ҚЫР ТӨСІНДЕ ҚАЛҒАН ҚОЛТАҢБА(Эссе)

Қазыналы Атырау аймағында ғибратты ғұмыр кешкен ардақты азаматтар аз болмаған. Өзі өмірден өтсе де, артында көзі, өлмейтін сөзі, өшпес ізі, өнегелі ісі қалған сондай жандардың бірі – Төре Дәулетияров.

Төре Дәулетиярұлымен 1966 жылы қазіргі Құрманғазы (ол кезде Теңіз) ауданы, «Сүйіндік» асыл тұқымды қой совхозына директор болып барғаннан бастап марқұмның өмірінің соңғы жылдарына дейін араласып, жұмыстас, дәмдес, жолдас болып, өзара сыйластықпен өткен азаматтың бірімін. Төкең «Сүйіндік» асыл тұқымды қой совхозына директор болып барғанда мен ферма зоотехнигі болып жұмыс жасайтынмын, содан кейін аға селекционер-зоотехник болып істедім. 1967 жылдың қаңтар айында Құрманғазы ауданының ауылшаруашылық басқармасына бас зоотехник жұмысына ауыстым. Төкеңмен жұмыстас болған кезімде қарапайым шаруаны, соның ішінде мал шаруашылығының қыры мен сырын жақсы білетіндігін, ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары және өз мамандығын жетік білетін кісілігі мен кішілігі мол азамат екендігін байқадым. Оған бір мысал: аталған асыл тұқымды қой совхозы сол жылдары 7000-8000 бастай асыл тұқымды 1,5 жастағы еділбай қойының қошқарлары мен тұсақтарын сатушы еді. 1966 жылы да 7000 бас, оның ішінде 2000 бас қошқарды және 5000 бас аналық тұсақты сату жоспарланған болатын. Сатылатын қойлар темір жол арқылы Ресейдің Жоғарғы Басқұншақ стансасынан тиеліп, сатып алған шаруашылықтарға жөнелтілуші еді. Сол жылы Ресейден малдан ауру шығуына байланысты ұзақ мезгілге карантин жарияланып, темір жол көлігіне мал тиелмейтін болды. Ал, маусым айында облыстың мал тұқымын асылдандыру бірлестігінен сатылатын қой малдарын іріктеп, шілде айынан қалдырмай, Атырауға, сол кездегі Гурьевке жеткізіп беруді тапсырды. Егер шілде айынан мал жеткізілмей кешіксе, онда іріктелген асыл тұқымды малдардың сол жылы сатылмай қалатынын ескертті. Ол кезде 7000 бас қойды таситын автокөлік жоқ, оның үстіне, Атырау түгілі, аудан орталығы Ганюшкинге баратын да жол жоқ-тұғын.

