«Тарихтың тағылымы тасқа басылған сөзде тұр!..»
«Atyraý» газетінің шыға бастағанына 100 жыл толуына орай белгілі журналист, аудандық «Қызылқоға», облыстық «Аtyraý», республикалық «Алтын Орда» газеттерінде бас редакторлық қызмет атқарған, баспасөз саласында 43 жыл еңбек еткен, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, Т.Амандосов атындағы сыйлықтың, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Нұрлан ҚАБЫЛОВПЕН сұхбаттасудың сәті түсті.
– Нұрлан аға, алғашқы еңбек жолыңыз қалай басталды, кімді үлгі тұттыңыз?
– Мектепті бітірген соң Украинада, Литва республикасында əскери əуе күштері бөлімінде отандық борышты өтеп, ҚазМУ-дің журналистика факультетіне түстім. Алғашқы еңбек жолым Қызылқоға аудандық «Коммунизм туы» («Қызылқоға») газетінде басталды.
Жұмысқа кіруім де қызық оқиға болды. Бас редактордың бөлмесіне кірсем, жүзі сұсты, көзілдірігінің үстінен адамға тура қарайтын, елулерден асқан егделеу адам отырды. Есіктен енген бойда шаруамды айта бастап едім, «бірінші шашыңды қидырып кел, сосын сөйлесеміз» деген даусы қатаңдау шықты. Ол кезде шашты иыққа дейін өсіру мода болатын. Содан шаштаразға келіп, шаш қиятын үлкендеу апайға, «Көп қысқартпай, аздап аласыз ғой» деп ескертем ғой. Оған шамданған шаштараз апай «Маған ақыл үйрететін сен кімсің, Сүйінов те маған бірауыз сөз айтқан емес» деп машинкасымен шекемнен нұқып қойды. Шаштараздың ауданға танымал Меңдеш апай екенін, Сүйінов дегені сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сайфолла Сүйінұлы екенін кейін білдік қой.
Газеттің бас редакторы Ізни Нұрқасымов маңдайда қалған кекіл шашымды көріп, «міне, адам сыйқына енді келдің, давай, қазірден бастап жұмысқа кіріс» деп сол кездегі бас редактордың орынбасары Хамит Əубəкіровтың қасына отырғызды.
Хамекеңнің алғашқы тапсырмасы совхоздардан шығайын деп жатқан газетке хабар алып беру болды. Содан совхоз басшыларына телефон соғам, бірі жауап берсе, бірі көтермейді. Енді бірі «Айналайын-ай, қой қашыруға адам таппай жатқанда, саған хабарды қайдан табамын» деп жауап қатады. Оны Хамекеңе айтсам «осының өзі хабар ғой» деп мəз болып күледі.
Осылай басталған еңбек жолымды ашқан еңбек жəне соғыс ардагері, қамқорлығы көп, кристалдай таза, шыншыл, қажет жерінде қатал болған Ізни Нұрқасымовты əруақытта биікке қоямын. Біз ол кісіден адамдықты, адалдықты, мамандықты шексіз сүюді, халықпен қалай сөйлесуді үйрендік.
Сөйтіп, осы аудандық газетте үш жылдай тілші, содан соң бас редактордың орынбасары, бас редактор-баспахана директоры қызметтерін қосып атқарып, тура жиырма жыл жұмыс істедім. Газеттің «Қызылқоға» деп атау алуының басында да біз тұрдық. Бұл кездегі облыстағы басшымыз «Облполиграфиздаттың» басшысы Құмар Кенжеғалиев болатын. Мен ол кісіні өз ісімен көпке өнеге болған ерекше тұлға ретінде бағалаймын, ерекше құрмет тұтамын.
– «Atyraý» газетінің ком-пьютерге көшуі де оңай болмаған сыңайлы, есіңізге түсіріп көресіз бе?
– Мені «Atyraý» газетіне жұмысқа шақырған сол кездегі осы басылымның бас редакторы Қилыбай Шахатұлы еді. Бұл уақыт газеттердің компьютерге көшіп жатқан кезеңімен тұспа-тұс келді. Көрші «Прикаспийская коммуна» бізден бір жыл бұрын компьютермен шыға бастады.
