"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Төлеубай өскен орта

Он алты жасынан қалам ұстаған Төлеубай Ысқақовтың есімі елге ерте танылған. Алпысыншы жылдардың басында сегізжылдық мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ бұл даңқты ағамыз жайында біршама хабарымыз бар еді.

Қызылқоға аудандық газетінде редактор болып қызмет істеп жүріп, біздің елге – Ойыл ауданының түпкіріндегі Қараой  ауылына тума-туыстарына жиі соғатын. Елге деймін, шынын айтсақ, біз Төкең ағамызды нақты бір елге – өңірге тели алмас едік. «Екі енені тел емгем» деп Балқы Базар жырау жырласа, бұл қаламгер үш енені тел еміп өскен, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе өңірлеріне ортақ азамат.

Олай дейтініміз, Төкең 1929 жылы 15 сәуірде Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Ақтөбе облысы Ойыл ауданының балалар үйінде тәрбиеленген. Петропавловск-Камчатка педагогикалық училищесін, Гурьев педагогикалық институтын бітірген. Атырау облысының Қызылқоға, Мақат аудандарының мәдениет үйлерінің меңгерушісі, Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» газетінің, Индер аудандық «Индер» газетінің редакторы қызметтерін атқарған. Осындай белгілі қаламгерге айналған Төкеңнің де алғаш қаламын ұштап, журналистік жолға салған – шыға бастағанына 100 жыл толып отырған «Аtyraý» газеті екеніне дау жоқ.

Осы өңірдің жолдамасымен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Жоғары партия мектебін  бітіреді. Оқудан оралған соң Атырау облысының Махамбет Өтемісов атындағы академиялық қазақ драма театрының директоры болады. Театрда басшылық қызмет атқара жүріп, өзін талантты драматург ретінде таныта білді. Бірнеше әдеби көркем драмалық шығармалар жазып, аталған театрдың репертуарына енгізді. Әр жылдарда осы даңқты шығармашылық ұжым көрсеткен бұл қойылымдар көпшіліктен жақсы бағасын алды.

Ал, қаламгердің өзін оқырманға жан-жақты танытқан Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» газеті болды. Бірнеше жыл газеттің бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Осы ұжымнан республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне жоғарылап, Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалды.

Осында қызмет істеген жылдары туралы белгілі журналист Қайсар Әлім «Егемен Қазақстан» газетінде (29 желтоқсан 2010 жыл) «Үшеудің үлгісі» деген мақала жазды. Осы естелігінде қаламгер: «Әсіресе «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілші болып істеген жылдары Төлекеңнің екінші тынысы ашылып, алысқа сермеді. Қыран қанаты талмады, көтерген тақырыбы қалмады. Биікте самғап, тұғырын да шың басынан нық сайлап алыпты… Елдік сөзін жаза білгеннің есімі ұмытылмайды екен…» деп жазса, енді бір жерінде «Қайда менің сол сұлуым, қайда, достым көрдің бе? Кездеспеді көп жыл болды, талай жерді кездім де.

Көз алдымнан кетпей кейпі елестейді күн сайын, Айтылмаған сырым қалды сол сұлуға кеудемде» деп келетін бірнеше шумақ өлеңдерін келтіріп, «Балауса жастық шақтың аңсары мен құмары, сазы мен сағынышы, мұңы мен мұраты, реніші мен шаттығы осылайша өріледі. Қара сөзден қажығанда сәулелі маржан тіркестер күмбір кеудеден моншақтай төгіледі. Ұзын-сонар жорналшылық жолда осы ғадетінен танбапты. Қос қанатының сыңарындай екен ғой, поэзия! Төлеубай тілшінің артықшылығы да осында болып шықты» деп жазды.

Төкең ағамыздың ақындығын Атырау, Орал, Ақтөбе өңірі біледі. Өткен ғасырдың орталау тұсында ол осы өңірлерде айтыс өнерінің ақиығы атанған. Талай айтыстарға қатысып, сахна төрінің сәні болған. Алайда, өлең өлкесіне дендеп кіруді басты мақсат тұтпай, бар ғұмырын негізінен журналистикаға бағыштаған адам.