Осы кезде совхоз директо-ры Төкең «әрқайсысы жас жарым шамасындағы бес мың бас тұсақты Үштаған, Айбас, Мыңтөбе, Сарытөбе, Қызылүй арқылы аяқтай айдап, Атырауға апару керек» деп шешті. Директордың шешіміне бас мамандар, ферма меңгерушілері іштей қарсылық білдіріп, «мына ыстықта мал айдау дұрыс болар ма екен, нақақ шөлден қырып аламыз ғой» – деген қауіптерін де білдірді. Бірақ, директор өз шешімін өзгерткен жоқ. Енді осы іске басшы болатын адамдарға келгенде, бас зоотехник іссапарға кететін болды, ферма меңгерушісі ауырып қалды. Сонан Төкең мені шақырып алып сөйлесті. «Сен ферма зоотехнигісің, малдың басына сенің баруың керек», деп өз шешімін айтты, мен қарсылық білдірмедім. Тұсақтарды жоғарыдағы көрсетілген маршрутпен аяқтай айдап, тамыз айының ішінде 35-40 градус ыстықта, қызыл құмның ортасымен, 25 күнде тамыз айының аяғында облыс орталығы – Атырауға жеткізіп, облыстық асыл тұқымды мал бірлестігіне бірде-бір шығын берместен, түгелдей тапсырдым.
Төкеңнің өз ісіне жан-тәнімен берілген, кәсіби деңгейі жоғары білікті маман, шебер ұйымдастырушы, талапшыл басшы ретіндегі қызмет баспалдақтары, есею, өсу, өрлеу жолдары да осы тұстан бастау алады. Әуелден де малдың жайын бір кісідей білетін жас маман бірден «Зауральный» кеңшарына (сол кезде Махамбет ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірінен саналатын) бас зоотехник болып жұмысқа орналасады.
Көп ұзамай Махамбет, Индер, Балықшы, Новобогат аудандарының шаруашылықтары қарайтын аудандық территориялық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне жоғарылатылады. Осында (Махамбетте) екі жылдай қызмет атқарып, жұмысына төселіп қалған іскер жігіттің батылдығын байқаған облыс, қала берді, салалық басқарма басшылығы үлкен сенім артып, сол кезеңнің өзінде-ақ аты аймақ асып, елге әйгіленген Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданындағы «Сүйіндік» асыл тұқымды қой өсіру кеңшарына басшылық қызметке жібереді.
Ол басшылық еткен жылдары кеңшарда жыл сайын 4-5 мың басқа дейін асыл тұқымды еділбай қойы сатылып, аналығының тірілей салмағы 75-80, ал аталық түліктікі 100-120 келіден айналды. Қоғамдық малға қажетті қыстық азық қорының берік қоры жасақталды. Бұл мақсатта шаруашылықта қарабидай, көпжылдық беде, судан шөптері өсіріліп, егістік алқаптың аумағы 15-16 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Ақырында, «Сүйіндікте» өсірілген қазақтың еділбай қойы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қойылып, өңір, облыстың ғана емес, еліміздің атағын аспандатып, абыройын асқақтатты.
1988 жылы Новобогат ауданы таратылып, оның шаруашылықтары Махамбет ауданына қосылған кезде сол уақыттағы облыс басшыларының ұсынысымен Гурьев қаласындағы «Плодовощ» сауда бірлестігіне басшылық қызметке келіп, қала мен тұтастай облыс халқын жеміс-жидек, көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету міндетін де мойнына жүктеді. 1991 жылы облыс көлемінде алғашқы құрылған 30 шақты шаруа қожалығының негізінде сол шағын шаруашылық басшыларының, арендаторлар мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің «Агро» облыстық қауымдастығы құрылып, оның алғашқы жетекшісі, яғни президенті болып Төкең сайланады. Бұл жұмысын Төкең 2002 жылға дейін атқарып, қолынан келген жақсылығын ел азаматтарына аямай жасап, құрметті еңбек демалысына шығып, зейнеткерлердің қатарына қосылады.
Елге сіңірген ерен еңбек еш кетпеді, лайықты бағаланды. Соның куәсіндей, Төкең де кеудесіне «Еңбек Қызыл Ту» орденін, «Ерен еңбегі үшін», «Тыңға-50 жыл» медальдарын тақты. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын, күміс, қола медальдарымен, төсбелгілерімен марапатталды.
Төре Дәулетиярұлы отбасы өнегесімен де өзгелерге үлгі танылған-ды. Құдай қосқан қосағы Аятханмен екеуі төрт перзентті дүниеге әкелді. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, ел қатарына қосты. Өкініштісі сол, үш ұлдың ортасындағы бір түйір гүлі, қызы Нұрсұлу Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ағылшын тілінің аға оқытушысы қызметін атқарып жүріп, 2009 жылы өмірден ерте өтті. Шүкір, ұлдарының үлкені Әліпқали қазірде облыстық басқармалардың бірінде басшылық қызметте жүрсе, кенже ұлы Орынғали шетелдік компанияда жұмыс жасайды.
Елмен етене араласып, туыс-бауырдай болып кеткендігі сонша, өз кезеңінде ауыл тұрғындарының, осы аумақтағы ел-жұрттың жадында жасаған жақсылығымен «ол бір Төкең еді ғой» деген сыйластықта сақталып қалған ардақты азамат Төре Дәулетияровтың есімін қалайша ұлығылап, қандай құрмет көрсетілсе де, артық болмаc еді.

Елемес Абдошев,
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз