық білім беру бөлімінен сөйлеген Б.Шурин дәл қазір 8 бала мединституттарға түскенін, 20 студент сол оқу орындарында 2-ші, 4-ші курстарда оқитынынан хабар берді.

МЕКТЕПТЕРДЕ ДЕ МӘСЕЛЕ КӨП

Облыстық білім беру басқармасының бастығы Берікқали Сәрсенғалиев өз саласы бойынша аудандағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Аудан 45 % балабақшамен қамтылған. 2013 жылы бір мектептің құрылысы басталса, келесі жылы тағы бір мектеп пен балабақша салу жоспарымызда тұр. Айта кету керек, салынып жатқан мектеп құрылысы өте жай жүруде. Ағымдағы жылы агротехникалық колледжге де жөндеу жұмыстары жүргізілуде, алайда ол да көңіл толарлық емес. Мердігер мекеме – “ПМК Орал строй” ЖШС он бес күн ішінде жағдайды түзеуді ескерткенімізде 26-шы қазанға дейін аяқтаймыз десе, аудандық агротехникалық колледж директоры Ш.Жәлелов ол жұмыстар 15-ші шілдеде басталғанын, ақауы көп екенін, бір адамнан басқа ешкім көзге түспейтінін жасырмады. Жұмыс жасамаса мердігерді ауыстыру қажеттігін айтқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев:
– Балқұдыққа барғанымызда оқушыларға берілетін тағам мәзірінде көкөніс кірмеген. Күзде бермей жатқанда, қыста қайтпексіздер? Жаздай не бітірдіңіздер? Мұны мектеп директоры, округ әкімі, білім беру бөлімі неге қадағаламайды? Кудряшевта зәулім мектеп көз тартады. Бірақ, спорт залы бос тұр. Балалардың спортпен айналысуын неге ұйымдастырмайсыздар? Жамбыл селосындағы орта мектеп құрылысында балабақшаға орын қарастырылған ба? Болмаса соны қоса салу қажет. 400 миллионға мектеп салып, артынан балабақша қажет дегенді естімейік. Істеген нәрсені қаржы шығарып қайта бұзбай, бірден соны ойластыру керек, – деді.

ЕГІН ЕГУГЕ
ЕНЖАРЛЫҚ БАСЫМ

Келесі кезекте хабарлама жасаған Атырау облысы кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы Л.Жұмағалиева ауданда ҮИИД бағдарламасы бойынша атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев ауданда шағын және орта бизнестің даму қарқыны мәз еместігін айтып, оны жолға қоюды тапсырды.
Бұдан әрі Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы К.Мұқашкерееваның, Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Х.Базарбаевтың Құрманғазы ауданына қатысты хабарламалары тыңдалды.
– Сіздерде картоп салуды ұйымдастыру қажет. Өнім өздеріңізден болса, картоп бүгінгідей келісі 100 теңгеден емес, 65 теңгемен сатылады. Біріншіден, жұмыс орны ашылады. Екіншіден, өз жеріміздің өнімі тіл үйіреді. Шеттен әкелінгендері тез піссін деп химикаттар қосқандықтан денсаулыққа зиянын тигізеді. Махамбет, Индер аудандары жоспарды орындап, өз-өздерін қамтып, картоптың келісін 65 теңгеден ұстауда.
Биыл жаз жайлы болып, шөп қалың шықты. Шабылмаған жерлер жеткілікті. Сондықтан оны қырау түскенше шауып, пішен жинаңыздар. Артығын сатып ақша етесіздер. Мал азығын дайындауға бізде 182 млн. теңге қаралды. Бұл басқа бірде-бір облыста жоқ. Қазір 179 млн. теңгесі бар. Неге оны пайдаланбаймыз? Пішен арзандаса еттің де бағасы түседі.Сүйіндік, Балқұдық жаққа барып осы жұмысты ұйымдастыруды қолға алыңыздар, -деді өз сөзінде Ғұмар Ислямұлы.

ТАПСЫРМА
ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

Ауыл шаруашылығы қорының басшысы Г.Шалағұлова Құрманғазы ауданына 150 млн. теңге бөлінгенін, 2 ұсыныс түскенін, 876 адам 432 млн. теңгенің қаражысын алғанын айтып өтті.
– Ұсынысыңызды қолдаймыз. Ауданда көп жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімі тапсырмаларының жергілікті жерде орындалуын қадағалаймыз. Кеше Сүйіндікке барғанда байқағанымыз халық бәрін өзіміз жасаймыз, тек қаржыны уақытында бөлсе болғаны деп жатыр. Село тап-таза. Басқаларға үлгі етуге болады. Бәріңізге жақсылық тілейміз. Келе жатқан ауданның 85 жылдық мерекесімен бәріңізді құттықтаймын!, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев мәжіліс соңында.

Қанат ҒҰМАРОВ,
Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз