tropopopo

Талғамы жоғары оқырманды не толғандырады?

Газет және оқырман Жаңалықтар

Atr.kz/15 қараша, 2019 жыл. Облыстық «Атырау» газеті шығармашылық ұжымы өкілдерінің аудандардағы күндері осы аптада мұнайлы МАҚАТТА жалғасты.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен кездесуге басылымның тұрақты оқырмандары – еңбек ардагерлері, кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдардың, құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық ұйымдар және кәсіпкерлік құрылымдардың жетекшілері қатысты.

Кездесу барысында журналистер мен жиынға қатысушылар «Газет пен оқырманның арасы неге алшақтап барады? Бұған нарықтың әсері қандай? Болашақта билік пен бұқараны байланыстырушы тінді қалай бекіткен тиімді? Бүгінгі талғамы жоғары оқырманды нендей мәселелер толғандырады? Әлеуметтік сала мен рухани өміріміздегі қордаланған проблемаларды қалай шешуге болады?

Ашық та еркін пікір алысуға құрылған басқосуда алғаш сөз алған «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Ысқақ ЕГЕМБЕРДИЕВ жұртшылық назарын аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі газет-журналдардың таралым санының неліктен түсіп бара жатқандығы туралы мәселеге аударды. Ол ғасырға жуық тарихы бар облыстың бас газетінің қала мен аудандардағы, шалғай елді мекендердегі жұртшылықты көптеп тарту, таралым ауқымын кеңейту жөніндегі ойларымен бөлісті.

«АТЫРАУ» ЖАҢА ФОРМАТҚА КӨШІРІЛЕДІ

Келер жылдан бастап басылымның түр-тұрпаты ғана өзгеріп қоймайды, материалдардың мазмұны, берілуі мен безендірілуінде де белгілі бір дәрежеде өзгерістер болады. Бұған журналистер қазірден бастап кірісіп кетті. Болған оқиғаларға сараптама, талдау жасау, мәселенің мәнін оқырманға шынайы, әрі дәйекті ақпаратпен жеткізуге бағыт ұсталуда. Осы уақытқа дейін өміршеңдігін жоймай келе жатқан тұрақты айдарлар қатары толықты.

«Алдағы жылдың басты жаңалығы – облыстық «Атырау» газеті D2 форматына көшіріледі. Бұл арқылы оқырмандарды мейлінше көптеп тартудың мүмкіндігі ашылады деп үміттенеміз. Әрине, «барлық жаңалықты интернеттен, гаджеттен оқып танысамыз. Ғаламтор арқылы әлемдегі барлық ақпаратпен қарулануға болады» деген пікір де жоқ емес.

Бірақ, бұл қате, әрі теріс түсінік. Мына залда отырған көзі ашық, көкірегі ояу қазыналы қарттарымыз бен зиялы қауымның өкілдері ертеректе кітап пен газет оқып, санасын қалыптастырды, ой-өрісін дамытты емес пе?» деген серіктестік директорының орынбасары одан әрі газеттің өміршеңдік маңызын атап өтіп, күніне бірнеше рет миллиондаған тиражбен таралатын бірқатар шетелдік басылымдарды мысалға алды.

««Рухани жаңғыру» деп жалаулатуымыз күшті, жоба аясында ұйымдастырылып жатқан шаралар да көп. Әйтсе де, нақты нәтижелер айқын көрініс беріп жатыр деуге әлі ертерек сияқты. Сондықтан, газет арқылы өткен тарихымызға үңіліп, бүгінімізді таразыласақ, ұмыт болған ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, ұрпағымызды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелесек, адами асыл қасиеттерді бойларына сіңіре білсек ұтылмасымыз анық. Осы жағын естен шығармайық, ағайын!» деп өз ойын түйіндеді Ысқақ Егембердиев.

БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ АЙҚЫН

Жиында сөз алған газеттің бас редакторы Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ Қазақстанның батыс өлкесінде тұңғыш ана тілімізде жарық көрген, сонау 20-шы жылдары Алаш ардақтылары арқылы білімі кемшін, саяси сауаты төмен қараша халықты оқу, білімге насихаттап, үгіттеуді мақсат еткен «Ерік» газетінен бастау алған бүгінгі «Атыраудың» ұстанған бағыты айқын, мақсаты биік екендігін жеткізді.

Оқырманмен кездесулерде айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, газеттегі жаңа айдарлар мен тақырыптық қосымшаларда көтерілетін мәселелерге жан-жақты тоқталды.

Мәселен, «Тілші кәсібін өзгертті» айдарымен «Кісі есігіндегі бір күн», «Даяшы болған бір күн: қызығы мен шыжығы», «Тағдыр тәлкегі» айдарымен жарық көрген «Алақан жайған ақжаулықты», «Зағип жандар қамқорлыққа зәру» немесе ұлттық салтдәстүрлерге орай «Киіт киіп көрдіңіз бе?», «Сәбиді қырқынан шығарудың мәні неде?», тағы басқа журналистік зерделеу материалдары оқырманнан оң бағасын алды.

Тәуелсіздігіміздің бізге берген керемет табыстары – ұлттық құндылықтармыз бен салтдәстүрлерімізді қайта жаңғырту, адамдардың рухани түлеуі, тағылымы мол тарихымызға жаңаша көзқарас қалыптастыру, жас ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын ескеріп, оқырманға ой саларлық дүниелер берсек деген мақсат қойып отырмыз.

Ал, газет – қалың бұқараның мінбері. Ол қашан да оқырманымен беделді. Бір сөзбен айтқанда, баспасөз бен бұқараның біте қайнасқан дәстүрлі байланысын бұрынғыдан да бетер нығайта түсеміз деген ойдамыз. Сондықтан да, ұдайы бізбен бірге болып, «Атырауды» еркін ой-пікір мінберіне айналдыруға мақаттық оқырман да атсалысып, үн қосатындығына біз сенеміз,- деді Исатай Құндызбайұлы.

ЖҮРЕКТЕН ШЫҚПАСА, ЖҮРЕККЕ ЖЕТПЕЙДІ

Т ы л а р д а г е р і Қаби ТАЛПАҚОВ той-садақалардағы шашпашылық, жастар санасының діни теріс а ғ ы м м е н у л а н у ы , біреуді әсіре мақтаумадақтау, біреуді сыртынан ғайбаттау күнделікті тұрмыстық әдетке айналып бара жатқандығына қапалы екен.

«Көпшіліктің басы қ о с ы л ғ а н о р т а д а адамдардың шын жүректен шықпаған сөзінің жүрекке жетуі де неғайбыл ғой. Жақында облыстық газеттен айлық табыстай кірісі 4 млн. теңгені құрайтын бір отбасының да мемлекеттен бөлінген 21 мың теңгелік әлеуметтік көмек алғандығын оқып, ойға қалдым. Бұл не масқара? Тойымсыздық па? Қара нан мен қара шайды қорек етіп, балашағасына күнделікті ішер асты әзер тауып беріп отырған көп балалы аналарға тиесілі қаражатқа әлгі азаматтың қол салғаны қалай?» деп ашынды ақсақал.

Ол соңғы кезде мемлекеттік қызметте жүрген кадрлардың тарапынан пара алу, сыбайлас жемқорлық қылмыстық әрекеттеріне бару фактілерінің қарапайым халықтың ашу-ызасын тудыратындығын да жасырмады.

ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛЫ

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит ХАЛЕНОВ басылымда ардагерлердің қоғамдағы орны, жастарға тәлімтәрбие берудегі өнегелі істері жөнінде жүйелі жазылып келе жатқандығына тоқталды.

«Биылдан бастап ардагерлер үшін «Қазына» арнаулы бетінің тұрақты беріле бастауы қуантады. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Отан соғысы майдандарында ерлік пен қаһармандық үлгісін көрсеткен батырлар, соғыстан оралмаған боздақтар, тылда жеңісті жақындатқан еңбеккерлер туралы тарихи архивтік деректерге негізделген мақалалардың қазірден бастап беріле бастағаны жөн болар еді» деген ұсынысын да білдірді.

«СПОРТ ТАҚЫРЫБЫ ТАСАДА ҚАЛМАСА ЕКЕН»

– Газетте спорт бетін беріп тұруды ескерген жөн. Іріліұсақты спорттық додалардағы жерлестеріміздің жеңістері, футбол, волейбол, баскетболдан ел біріншілігіндегі атыраулық командалардың ойыны туралы спорттық шолулар, репортаждар беріліп тұрса, жастардың спортқа деген қызығушылығы артар еді деп ойлаймын.

Сондай-ақ, облыс аумағындағы қылмыстық ахуалдың жайын білгіміз келеді. Ауылдардың өсіп-өркендеуі, халықтың әлеуметтік жай-күйі, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мәселелері де қалам иелерінің тұрақты жазар тақырыптарына айналуы керек,- деген пікірін білдірді Бәйгетөбе ауылдық округінің әкімі Қонысалы ТӨЛЕУОВ.

«СЫН ТҮЗЕЛМЕЙ, МІН ТҮЗЕЛМЕС»

« . . . С о р ж а ғ а с ы қонақтаған мұнаралар, (Кезі жоқ ештеңені сұрап алар). Бұрғышылар – мұнайды атқылатса – Абыройдың биігінде тұрады олар. Сар далаға тың түренді салыпсыңдар, Жұлдыз боп жер бетінде жаныпсыңдар, Бұрғышылар – әрдайым даңқың биік, Қиындықтан қорықпайтын халықсыңдар…» деп мұнайлы Мақаттың сырлы суреттерін өлең жолдарымен өрнектеген ардагер-журналист Қуат МЫҢТҰРҒАНОВТЫҢ айтуынша, бір кездері өзі белсенді тілшісі болған бүгінгі «Атырау» газетіндегі журналистік зерделеу материалдарының мазмұны мен көркем безендірілуін облыстан тысқары аймақтардағы әріптестеріміздің де мойындағанына куә болып жүр екен.

– Әртүрлі тақырыптағы газет көтерген проблемалық мәселелердің аяқсыз қалмай, құзырлы органдар арқылы тиісті шешімдер алынып, оң нәтижесін ел көріп жатса қандай ғанибет болар еді. Өйткені, сын түзелмей міннің де түзеле қоюы екіталай емес пе? Сезімді селт еткізер мақалалардың жиі жарияланып келе жатқандығы қуантады.

Тек тиісті мемлекеттік органдар тарапынан ақпарат майданының сапында жүрген қала иелерін мадақтау, мемлекеттік марапаттарға ұсыну мен кәсіби атақтар беру жағына келгенде сараңдық байқалады. Осы жағын ескерген жөн. Болашақта жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын, жаңа туындыларын насихаттауға да көңіл бөлінсе деген ұсынысым бар,-дейді ардагер әріптесіміз.

Доссор кенттік ардагерлер кеңесінің төрағасы Есенжан ТӨЛЕШҚАЛИЕВ тілшілер газетке сын мақала жазарда мәселенің мәнісіне тереңірек үңіліп, қарсы жақтың да пікірін білудің маңызды екендігін қаперге берді.

ӨЛКЕ ТАРИХЫ – ҰРПАҚҚА МҰРА

Газетіміздің белсенді а в т о р л а р ы н ы ң бірі, ө л к е т а н у ш ы Орақ ДЕҢГЕЛБАЕВ соңғы кезде өмірдің келеңсіз көріністеріне журналистердің де бейжай қарамайтындығын газетте жарияланып жатқан сын мақалалардан жиі көруге болатындығын, тек тиісті мекеме-ұйымдар басшыларының бұған құлақ асуының әлі де жетімсіз екендігіне тоқталды. Келер жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтіледі.

Осыған байланысты майдан мен тылдағы халқымыздың ерен ерліктері жайлы архивтік деректер негізінде жазылған материалдар беріліп тұрса, кейінгі ұрпаққа тәрбиелік, танымдық маңызы зор болар еді. Себебі, қазіргі жастардың сұрапыл соғыстың халқымызға әкелген қайғы-қасіреті, тылдағы жанкештілігі мен ауыр тірлігі жайлы да білгені артық етпейді.

Ардагердің бұл пікірін аудандық архивтің басшысы Ә л и м а ш МЫРЗАҒАЛИЕВА да қостады. Оның ойынша, Мақаттың ғасырға жуық тарихы қатталған архив құжаттарында еш жерде жарияланбаған деректер көп. Бұған тек архив мамандары ғана емес, зерттеушілер, тарихшылар мен журналистердің де көмегі қажет көрінеді.
Өйткені, өлке тарихын жас ұрпаққа ұғындыру арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында белгіленген мақсат-міндеттердің оң нәтижесін көруге болады.

Доссор мұнайгаз технологиялық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Мереке АХАТОВА білім ордасында ұйымдастырылатын тәрбиелік маңызы бар іс-шараларды «Атырау» газетіне жариялау мүмкіндіктерін сұрап білді. Басылымның бас редакторы авторлық мақалалар мазмұнына байланысты қорытылып, газетте жарияланатындығын, әрі ұстаздар мен шәкірттердің шығармашылығы үшін «Педагог», «Bilim Like» қосымшалары жарық көре бастағандығын қаперге берді.

Жиында Доссордағы дене шынықтыру және спорт кешенінің директоры Бейбіт РАХИМОВ сыбайлас жемқорлық әрекеті бойынша істі болған тұлғалардың тағдыры туралы жазылатын мақалаларда ар алдында да, заң алдында да әділдіктің қымбат екендігін ескеру қажеттігін айтты.

Ашық пікір алысу жағдайында өрбіген әңгіме барысында қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға «атыраулық» журналистер жауап беріп, қазіргі баспасөзге жазылу науқанында мақаттықтар белсенділік пен саналылық танытады деген сеніммен аттанды.

Бақытжан ЖҰМАТ

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ

Мақат ауданы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған