НАРЫННЫҢ НАРТУҒАНЫ ОЙТОЛҒАҚ

Ақ шелектей төңкеріліп Айда қартайды, мен де қартайдым. Орнымыздан жұдырықпен жер тіреп тұрмасақ та біраз жасқа келіппіз. Жақсының шапағатын, жаманның кесепатын көріппіз. Асты – ағын, үсті – толқын тірлік пәнде пақырды қақпақыл ғып ойнамай тұра ма? Ойнасын. Ағып бара жатқан уақыт, қол бұлғап қалып бара жатқан бақыт... Қайсысына жармасарсың?!

Десе де бір өкініш, бір шүкіршілік біраздан бері бізге де серік-тін. Ол – қаз-қаз басқалы ауыз толтырып, ешкімді нағашы деп көрмегеніміз. Тай мініп, тайраңдап өспегеніміз. Үш жұрттың бірі кем. Сол кемнің орнын толтырар бір жан дүниеден өтіпті. Мәлике жүзін көрмесек те дабысы жетті. Даңқы көңіл тойғызды.
Ол – Бақтығали Ғұбайдуллин!
– Әттең, – дедім, – маған нағашы болатын-ақ азамат екен.
Бір адамға нағашы табылар-ау, елге аға табылса. Ең бастысы – Бәкеңнің етекті ел, есті жұртқа аға болғанын айтсаңшы!
Көңіл де көп тарихтың көмбесі ғой. Өткен күндер елесі не дейді? Ол да болған дейді. Кіндігі Нарын құмында, табан ізі тақырында қалған дейді. Атасына бергенді ботасына бермей қала ма? Арғы тегін сұрасаң жеті баулы Беріштің Есені-тін. Бері ойыссаң… Көз алдыңнан көп сурет көлбеңдеп шығады.
Әкесі Ғұбайдолла мен анасы Пәмила. Пәмила әжеміз бұл шаңыраққа оң аяғымен аттаған келін екен. Әкесі жалаугер Исатай батырмен ағайын. Алыс аймаққа кіре тартқан, кіріс көзін тапқан еңбек-қор. Түлік басы деп түйе мен жылқы ұстапты. Қонақ келер деп қой жайыпты. Іргені былғайды деп сиыр мен әлгі шекшек келгірді ұстамаған. Текті әулет. Еншісіне түйе атап, жасауы деп көз арбаған қызыл-жасыл дүниені теңдеп ырғап-жырғап ұзатқан. Келген шаңырағы қоңторғай. Шын көңілмен ұсынған қара шәйдің бетінде бес елі майы болады. Жас келін Ғұбайдолла атамызды дүниесімен емес, парасат, пайымымен, ақыл, ажарымен байытты.
Байытқаны емей немене, атасқан жиырма жылда Ғайни, Қадама есімді екі қыз өмірге әкелген. Әкелсе де асылдың сынығы, ақылдың тұнығы болар бір ұл сүймедік деген уәйім жандарын жегідей жеген. Әсіресе, Пәмила әжемізді… Ақыры, жұбайына «Мен бәйбіше боп отырайын, сен жас тоқал ал. Шаңырағың иесіз қалмасын. Ат ұстар, артыңнан ерер бір шараны Аллекем қияр. Мойнымызға бұршақ салып тілейік» демей ме? Беу, баяғының адамдарының кеңдігіне не берерсің! Кісілігіне не берерсің! Осы оң тілегі шығар, жаттың жатырына жаутаңкөз қылмай араға тағы бір он жыл салып, Бақтығалидың дүние есігін ашқаны. Бұл – 1938 жылдың қыс айы еді.
Ғұбайдолла атамыз да қара жон қайраты, қайырымды жан болған. Теңіз бетінде тербетіліп баркас қайық, кеме мінген. Балық сүзген. Екінші дәрежелі атаман атанған. Алақанынан адал еңбектің иісі аңқып тұрған жан нәпақасыз қала ма? Үйін де, малын да келістіріп ұстаған. Кейін апасы Ғайни әкесімен еріп теңізге шыққан сәтінде кезіккен бір оқиғаны жырдай ғып тізбелеген.
-Ашық теңізде жүзіп келе жаттық. Іргедегі қара бұлт төмен шөге берді. Теңізбен қосылып кетті. Су сорып жатты-ау, деймін. Іле қара дауыл көтеріліп, тау толқындар кемемізді қақпақыл ойнатты. Әупіріммен жағаға әрең шықтық…
1939 жылғы наурыз айы-тын. Атамыз бір топ колхозшымен мұз үстінен итбалық аулауға аттанған. Шанаға шеккен аттары бар. Сүймен, күрек, сойылы бар. Итбалық аулау жан азабы. Соққы жеген хайуанның дәрменсіз шырылдап жылағанын көру… Амал не, кәсіп сол. Заман қиын. Тұрмыс ауыр. Тәртіп қатал. Сенің кісілігің мен түсінігіңе кім қарапты? Бұлар іске кіріскен сәтте мұз үлкен-үлкен бөлікке жарылып кете барады. Сонда шанаға жеккен аттардың аласұрып кісінегені, қалшыл қағып қан сиіп жібергені имандарын ұшырған. Қаңғалақ қақтырып, жел айдап, ажалмен ойнап келе жатқандар ақыры түбектен шыққан. Көрген бейнетін әжім ғып жазып алған сол азаматтардың өршіл рухына еріксіз тағзым дейсің. Қазіргілер ондай жанкешті еңбек етсе… Шаңқылдағанда Алатаудың тасын домалатар еді.
Ғұбекең 1942 жылы майданға аттанған. Желдің өтінде, жардың шетінде жүріп денсаулығы әбден жұқарған. Қолына шақыру қағазын алып, Қамысқалаға келген. Жолай мінген атаны қарашыл ма қайдам, қайта-қайта сүрініп, шөгіп жүрмей қойған. Иесінің қан-қасаптан қайтып оралмасын сезген-ау. Келсе әскери комиссия тарап кетіпті. Майданға сол деміккен ауру қалпында аттандырыпты. Қайтпай қалған боздақтармен бірге олар әлі алға «уралап» барады ғой…
Жалғыздық кейде жалаңдатып жібереді. Бірақ, Бәкең саздауға біткен құба талдай бойлы, сойлы, сабырлы қалпынан жазбаған. Аруақтан қалған ұяттай боп анасы мен апаларына қолқанатқа жараған. Жалпы, бұл әулетке тән қасиет – адалдық пен мейірім еді. Мына бір мысал да соның анық көрінісі дерсіз. Тіміскілеп «халық жауын» іздеген жылдар-тын. Сол кезде осы шаңыраққа әрі туыс, әрі әулиелігі бар Сейіт қарияның басына нәубет төнеді. Қуғынға түседі. Өзге емес, өз ауылдастары сыртқа теуіп, мал-мүлкін талап әкетеді. Бас көтерген азаматтарын тұтқындап, кемпір-шалды аулаққа көшіріп жіберген. Жолайтын жан жоқ. Аштан өлу ғана қалған. Сонда 7-8 жасар апасы Ғайни таң алдында, ымырт үйірілгенде бұта-бұтаның арасымен бой тасалап жүгіріп айран, көже тасыған.
Бұл – әпсана. Бір балалы-шағалы үй өртеніп жатыр екен дейді. Үстінен ұшып бара жатқан қарақұс «одан әрмен өртеніп кетсін» деп аузында тістеп келе жатқан бір түйір жаңқаны тастайды. Іле бір қарлығаш ұшып өтеді. Ол – «балалары шырылдап жатыр-ау, сауабы тиер, өшірейін» деп аузындағы бір ши қасық суын тамызады.
Қарақұстың жаңқасынан ол үй одан әрі өртене түскен жоқ. Қарлығаш құйған судан өше қалған жоқ. Бірақ, әңгіме ниетте ғой. Кәсіпкерлік пен қамқор көңілде жатыр ғой. Сол Ғайни – қарлығаш кейін айтып отырады екен «Мен сол жәдігерлердің батасын алғанмын. Ұрпағымыздың көсегесі көгерер» – деп.
Көгергені емей немене, жалғыз інісі ел ортасында ер жетсе. Көгергені емей немене, тек ер жетіп емес, етекті ел, есті жұрттың алдында белгілі тұлғаға айналса. Иә, Бақтығали Ғұбайдуллин сол абырой биігіне уыстап сыпырған маңдай терімен жеткен. Ойы аласа адамды тау басына шығарып қойсаң да аласа. Ал, арманы биік адамды тақырға қамап қойсаң да биік, еңселі. Олай дейтініміз, алдымен Новобогат МТС-на жөндеуші боп жұмысқа кірген. Кілт пен бұранданың айтысына қаныққан. Кешікпей Гурьев автомектебінде оқып, ауылға жүргізуші боп оралған. Алды – сағым, арты – сағыныш жылдар еді ғой ол! Жігіттің жігіттігімен таласуға болар, бағымен таласуға болмайды. Оның үстіне баталы әулеттің бағланы болса. Кейін Орал ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып бітірді. «Новобогат» совхозында табан аудармай отыз жылдай автогараж меңгерушісі, бас инженер, директордың орынбасары болып қайнаған қызу еңбектің ішінде жүрді. Кезінде совхоз директорлығына да ұсынған. Сонда Бәкең «Жігерлі жас жігіттер өсіп келеді. Нағыз жұмыс жасайтын кездері. Алдын кеспейік. Ағалық ақылымыз әзір. Көмектесейік» – деп солардың біріне жолын берген. Міне, мәрттік! Ат құйрығын түйіп алып жалғыз өзі шапқанды жақсы көретін қазіргі кез үшін бұл әрине, тосын қылық көрінер. Құдайдың өзі тойғызып қойған қанағатшыл адамның қашан да пейілі – үстем, алды – кең емес пе?
Кейіннен он бес жыл бойы аудандық «Сельхозтехника» өндірістік бірлестігіне басшылық жасады. Ғафурадай жар сүйді. Аллекем екі жақсыны қоспайды деуші еді. Періштелер «бір жақсы, бір жаман» деп отыратын көрінеді. Кейде қалғып кетіп «жақсы, жақсы» деп жібереді дейді аңыз. Сол қас-қағым сәтке тап болған-ау дейсің. Әдемі жүз, аялы көз арудан Бауыржан, Абай, Саматтай алтын асықтай ұл, Айгүл, Бағдагүлдей күміс қасықтай қыз сүйді. Досы, арқалы ақын Нұралы Әжіғалиевтің:
Ешкіммен алыспадың жағаласып,
Орынсыз төрге озбадың ағаны асып,
Бірінен бірі тәтті сәби сүйдің,
Жар сүйдің жарқылдаған қабағы ашық, – деп шабыт шақыра жырлауы тегін болмаса керек.
Бүрмелі биші қыздың көйлегіндей беймезгіл заман, дұрысы қоғам аунап жүре берген жоқ па? 1998 жылы Бәкең зейнет демалысына шыққан. Оған дейін басшылық қызметте жүргенде ел-жұртқа пана боп, кем-кетігін толтырып, тіпті Аққыстау селосынан «Селхозтехника» мөлтекауданын өз қолымен салысқан жан пеш түбінде отырып қала ма? Жеке шаруашылықтың жайын ойлаған. Жан-жақты зерделеген. Бұрындау іс бастағандардың жетістігі мен кемшілігін көңіл таразысына салған. Ақыры «Бекет» шаруа қожалығын құрды. Жеп оңды еті жоқ, сауып сүті жоқ малдың қайтарымы аз. Демек, мал тұқымын асылдандыру қажет. Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарындағы ғылыми мекемелермен тәжірибе алмасты. Алқалы жиындарға қатысты. Сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Серік Үмбетов мырзадан қолдау тапты. Алды кең азамат екен. Тіпті, министр басымен ауылға телефон шалып, іс барысын сұраған кісілігін айтсаңшы! Араға бес жыл салып, жылқысы мен еділбай қойы асыл тұқымды деп танылды. Игілігін ел көрді. Осы орайда ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, білгір маман Елемес Абдошевтың қамқор көңілін айтып өту ләзім.
Жақсымен қанаттас қонған, өрелімен сабақтас болған жан мерейі ғой. Мал шаруашылығында да несібесі алысқа шашыраған шаңыраққа айналды. Бақташыларының тұрмысын қаладан айырғысыз етті. Шатырлы ақшаңқан үй, электр жарығы, теледидар, телефон, аста төк молшылық. Қора-қопсы сақадай сай, жем мен пішен үюлі. Тек еңбек ет те, міндет ет! Жыл аралатпай «Үздік шаруа қожалығы», «Жыл кәсіпкері» атанып, асыл тұқымды малы көрмелерде 1, 2 дәрежелі диплом алып жатса, бәрі сол еңбектің өтеуі емес пе?
Барлық пен нарлық бір адамға сирек бітер қасиет. Бақтығали Ғұбайдуллинге осы екеуі де қатар қоныпты. Бірі – еңбекпен, бірі – текпен келген. Ертедегі аузы дуалы қариялар ер жігіттің басына үшеуден артық бітпейді деуші еді. Мен білсем, сол бақ шіркін Бәкең басына төртеу болып бітіпті. Ілкі айтқан барлық пен нарлыққа қоса, ел-жұртына асқан қадірі мен бауырынан өрбіген ұрпағын атаңыз.
Бәкеңнің жетім мен жесірге, қаріп-қасірге жасаған ақшалай, малдай көмегін, сүрінгенге – сүйеніш, жантайғанға – таяныш, тайғанға -таға, тарыққанға – пана болған азаматтығын айтып тауыса алмассыз. Олардың ақтарыл-ған алғысы, жүректегі жырының өзі бір кітапқа жүк болар.
Құйрық-бауыр жескен құдасы, біртуар тұлға Жанай Берқалиев «Бәкең өңірде кім бар дегенде, бірінші ауызға ілінер қадірі асқан азамат болды. Талайдың басына іс түскенде Бәкеңді іздеп бармайтын. Бәкең өзі іздеп тауып, қысқа жерін жалғап, жыртық жерін жамап үйлестіретін… Елі үлкен сыйластықпен «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағын берді. Бірақ, ол марапаттау, әсіре мақтау, көлгірсіп дәріптеулердің біріне де мән бермей, өзінің қарапайым болмысын сақтай білді» деп қалам тербейді. Сөз-ақ қой.
Атырауда жетпіс жылдық мерейтойы дүркіреп өткен. Елдің аузы дуалы, сақалы киелі ақсақалдары, алыс-жақыннан аспанға қараса аузына құс ілінген небір өнер саңлақтары кеп, салтанаттың сәнін асырған. Дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияров жаңа туындысы «Бақтығали-толғауды» шалқытқан. Жүрекке нұр боп сіңген, құлаққа қорғасын боп құйылған.
Әттең!.. Биылғы мерейлі 75 жасына жетпеймін деген жоқ еді ол, жеткізбей кетті-ау сан жылдар.
Жақында ортаншы ұлы Абат Астанаға ұшып бара жатты.
– Әкем кезінде Серік Үмбетовке рахмет айта алмадым дейтін. Өзім барып, әкемнің сол аманатын орындап қайтсам деймін, – деді. Ішім уылжып сала берді. Аэропортта оны ұлы Бектемір шығарып салып тұрды.
Кейінгі ұрпақтары әке жолын жалғастырып, тұяғының ұшына ырыс іліндіріп қана жүрген жоқ екен. Азаматтықтары да айдау жолға түсіпті.
Жақсының басып кеткен ізі де ыстық. Соны сақтай білгенге не жетсін, шіркін!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз