Өнегелі ӨМІР – өрімді ШЕЖІРЕ
ҚАЗАҚТЫҢ ЖУРНАЛИСТИКА ҒЫЛЫМЫНДА ОЧЕРК ЖАНРЫН ЖАН-ЖАҚТЫ ЗЕРТТЕГЕН БЕЛГІЛІ ҒАЛЫМ, АТАҚТЫ ЖУРНАЛИСТ ТӨЛЕУБАЙ ЫДЫРЫСОВ «ШЕБЕРЛІК БАСТАУЫ» АТТЫ КІТАБЫНДА ОЧЕРК ЖАЗУШЫ ҚАЛАМГЕРЛЕРДІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫНА ТАЛДАУ ЖАСАЙ КЕЛІП, «ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ОЧЕРКТЕРІНДЕ ОҚИҒА ЖЕЛІСІ БЕЛГІЛІ БІР ЖҮЙЕМЕН ЖҮРІП ОТЫРАДЫ. СӘУІРБЕК БАҚБЕРГЕНОВ БҰРЫНҒЫ МЕН ҚАЗІРГІНІ САЛЫСТЫРУ АРҚЫЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТҮЙІН ІЗДЕЙДІ. ҚАЛМҰҚАН ИСАБАЕВ ӘДЕБИЕТІМІЗГЕ ОЧЕРКТІҢ КҮНДЕЛІК ФОРМАСЫН ЕНГІЗДІ» ДЕП, ОЛАРҒА ЗОР БАҒА БЕРЕДІ. ӨЗ БАСЫМ ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ ПЕН СӘУІРБЕК БАҚБЕРГЕНОВТІҢ ОЧЕРК ЖАЗУ ТӘСІЛДЕРІНЕ БЕРІЛГЕН БАҒАНЫ ТАНЫМАЛ ЖУРНАЛИСТ ҚҰМАРҒАЛИ ҒАБДЕШЕВКЕ ДЕ БЕРЕР ЕДІМ.
Құмарғали Ғабдешев жазған очерктердің көбі, тіпті эсселерінің өзі әңгімеге бергісіз, көркем. Ол – Атырау журналистерінің, қала берді республика көсемсөзшілерінің қазіргі аға буын өкілдерінің бірі. Оның қаламынан туындаған дүниелер оқырмандарына тәлім-тәрбие берерліктей, танымдық та деңгейі жоғары. 1936 жылы Индер ауданында туыпөскен Құмарғали Ғабдешұлы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әлФараби атындағы ҚазҰУ) журналистика бөлімін бітірген. Ұзақ жылдар бойы облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінде қатардағы қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. Бірнеше жыл облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, бірінші хатшының көмекшісі болды. 1974-1986 жылдары республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі болып қызмет атқарды. Осы кезде өзінің өмірді терең білетіндігін, очерк жазудың нағыз майталман шебері екенін әйгіледі. «Социалистік Қазақстан» газетінде үзбей жарияланған очерктері мақталып, редакцияның талай бәйгелеріне ие болды. 1986 жылдан кейін облыстық «Атырау» газеті редакциясына қайта оралып, құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін сегіз жылдай бас редактордың орынбасары болды. Қазақстанның Құрметті журналисі Құмарғали Ғабдешевтің қаламынан «Нарынға Бөкей бастап өтіп еді» (Әбуғали Ғабдуллинмен бірігіп жазған), «Сағым жылдар», «Каспиймұнайбайланыс: жылдар және адамдар», «Тегіңді білу – тектілік», «Дариға дәурен», «Жадыңда ма жас шағың?» деген кітаптар туындады. Олардың көпшілігіне, сондай-ақ, «Өрлеу», «Парасат», «Теңіз тарландары», «Жастықтың жанартаулары», «Ауылым – әнім», басқа да жинақтарға оның таңдаулы очерктері мен эсселері топтастырылған. Сонымен қатар, кіші жүз руларына байланысты бірнеше еңбектер жазған. Очерктері мен эсселерінің қай-қайсысын оқысаңыз да оқушысын баурап алып, жалықтырмайды. Мәселен, оның «Коммунистік еңбек» газетінде (1977 ж. 7 шілде) жарияланған Ұлы Қазан төңкерісінің 60 жылдығына орай Азамат соғысының ардагері Ягофар Аллояров туралы жазған «Өмір мұраты», «Социалистік Қазақстан» газетіндегі атақшы балықшы Қадиша Шәріпова жөніндегі «Озаттың жарқын жазы», Ұлы Жеңістің 50 жылдығына байланысты Кеңес Одағының төрт дүркін Батыры атанған даңқты қолбасшы Георгий Жуковтың өзі мақтаған сардар Кенжебай Мәденов хақындағы «Маршал мақтаған майдангер» («Атырау», 1995 ж. 23 ақпан), ақиық ақын Хамит Ерғалиевтің әйгілі «Құрманғазы» дастанын жазуға себепкер болған дарынды күйші Қабылан Шоқанұлы туралы «Қабылан шерткен күйлер-ай!» («Атамекен», №31, 2001 ж.), жауынгерлік «Даңқ» ордендерінің толық кавалері Ғизат Әліпов жайлы «Атыраудың ақиығы», басқа да очерктері осының айғағы іспеттес. Құмарғали Ғабдешевтің очерктерінің к е й і п к е р л е р і – з а м а н ы м ы з д ы ң қаһармандары. Демек, еліктерлік, тәлім аларлық ештеңесі жоқ кез-келген адам немесе өмірбаян оған образ бола алмайды. Очерк кейіпкерінің іс-әрекетін, жағымды мінезін, рухани дүниесін, мақсат-мүддесін, ой-сезімін шыншылдықпен суреттеу – образ жасаудағы, мінез-құлқын ашудағы биік мұрат. Кейіпкердің еңбегімен, тағдырымен жете таныспайынша, оны шын ұнатып, шын сүйе білмейінше жақсы образ шығару мүмкін емес. Кейде журналист өз кейіпкерімен мәңгілік достасып, бір-бірінен қартайғанша қол үзбей, отбасымен араласып кетіп жатады. Сондай кейіпкерлерінің қатарында батыр Кенжебай Мәденов, «Даңқ» орденінің толық иегері Ғизат Әліповтерді айтуға болады. Тіпті, олардың өздері өмірден өтсе де, кейінгі ұрпағымен қарым-қатынасын әлі үзген жоқ. Бүгін біз осы екі кейіпкердің бірі – Ғизат Әліпов туралы очеркті кеңірек тарқатайық. Оқырман жақсы біледі, очеркте ең ұтымдысы – еңбек пен майдан, майдан болғанда соғыс кезіндегі ерліктер тығыз б а й л а н ы с т ы р ы л а , б і р і н е н б і р і туындатыла жазылуы. Басында оның кейіпкерін еңбек ортасынан, тасқын ортасынан көресіз. Көз алдыңызға Ғ и з а т т ы ң а л ы п б е й н е с і н , е р е н қимылын әкеледі. «Оның қара торы өңі тотығып, ұшқын атқан қос жанары ісіңкі тартқан. Бұл кісінің кесек бітімі мен мығым сөзі өзінің алып денесімен тау екпінін тоқтатқан ертегінің батырын көз алдыңа елестетеді. Ғизат алапат тасқынмен тайталас басталғалы жайғасып отырып, демалған кезі болмапты» деген суреттеулер жаңағы айтқанымызды дәлелдей түседі. Журналист осы арада бір оқиғадан екінші оқиғаға, яғни бейбіт өмірден өлім мен өмір айқасқан қанды қырғынды соғысқа өтуді шебер шендестіріп, келістірген. Кейіпкердің соғыс қимылдары нанымды баяндалады. Жарақаттанып, госпитальда жатқанында әкесінен хат алуы – очерк үшін керек эпизодтар. Бірақ, осы жерде әкесінің хатына «жарақатың үшін фашистердің сазайын тартқыз» деуі жасандылау тәрізді көрінеді. Алайда, ол сол кездегі кеңестік идеология, патриоттық тәрбие үшін керек те еді. Ғ а л ы м — ж у р н а л и с т Т ө л е у б а й Ыдырысов «Очерк – бәрінен бұрын өмір шежіресі. Заман ағымына ілесіп, өмір тынысымен бірге соғатын, елімізде болып жатқан сан қилы оқиғалармен, қызық-қызық жаңалықтармен ізін суытпай жедеғабыл таныстыратын, өзімізбен бірге өнегелі еңбек етіп жатқан замандастырыңыздың шынайы бейнесін жасайтын жанрлардың бірі осы очерк» деген еді. Көріпкел ғалымның айтқаны Құмарғали Ғабдешевтің «Атыраудың ақиығы» атты очеркін оқығанда, онымен терең үндесіп жатқанын көруге болады. Бұл – шын мәнінде Құмарғали Ғабдешевтің бір демде оқылатын шағын, ортақол очеркі. Оның көркемдік деңгейі жоғары, композициялық құрылымы шебер, мазмұны қызықты, тілі шұрайлы очерктері жетерлік. Соның бірі – кезінде «Атырау»-дың жанынан шығып тұрған әдеби-тарихи «Атамекен» газетінің 2001 жылғы №31 санында жарияланған, кейін өзінің «Дариға – дәурен» атты эсселер мен очерктер жинағына енген «Қабылан шерткен күйлер-ай!» атты очеркі. Бір ғажабы, ол бастау сәтінен-ақ оқырманын өзіне қарай тартып алатын тілімен ерекшеленеді. Жасыратыны жоқ, очерк деп жүрген бірқатар дүниелеріміздің тілі жұтаң, тартымсыз, кілең қасаң, жаттанды сөздерден тұратындығымен кеудеден кері итереді. Кім де кім тәуір очерк жазғысы келсе, өзінің сөздік қорын халық тілінің небір асыл шұрайымен байытып отыруы керек. Диалог, эпитет, теңеу, метафора, мақал-мәтел қолданғанда, портрет мінездемесінде тіл мен стильдің жатықтығымен қоса көркемдік бояу таптырмайды-ақ. Құмарғали Ғабдешев очеркіндегі жақсы суреттеуді, құнарлы тіл өрнегін кездестіргенде көңіліңіз сергіп қалады. Оның ең басты шеберлігінің бірі, жазып отырған объектісінің тілімен сөйлеп, соның төңірегіндегі кәсіптік сөздерді халықтық сөз қайнарынан суырып әкеліп пайдалануы. Ел, жер, мәдениет, адам бір-бірін толықтырып тұрады. «Қабылан шерткен күйлерайдың» алғашқы жолдарындағы «Ақ боз үйдің маңынан күй күмбірі шалқи көтеріліп, төңіректі сұлу сазға бөлеген. Әудем жерден қарауытып көрінген нар шағылына дейін тортадай туырылып, осы бір әсем әуенді елти тыңдап жатқандай…», — дегенді көзбен емес, көңілге тоқи отырып, жүрекпен оқысаңыз еріксіз құныға түсесіз. Тұтас екі сөйлем – тұнып тұрған көркем бояу. Ақ боз үй, әудем жер, нар шағыл, тортадай туырылу… сөздердің небір шұрайларын тапқан. Екі сөйлем күй туралы үлкен әңгіменің кірісі екеніне кәміл иланасыз да әрі қарай құмартып оқисыз. Құмарғали Ғабдешев күйшілер ортасында өскен, өзі де тым-тәуір күй тартатын, өнерге ден қойған журналист. Сондықтан болар, күйдің табиғатын, күйшінің бітім-болмысын, қасиет-қадірін жақсы түсінеді. Очерк жазатын адамға таптырмас ахуал. Сондықтан да оның жазғандары шынайы шығады. «Жан жүйкеңді шымырлатқан, сезім тұңғиығын қозғайтын құйқылжыған әуез, сазды үн бір үзіліп, бір созылып, дүбірлеп желге беттеген жылқыдай жөңкіп кетіп еді. Домбыраны қай екпінмен қақса да шанаққа тырнақ тигізбей таза үн шығарады…» Очерктен алынған осы үзінділер біраз нәрсені аңғартады, күйшінің қандай биіктің иесі, домбыра тартудың нағыз шебері екендігін айна-қатесіз дәлелдеп береді. Журналист кәсіби сазгер, айтулы күйші тілімен сөйлейді. Сол себепті де ол жалықтырмайды, қайта қанықтырады. Тілі жұпыны емес, немесе керісінше, бояуды қалың жаққан орынсыз астарлы да емес, бейнелеу құралдарын шебер пайдаланған очерк нағыз көркемдікпублицистикалық өлшемдерге жауап беретін құнды шығарма болып шыққан. Оған аяқ басқан сайын кезіккен теңеулер, эпитеттер толыққанды жауап береді. Мәселен, «Перне біткен сыңси сыңқылдап, егіз ішектер қатар боздап, беу-беулеп барады», болмаса «Серкебайдың құлағына кейде сыңсыған қаз дауысы, ботасы өлген інгеннің боздағаны естілгендей болады» немесе «Осы мезет аттың шабысындай дүбірлеп, теңіз толқынындай дөңбекшіп келген алапат күй де біткен-ді», тағы бірде «Енді бір сәтте ол домбыра ішегін бірде қақпайлап, бірде шертіп, бірде қиялай қағып неше түрлі әуен шығарады» сондай-ақ, «Шанақ, қос ішек, перне – осы үшеуінің үндесуінен туатын бір дыбыс, соның өзі қандай құдірет десеңізші! Домбыра сазы. Сылқыма сазды, мың мақамды, нақышты, өрнекті күй» деп, бір ғана күйшінің құдіретін көрсету жолында қаншама көркемдеу әдістерін қолданғанын қараңызшы?! Шынайы шебер журналист тағылымы. Сіздер мен біздерге берер өнегесі, тәлімді тәрбиесі. Қалай жазу керектігін, очеркті қалай көркемдеудің жолын бұдан артық қалай үйрету керек?! Жалпы «Қабылан шерткен күйлер-ай» жалғыз ғана Қабылан Шоқанұлы туралы ғана емес, біріне-бірі жалғасқан күйшілер толқыны жайлы энциклопедиялық деңгейдегі дерлік очерк. Одан Қабылан төңірегіндегі күйді қадір тұтқандармен қатар, Нарын өңірінен өрбіген Сағын Жалмышев, Сүндет Хасанов, Ризуан Қойшиев, Қазекеш Мұқтаров, сонымен қатар Ғатиет Тастанбеков, Ибатолла Шәкіманов, Сүндетқали Түсіпқалиев, Ғатау Ибішев, Самат Мәдиев, Кәмила Қапаева, Ағиба Мәдиева тәрізді күйшілердің есімдерін табуға болады. «Құрманғазы туған өлкеде дәулескер күйшілер мен сазгерлер Абыл, Байжұма, Балабайсаң, Соқыр Есжан, Ұзақ, Боғда, Кәуен, Мәмен, Құлшар, Дәулеткерей, Сейтек, Дина, Науша, Махамбет, Жантөре, Түркеш, Ерғали, Лұқпан, Есбай, Есір, Өскенбай» болғанын еске салады. Очерк энциклопедиялық деңгейде дегеніміз сондықтан еді. Осындай күйшілер атын кейінге жеткізуімен де құнды. Ұрпақ пен ұрпақ арасын үзбей, күй қасиетін терең таныта отырып жазылған очерктің бүгінгі сөз етіп отырғанымыз – тілінің көркемдігі. Онда күй төңірегіндегі суреттеу шеберліктерімен бірге табиғат көріністері, ауыл тірліктері де әдемі өрнектеледі. «Нарын десе, шіркін, Нарын еді-ау! Шөбі шүйгін, байтақ алқап. Сонадайдан мұнартқан аппақ төбе, шағылдар…» «Шопан тауының етегі. Көктемде уілдеп тұратын сәттері де болушы еді. Өйтетін жөні де бар…» « Ш о п а н т а у с о л б а я ғ ы д а й тәкаппарлығын сақтап, оқта-текте соғатын желге өтін тосып, томсарып жатыр…» Журналист осылардың бәрін күйші туралы очеркке тегін топтастырып отырған жоқ. Күй мен табиғат – егіз. Мақсат – осы егізді бір-бірінен айырмау. Шығармасында пейзажды суреттей отырып, очеркист өзінің табиғатқа көзқарасын білдіреді. Өзі аралаған жердің табиғатынан жұрт қызығарлық көріністерін екшеп алады. Қазақстанның Құрметті журналисі Құмарғали Ғабдешевтің қаламынан шыққан дүниелер – бүгінгі жас журналистерге, барша қаламгерге қалай жазудың ғажайып үлгі-өнегесі. Сондықтан, атақты көсемсөзшілердің қатарында бүгінде жасы сексеннің сеңгірінен көрініп отырған оның да шеберлігі, тәжірибесі сүзгіден өткізілгендей талданып, «Атырау қаламгерлерінің көркем публицистикасы» оқу құралы кітабына енгізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында болашақта қызмет істейтін студенттердің оқып, үйренуіне ұсынылуы заңдылық. Шебердің аты – қашан да шебер!..
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры, Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақпарат саласының үздігі
Қазақстанның Құрметті журналисі Құмарғали Ғабдешевтің қаламынан шыққан дүниелер – бүгінгі жас журналистерге, барша қаламгерге қалай жазудың ғажайып үлгі-өнегесі. Сондықтан, атақты көсемсөзшілердің қатарында бүгінде жасы сексеннің сеңгірінен көрініп отырған оның да шеберлігі, тәжірибесі сүзгіден өткізілгендей талданып, «Атырау қаламгерлерінің көркем публицистикасы» оқу құралы кітабына енгізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында болашақта қызмет істейтін студенттердің оқып, үйренуіне ұсынылуы заңдылық. Шебердің аты – қашан да шебер.