Қилекең бұл шаруаға өте мұқият дайындалды, бірінші Клара Елеусінова, Нұрлан Хамзин, Аслан Маукенов, Айнагүл Жолдыбаева, Сәуле Сариева сияқты мамандардың басын қосып, арнайы цех ашты. Олар бірер айда бəріне дайын болды. Бірақ Қилекең асықпады, бір жағынан «осы бейтаныс бастаманың арты не болады?» деген қорқыныш та болғаны жасырын емес. Журналистер арасында да «Қашанғы баспаханада күйе-күйе болып жүреміз, компьютерге көшейік» деген күңкіл көбейді. Ақыры, бір жыл дегенде газетіміз компьютермен тап-таза, ап-анық болып шыққанда бəріміз балаша қуанғанымыз, Қилекеңнің «Ақүйдегілерге көрсетейін» деп, алып жүгіргені күні бүгінгідей есімізде. Бұл іске Қилыбай Шахатұлының зор үлес қосқанын атап өтуіміз керек.
– Сіз осы қызметіңізде нені мақтан етесіз, қандай үлес қостым, қандай өзгеріс жасадым деп есептейсіз?
– Мен аудандық, облыстық, республикалық газетте жұмыс істеген кездерімдегі осы газеттердің таралымын мақтан етемін. Мысалы, аудандық газетті басқарған жылдары газет таралымы 4 мың 500 данаға жетті. Сол кезде ауданда 25 мыңдай халық болды, əр үйде орта есеппен 5 адам бар деп ойласақ, бұл газетті аудан тұрғындары түгелге дерлік алды дегенді білдіреді.
Ал, облыстық газетті басқарған жылдары газет таралымы 27 мың данаға жетті. Əрине, ол кезде газет таралымының өсуіне облыс əкімінің орынбасарлары мен ішкі саясат басқармасы басшылары көп көмектескенін, газет таралымын өсіруді өз жұмысының бір көрсеткіші деп білгенін, олардың газет арқылы облыс əкімдігінің саясатын белсенді жүргізгенін атап айтар едім. Сол кезде арасында газетті «А-3+» форматында да шығарып тұрдық, соңынан қағаз болмай тоқтап қалды. Газетке жеке адамдардың ұсыныс-пікірлерін, спорт жаңалықтарын көп бердік. Бұл таралымның өсуіне көп әсер етті. Мысалы, қазіргі әлеуметтік желінің тартымды болуының бір себебі – сан түрлі пікірдің еркін берілуі ғой.
Республикалық «Алтын Орда» газетіндегі қызметім де ерекше болды, себебі, мұнда керемет еркіндікті сезініп жұмыс істейсің. Жазғаныңды ешкімнен жасқанбай отырып шығаруға мүмкіндік болды.
– Жаңа әлеуметтік желі туралы айтып қалдыңыз, болашақта газетті әлеуметтік желінің тегеурінінен қалай қорғаймыз?
– Осыдан біраз жыл бұрын «дамыған елдерде газеттердің сақталу сыры неде» деген сұраққа жауап іздеп көргенмін. Шындығында, əлеуметтік желіге байланысты оларда да газет таралымы проблема болған. Бірақ олар бұл мəселені өз бетімен жібермей, мемлекеттің саясатын үнемі насихаттап отыратын басты газеттердің сақталуына жəне оның барлық кітапханаларда, қоғамдық ұйымдарда, архивтерде, музейлерде, ғылыми-зерттеу орындарында, халыққа еркін сатылуына мемлекет тарапынан қолдау жасаған. Яғни, мемлекет қағазға басылған газетті тарихи жəдігер есебінде сақтауға мүдделі болған.
Мұндай саясат бізге де қажет. Екіншіден, біздегі əлеуметтік желінің дамуы газет таралымына əсер етері сөзсіз. Бірақ одан қорықпау керек. Əрине, хабар тарату жөнінен газет əлеуметтік желіге бəсекелес бола алмайды. Бірақ əлеуметтік желінің осал тұсы – мұнда сараптама материал өте аз. Газет оның осы кемшілігін пайдаланып, сараптаманы көбейтуі қажет. Ал, ақпаратты (информация) 1-2 абзацпен берсе ғана болады. Себебі, оны əлеуметтік желіден оқып алғандар үшін екі күннен кейін шығатын газеттен оқу қызықсыз болып қалады. Үшіншіден, əлеуметтік желі – ғасыр жаңалығы, онсыз болашақты көзге елестету мүмкін емес, сондықтан, газетті бетте құрылған күйі оқырманның əлеуметтік желіден оқып отыратындай жолын да іздестірген дұрыс.
– Бүгінгі әріптестеріңіздің ісіне көңіліңіз тола ма, қайткенде газетті тартымды етуге болады деп ойлайсыз?
– Негізінен, газетті тартымды етудің ең басты үш қағидасы бар. Олар: əдемі безендіру, тартымды тақырып, сауатты мазмұн. Адамның көзі ең бірінші жақсы безендірілген бетке түседі, содан кейін жақсы тақырып жалт қаратады. Осы екеуіне назар аударған адам мазмұнына үңіледі. Үшеуі үйлесім тапса, нағыз супер газет сол болады. Осындай жақсы материалдар «Atyraý»-да жиі шығып тұрады, мен оған қуанып, бас редакторға үнемі телефон шалып тұрамын.
Жасыратыны жоқ, кейде дұрыс безендірілмеген көлемді материалдар, жаттанды болып кеткен тақырыптар да көрініп қалады. Дұрысы, əр материал адамды оқымасқа қоймай, шақырып тұрса деп ойлайсың ғой. Содан соң, газеттің 90 пайызы сараптама материалдан тұрса деп тілейсің. Журналист деген атаудың өзі сараптамашы деген ұғымды білдіреді ғой. Халықтың ұсыныс-пікірлерін көп беру керек, ондай беттер көбейсе, жұрттың газетке деген қызығушылығы артады. Айтары бар адамдармен сұхбатты жиі берген дұрыс. Менің ойымша, оған газет журналистерінің шамасы (потенциал) толық жетеді. Жас та жігерлі əріптестерімнен үлкен үміт күтемін.
– Сізді әріптестеріңіздің көбі «тақырып қойғыш» деп жатады. Шындығында осының қандай құпиясы бар, оған қоса ақындығыңыз да бар сияқты…
– Ауданда жұмыс істеп жүрген жылдары бір шопанның үйінен түстенудің сəті түсті. Тамақ жеп болған соң үй иесі «қолдарыңызды сүртіңіздер» деп қасымызға бір қалың кітапты тастай салды. Қарасам, балалар сыртқы бетін қаламмен сызғылап тастаған Мұзафар Əлімбаевтың «Маржан сөз» мақал-мəтелдер жинағы екен.
«Ойбай, көке, мына кітапты жыртқыза көрмеңіз, маған беріңізші» деп жабыстым. Ол кісі өзі де ыңғайсызданып қалды. Содан сол кітапты қолымнан тастаған емеспін. Жақсы идея айтып, жақсы тақырып табу үшін қазақтың мақал-мəтелдерін көп оқу керек. Біздің бабаларымыз жұрттың бір күндік əңгімесін бір ауыз сөзге сыйдырған ғой. Содан бері мақал-мəтел, энциклопедия жинау менің хоббиіме айналған. Сонымен бірге үйде 2 мыңнан аса кітап болды. Осының бəрі ойыңа ой қосып, қызметте жүргенде көп көмегі болғаны рас. Ал, ақындық туралы айтсам, мен өзімді ақынмын деп есептемеймін. Құдай тағала адамға сөз өнерін дарытса, өлең де қатар жүретіні рас. «Қазақта екінің бірі – ақын» деген сөз осыдан қалса керек.
Тақырып демекші, аудандық газетте жұмыс істеп жүрген кезімде бірде жасөспірімге қатысты бір қылмыстық оқиға болды. Бұл ауыл жұртының қатты ашу-ызасын туғызып, ол дұрыс тергелмеді деп халық прокуратураға шүйлікті. Осыған орай халықтың қатысуымен үлкен жиналыс өтіп, жұрт облыстан келген өкілге «прокурорды алып кетіңіз» деген талап қойды.
Сол жиналыс бойынша «Прокурорды алып кетіңіз!» деген тақырыппен бір беттік материал жарияланды. Коммунистік қоғамның қаны тамып тұрған кезеңде осындай тақырыппен мақаланың шығуы ел ішінде қатты резонанс туғызды. Көп кешікпей прокурорды ауданнан босатып, басқа жұмысқа алып кетті. Əрине, аудан шағын, бір-бірін жақсы таниды. Оқиғаға қатысты адамдар да бізге таныс болатын. «Тақырыпты неге сонша қатты қойдың?» деп сұраушылар болды. Мен «тақырыпты қойған мен емес, халық» деп жауап бергенім бар.
«Atyraý» газетіне басшылық етіп жүрген кезде бір жылы газетте шыққан материалдарға байланысты, оның ішінде тақырыпқа да қатысты 6 рет сотқа барып, соның бесеуінде біз жеңіп, біреуінде ғана жеңілгеніміз еске түседі. Əрине, сын жазу оңай емес, оны қарсы жақтың мойындауы да қиын. Бірақ, журналистің маңдайына жазылған тағдыр осындай.
– Қазіргі жас журналистерге қандай кеңес берер едіңіз, олар неге назар аударуы қажет?
– Менің ойымша қазіргі заманғы журналист ең бірінші көп тіл білуі керек. Көп тіл білген адамның ойлау кеңістігі де кең болады. Ондай журналист кез-келген шараны диктофонға жазылған есеппен емес, өз пікірімен өрнектей біледі.
Екіншіден, мүмкіндік болса көп елді көзбен көрген жақсы. Бұл адамның көзқарасын ұлттық деңгейден адамзаттық деңгейге көтереді, күнделікті күйбең тірліктен, пендешіліктен əлдеқайда жоғары өмір сүруге көмектеседі.
Үшіншіден, жас журналистер жазуды ғана емес, суретке түсіруді, видеоға жазуды, дамыған елдердің журналистері қалай жұмыс істейтінін үйренуі қажет.
Төртіншіден, зерттеп уақыт өткізбей, жиналыстардан сараптама материал жасауға әбден болады. Онда бір мәселе бойынша түрлі пікір айтылады. Соны қорытып, өз пайымдауларыңды қосып, әдемі дүние жасауға мүмкіндік мол. Себебі, оқырманға жиналыста кімнің сөйлегені емес, не айтылғаны, қандай тұжырым жасалғаны маңызды. Бесіншіден, журналист мәдениеті мен этикасына өте мұқият болған дұрыс. Сұхбат (интервью) бергісі келмеген адамның соңынан жүгіріп, түртпектей беру ұят, жақсы журналист сәтін тапса, сақауды да сөйлете біледі. Журналист біреулерді пір тұтып, оның көшірмесіне айналуға ұмтылмауы керек, құдай тағала жазу өнеріне қабілет берген екен, ендеше әркімнің өз стилі болуы қажет. Қазір журналистикада көпсөзділік басым, ал, оқырмандар нақтылықты күтеді. Журналист жан-жақты, сауатты, сөзге шешен, қажет жерінде көсем, білімді болса, оның жұмысын журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын блогер сияқтылар иемденіп кетпес еді деп ойлап қоямын.
– Сіз басшы болып жүргенде біраз қызметкерге көмегіңіз тиіпті, қиындықты бөлісуге, қуанышпен ортақтасуға дайын тұрады дейді сіз туралы…
– Жалпы журналистердің қоғамның дамуы үшін қосып отырған үлесі зор болса да олардың əлеуметтік жағынан қорғалуы төмен күйінде қалып келеді. Облыстық газетте жүргенде əсіресе, Лиза Сейтімова мен Майра Оразғалиева тұрғын үй жағынан қатты қиналды. Ресми, бейресми жағдайда да, кез-келген жиналыста олардың жайын басшыларға айта бердім. Ақыры мəселе оңынан шешілді, сонда олардан бұрын өзімнің үй алғандай қуанғаным есімде. Бірақ, мен біреуге жақсылық қылдым деп мақтана бергенді жақсы көрмеймін. Оны жақсылық көрген адамдардың өздері айтқаны дұрыс қой.
– Сіз журналист болмасаңыз, кім болар едіңіз?
– Мен əскерде жүргенде 3 класты авиация радиомеханигі мамандығын оқып, меңгеріп, бір жыл алты ай əскери-транспорттық авиациялық эскадрилияда қызмет еткенмін. Əскерден келген соң əуежайда жұмыс істесем қалай болады деп біраз ойландым. Бірақ, журналистика бəрінен де жоғары тұрды. Алайда, оған еш өкінген емеспін, осы салаға 43 жылымды арнадым, оның 40 жылы баспасөздегі түрлі басшылық қызметке жұмсалыпты.
– Нұрлан аға, сұхбатыңызға бек рақмет!
Сұхбаттасқан
Алмас ҚАБДОЛОВ