Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Бір өзі – бір мектеп

Атырау журналистикасының абызы Шөпенғали Дәуенұлы тілшілердің талай буынын тәрбиелеп шығарған ақылгөй аға. Қазақ әдебиеті мен журналистикасында өзіндік із қалдырған жергілікті қарымды қаламгерлердің бәрі дерлік өздерін  Шөпекеңнің шәкірттері санайды. Соның ішінде жалғыз  «Аtyraý » газетінің редакциясындағы ғана емес, бүкіл облыстың бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еткен  қызметкерлер мен  оқырмандар арасында ол кісі туралы «Бір өзі – бір мектеп» деген тамаша ұғым қалыптасқан. Шынымен Шөпенғали ағамыз тура мағынасында сол теңеуге әбден лайық тамаша  тәлімгер болатын.

Еңбек жолын жаңа бастаған адам, әсіресе шығармашылық ұжымға алғаш келгендер, қызметтің сара жолына түскенше талай қиындыққа кез болады, мүдіреді, сүрінеді, тарылады, бір жығылып, бір тұрады… Сөйтіп барып қана даңғыл жолға түсіп, қатарға қосылып кетеді. Содан кейін де жаңылатын, асып-сасатын сәттер кездесіп тұрады…

Осындай қалыптасу уақыты өзінен-өзі бастан кешер процесс сияқты көрінетіні бар. Бірақ ол тіпті олай емес. Ұжымның әсерінсіз, жеке дара жүріп қалыптасу мүмкін емес. Ол үшін үлкен-кішінің қарым-қатынасын, жүріс-тұрысын, қам-қарекетін көру, біреудің ісіне қызығу, сүйсіну, біреуге таңдану, біреуден жирену, басқаша айтқанда, орта деген болады.

Журналисті де баптайтын, баулитын, қанаттандырып, шыңдайтын осындай орта. Ал ол ортадағы ағаның ақылы – адамды қалыптастырудың басты кепілі. Жақсы аға – қашан да ұстаз, оның өзі бір мектеп.

Қазір шыға бастағанына 80 жыл толғалы отырған «Аtyraý» газеті редакциясында бір өзі бір мектеп болған ағалар аз болмаған. Солардың ішінде бірегейі – Шөпенғали Дәуенов.

Атырау журналистерінің үлкен бір тобы өздерін Шөпекеңнің мектебінен өткенбіз дейді. Олар кімдер дегенде менің есіме алдымен бұдан 35-40 жыл бұрынғы – өткен ғасырдың 60 жылдарындағы – өзіммен қызметтес  болған редакция журналистері түседі. Құмар Кенжеғалиев, Нұриден Мұфтах, Тілек Дәулетов, Настағим Хисметов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Тәжі Ақымов, Құмарғали Ғабдешев, Марат Ысқақов, Сабыр Иманғалиев…

Әрбірі үлкен тұлға болған осы журналистердің бәрі де Шөпенғали ағаны ұстаз тұтты. Сол ұстаздың адамгершілік, журналистік мектебінен сабақ алды. Бұл күн сайын, сағат сайын үзілмейтін сабақ еді. «Сонда ол мектеп не үйретті?» деп қинала еске түсіресің қазір.

Газет жұмысында көп нәрсе сырттай қарағанға ұсақ-түйек. Журналистиканың өзі аттың жалында, атанның қомында жасалатын кәсіптей. Барып кел, жазып кел, хат-хабар, сөйлем, сөз, әріп, үтір, нүкте… Күнделікті әңгіменің негізгі мәселелері осылар сияқты көрінбек. Бірақ сөз өнері дертпен тең. Қалам ұстаған адамның дерті сол ұсақ-түйектерден құралмақ.

Қазір біз бір-бірімізге үйретіп жатамыз. «Бір сөз қасындағы сөзге сәулесін түсіріп тұрса  шеберлік сонда ғана көрінеді» немесе «сөйлемдегі сөздер жақсы қаланған кірпіштей, өз орнында мығым тұрсын», «көркемдік негізі – өз орнын тапқан қарапайым сөздер»…

Осылайша ақылғөйсіп отырып, соның өзін өзіміз қайдан үйренгенімізді  ойлай да бермейміз. Ал, шынтуайтында, Шөпенғали аға мектебінен не үйрендік десек, кәсіби шеберліктің осындай әліп-билерінен бастар едік. Ол аз, әрине. Шөпекең жұмыс барысында, іс жүзінде қолма-қол үлгі көрсететін шебер. 40 жылдан аса редакцияның басшы қызметтерінде болған Шөпекеңнің қолына түскен әр мақала шын мәнінде операциядан өткендей болатын. Әр мақаланың айдары, тақырыбы, кіріспесі, мәселенің қамтылуы, тақырып-проблемаға сәйкес стиль мен композициясы, айтар ой, ұсыныс, пікір… бәрі-бәрі Шөкеңнің «қалам-скальпелімен» қырылып, жонылып шыққанда…

Қазір таң қаламыз, қанша еңбек, қандай зеректік, білімділік. Бәрінен бұрын ол кейінгі толқын әріптес-журналистке деген қамқорлық еді ғой.

Осыны кезінде толық түсіндік пе, біле-білдік пе екен деп ойлаймыз. «Біздің Шөпекең біздің мақаламызды тап бір қосымша ақы алатындай, қайта жазады, содан ләззат алатындай» дейтін редакция жігіттері.

Ш.Дәуенов ағамыздың мектебі, ұстаздық өнегесі оның жүріс-тұрысынан, сөзі мен сәлемінен, қанша шаң болса да кіршік шалмайтын ақ көйлегінен, қанша балшық болса да қылау тұрмайтын туфлиінен… бір сөзбен, бүкіл болмыс-бітімінен де үлгі болатын.

Сол ұстаз ағамыз бүгін 75 жасқа шығып отыр. Өмір бойы газет жұмысы, ақысыз-пұлсыз қоғамдық жұмыс, өмір бойғы өз ісіне деген биік жауапкершілік оны қазір біраз қалжыратқандай. Бірақ қартайғандық емес. Ақыл-парасаты, тәжірибе-тағылымы, қаламының қарымы бір мысқал кеміген жоқ. Құдай саулық берсе, әлі де жазсам, деген ниеті бар.

Ұстазымыздың ширек ғасыр редактордың орынбасары болғанын айттық. Оның сонша жыл редакция партия ұйымының хатшысы болғанын, редакцияның негізігі жұмысын мойнына арта жүріп, 25 жыл бойы қалалық Кеңес депутаты оншақты жыл қалалық партия комитетінің мүшесі болғанын, ал еңбек жолын 15 жасында Манаш ауылдық Кеңесінің хатшылығынан бастағанын бүгін ерекше айтқан орынды деп ойлаймыз. Шөпекеңнің өмір тәжірибесін жастай марқайтқан осы еңбек жолдары.

Ол кітап шығарудың ең азапты 1960 жылдары республикалық баспадан Ленин орденді «Передовик» колхозы туралы және өлке мұнай құбырлары туралы («Ыстық дария») екі кітап шығарды.

Шөпекең жұбайы Хабира Тілесова екеуі бір ұл, үш қыз өсіріп тәрбиеледі, немерелері бар.

Бейнеті көп, зейнеті аздау газет жұмысында өмір бойы істесе де бай тәжірибесімен, зор таным-білімімен Атырау журналистеріне ұстаз болып танылса да, біздің Шөпенғали ағамыз ананы мен істедім, мынадай іс менің қолымнан шыққан, анау менің шәкіртім деп айтып көрген емес. Бітірген еңбегі мен жақсы істерін бұлдамау, біліп тұрып «мен білдім» демеу, біреуге жасаған жақсылығын оған міндет қылмау қашаннан жаны таза, кіршіксіз адал, көшелі азаматтардың қасиеті. Осындай қасиетті ағамыз қазір мыңдаған зейнеткерге тән қоңырқай күй кешіп жатыр. Оған тіпті 60 жасқа толған зейнеткерлік мерейтой үстінде де облыс, қала басшылығы тарапынан  сый-сияпат көрсетілгені есімізде жоқ. «Қой болып көкке, қозы болып сүтке» жарымаған өзінің газетші болып өткен өміріне ол бәрібір риза. Жан-тәнімен адал еңбек етті, жақсы аты көпке мәлім. Соның өзі оған қанағат! Соның өзі оның мерейі!

Қилыбай ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ

Қаңтар, 1983 жыл.

Құрметті «Аtyraý» газетінің ұжымы!

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button