Жарнама
"ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Өр рухты қаламгер

Облыстық «Аtyraý» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдығымен сәйкес келген Қазақстанның Құрметті журналисі Құмарғали Ғабдешовтің 88 жасқа толуына байланысты бір кезде өзі еңбек еткен төл басылымына ардагер журналист туралы дастанды жариялауды жөн көрдік.

«88 жастың белесіне шыққан белгілі қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі, әкем Құмарғали Қабдешұлына арнаймын».
автор

Тізгін қағар

Бәрі есімде, ойнайтынбыз жалықпай,

Жұпыны үй, қонақтан бір арылмай.

Домбырадан күй төгетін Әкешім,

Әсем әуен әуелейтін қалықтай.

Қалықтайтын, Жайықтайын шалқитын,

Күн боп өртеп, ыстық леппен шарпитын,

Күй-құдырет нөсерлетіп төккенде

Бойың елітіп, қорғасындай балқитын.

Көз алдымнан кетер емес сондағы,

Жан әкемнің күйге шебер қолдары,

Саусақтары жан бітірген қос ішекке,

Күмбірлеген қоңыр домбыра қолдағы.  

Елестейтін қайран Нарын, күнге тосқан жотасын,

Боз інгеннің боздағаны жоқтағанда ботасын.

Исатай мен Махамбеттің ізі қалған маң дала,

Көбік шашқан кәрі Каспий, Ақ Жайықтың жағасы.

Мұхиттың салған әні де, Айжан қыздың сәні де,

Көктемеде бусанған қара жердің нәрі де,

Жусанның хош иісі, құмаршықтың дәмі де,

Күймен бірге елес берер бәрі де!  

Жалт беріп бір өтіп кеткен дәурен-ай,

Жан әкемнің сонда тартқан күйлері-ай!!!  

Сыр берген жүрек…

Бәрі есімде, көз алдымда тұрады,

Домбырамен әуелеткен жыр-әні.

…Әкем бір күн емендейін сұлады,

Жан анашым шыр-пыр болып жылады.

Жаратқаннан «Шыбын жанын қия гөр!  деп сұрады…

Тағдырдың бұл емес жалғыз сынағы,

Ғазиз жүрек…, мұң мен шердің тұрағы…

Ұрпағы үшін, жағада өскен құрағы,

Майысты да сынбай қалды шынарым.

Ақпан айы. Таң ата қар борады,

Жанымызға өксік, күдік толады…

Аурухана төсегінде жатты әкем,

Көзде тұнып сұм жалғанға сұрағы…

Қарсы алатын келгенімде жайраңдап,

Жатыр әкем. Қайда күй мен жыр-әні?!  

Оңашада  ойлайтыны – өткені,

Уақыт деген тоқтап қалған өткен шақта өйткені!

Анасының «Құмаржан» деп мейіріммен өпкені,

Әкесінің, әпкесінің әттең, ерте кеткені…

Бәрінен де жанға қатты батқаны:

Оң қолының жаны кетіп қалғаны…

Домбыра тұр жетімсіреп бұрышта,

Иесі келді, қолына ала алмады.

Атыраудың Корчагині

Домбыра тұр, қарайды үнсіз егіліп,

Іштен тынған әкем халін сезініп.

Үстелінде жатыр қағаз, қаламы,

«Кетсем бе әлде бұл дүниеден безініп?!»

Әкем талай күйзелді іштей, сеземін,

Оймен шарлап, жан әлемін кеземін.

«Жеңілді дерт, ажал үнсіз шегінді,

Берілмеспін келгенше енді кезегім!»

деп шешті әкем, айтпаса да сеземін!

«Амал қанша, өртенгенмен өзегім,

Өмір қымбат! Сондықтан да төземін!»

Сол қолымен үйренді ұстап қаламын,

Шежіресін жеткізді ата-бабаның.

Сегіз кітап жазды әкем сол қолмен,

Бір құдірет қолдады-ау деп санадым,

Өр рухынан жанға жігер табамын,

Сабырынан үлгі-өнеге аламын.

Көкірегінде жатар қазына, жатар мұң,

Білмес пенде таңның қалай атарын..

Содан бері кетіпті өтіп отыз жыл,

Атыраудың Корчагині атандың!

Домбырасы, жансерігі күй төккен,

Көзі түссе еске түсер кезі өткен.

Ауыртқысы келмеді, әлде, жүрегін,

Бата беріп, айтып әппақ тілегін.

Жансерігі – домбырасын бір күні,

Тарту етіп, қуантты әкем жиенін.

Аңызға айналған Абыз

…Оралмайды-ау сол бір тәтті балалық,

Сол күндерден алыстады аралық.

Дауылдатып әкем тартқан күйлер-ай,

Кеттік ұшып, әке үйінен аттанып,

Қыздар өзге босағадан бақ тауып…

Әкем айтқан әндер қалды жатталып,

Қимас күндер жүректерде сақталып…

…Менің үшін бәрінен де жан ізгі —

Асқар тауым, ұрпақтардың аңызы.

Өр рухыңмен алға қарай жетелер,

Бүгін өзің – Атыраудың абызы.

Баян  ҚҰМАРҒАЛИҚЫЗЫ,

Атырау қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button