Әріптес інісі ретінде ол кісінің елге сіңірген біраз қызметін, ағалық жақсы қасиеттерін біз де көре қалдық. «Социалистік Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарған жылдары, біз – облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің журналистері талай іссапарларға бірге шыққан кездеріміз болды. Сол замандағы  үрдіс – тәртіп бойынша облыстық газет партия ұйымында есепте тұратын. Осы ұйымда жарна төлеп, жиналыстарына қатысатын. Сол себепті талай әңгімесін тыңдап, жиі кездесіп жүрдік. Ағалы-іні, әріптес ретінде жақсы сыйласып, отбасымен араласып тұрдық.

Ол кезде республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің ролі жоғары. Соның бір көрінісі – газеттің арнаулы тілшісіне облыстық партия комитеті тарапынан бар жағдай жасалған. Арнаулы көлік бекітілген. Іссапарға шығар болса, меншікті тілші обкомның ақ «Волга» көлігімен жүреді. Бірақ, сөйте тұрса да, принципті мәселе туындағанда Төкең басшылармен ымыраға келмейді. Көбіне облысты сынап-мінеп жазады. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы – өзге ұлттың өкілі. Сынды ұнатпайды. Төкең меншікті тілші болып неше жыл қызмет істесе, әлгі бірінші хатшымен сонша жыл айтысып-тартысып өтті.

Ағамыздың тағы бір ерекше қасиеті – уақытын үнемдеп пайдаланады. Бос-селтең жүріске салынбай, газет тапсырмасын орындаумен болады. Үйінің бір қабырғасына Ақтөбе облысының картасын іліп қойған. Соған қай жерге сапар шексе, сол жерді көрсетіп, қызыл жолақ сызықпен белгі соғып отырады. Картаның беті шимай-шимай, бармаған жері қалмағандай. Не деген жанкештілік деп ойладым көргенде, әрі таңғалдым, әрі іштей тіксіндім. Бастапқыда ағаның өзінің қадамын өзі өлшеп отыруы жайсыздау әсер етті.

ҚазМУ-дің қабырғасында оқып жүргенде ұстаздарымыз әлемдегі журналистердің орта жасы 54 жастан аспайды деп отырушы еді. Қайдан алған дерек? Білмеймін. Журналистің жұмысының азаптылығын, ауырлығын айтқандағысы ма екен? Расында да өмірі айтыс-тартыспен, арпалыспен өткен шын күрескер журналистің ғұмыры ұзақ болмайтын сияқты. Төкең ағамыз да зейнеткерлікке енді шығып, нанын жей бастағанда, 1990 жылы алпыс бірге қараған шағында, жүрегі сыр беріп, кенеттен өмірден өтті.

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,

Көрінер көлеңкесі келбетімде.

Қай жерде үзіледі қайран сапар,

Түйін боп өмірімнің бір шетінде, – деп, қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов жырлағандай, сапары Ақтөбе шаһарында үзілді. Қаланың Кірпішті аумағынан «Россовхозға» қарай шығатын жол бойындағы биік төбедегі қорымға қойылды. Ақтөбелік журналистер қауымы болып әріптес ағаны соңғы сапарға аттандырып, топырақ салғанда бұл жер шағын ғана қорым еді. Қазір ол шетімен бұл шетіне көліксіз жету қиын. Өтіп жатқан өмір…

Өзі өмірден өткенмен, соңында шығармалары қалды. Мұрағаттарда сақталған қат-қат газет тігінділерінде қолтаңбасы тұр. Көзі тірісінде драмалық шығармалары, әдеби-көркем әңгімелері баспа бетін көрген еді. Бергіректе журналистің ұлы Мұрат әке алдындағы парызы мен қарызын өтеп, Төлеубай Ысқақовтың жыр жинағын кітап етіп шығарды. Шығарма шығарма ғой, ең бастысы ағамыздың артындағы ұрпағы – немере-шөберелері жапырақ жайып өсіп келеді. Олар барда ағаның тегі өшпейді. Замандастары, әріптестері, қалың оқырман қауым тұрғанда заманында айтулы, азулы болған журналистің есімі ұмытылмақ емес.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Ақтөбе облысы

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button