Атырауда 12 қыз бен 1 ұлдың анасы тұрады…

ekekekek СарапTime

Расында, әр отбасының өзіне тән ерекшелігі, өмір сүру тәртібі мен дағдысы, бір сөзбен айтқанда, өзіндік қағидасы болады. Мұндай заңдылықты сол әулеттің жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі, өнегесі деуге де негіз бар. Осының бәрі жиналып келіп, отбасы мүшелерінің ауызбірлігіне, сыйластығына саяды. Біздің кейіпкеріміз дүниеге бір емес, 12 қыз әкелген ана екен.

Екінші рет көргенде… алып қашты!

Облыс орталығынан шалғай жатқан сол кездегі Теңіз ауданында өмірге келіп, оныншыны енді бітіріп жатқан Сәуленің «оқып, білім алсам» дегеннен өзге ойы жоқ-ты. Бірақ үлкендер жағы жиі айтатын «тағдыр», «жазмыш» түсінігін қайда қоясыз? Кейде осынау сөздердің де адам өмірінде үлкен орын алатынына сенбей болмайтындай ма, қалай?! Не керек, Сәуленің өңі де, мінезі де ашық жігітті осымен екінші рет көруі. Су таситын көліктің жүргізушісі екен. Ол қызды ұнатып қалғанын айтып, өмірлік жар болуына қолқа салады. Жастықтың буымен жігіттің сөзіне имандай сеніп қалды ма, әлде жүрек түкпірінде жылт еткен сезімнің әсерінен бе, әйтеуір, қыз үйдегілерге білдірмей, Зұлпыхармен бірге қаша жөнеледі. Сол қашумен Новобогат құмындағы ауылға келін болып түседі. Жап-жас қарындасын алып қашқан жігіттің сазайын бермек болған қыздың ағалары да, «еркіңнен тыс келген жоқсың ба?» деп сұраған жеңгелері де үйлеріне бос қайтады. Қыз оларға: «Өзім келдім. Енді осы шаңырақтан менің сүйегім ғана шығады. Ешқайда да бармаймын!» – деп жауап береді. Зұлпыхар Сақыпов – шаңырақтағы үш қыздың арасында өскен жалғыз ұл. Әкесі өмірден ертерек өткен. Анасы Хамсен жалғыз келіні Сәулені жас балаша баптап, жақтап отыратын. Кейбір енелер секілді баласына жамандап, екі ортаға сөз тасыған жоқ. Керісінше жастардың ауызбірлігін, отбасы берекесін ойлаумен жүрді. Нендей нәрсені де ақылмен түсіндіріп, келінімен кеңесіп отыруды есінен бір сәт шығармаған көрінеді.

Әсият, Зухра, Гаухар… – 12 қыз!

«Құдай бір берсе, мол береді». Біреу бір перзентке зар болып жүрсе, жаратқан иеміз Зұлпыхар мен Сәулеге бірінен соң бірі 12 қыз тарту етті. Олар – Әсият, Зухра, Гауһар, Жаңылсын, Айнагүл, Гүлшат, Динара, Ұлмекен, Мейрамгүл, Гүлден, Ардақ, Әйгерім. Ағайын-туыс пен дос-жаранның да өмірге тағы да қыз бала келетініне әбден // Берекелі шаңырақ көздері үйренгені сонша, кейінгілерін үйге келіп, құттықтамайтын болыпты. Тек отағасы ғана «Олар – менің алтындарым, жақұттарым» дейді екен. Бір ғажабы, енесі де, ері де Сәулеге: – Жұрттың әйелдері секілді неге ұл тумайсың, а?! – деп, бір рет те бетінен алып көрмепті. Бұл туралы «Алтын алқалы» ана: – Әрине, қыздың да, ұлдың да өз орны бар. Үшеу емес, бесеу емес, бақандай 12 қыз туғаннан кейін енем мен күйеуімнің ұлды дәмететінін іштей білетінмін. Әкелері «түбінде шаңырақты ұстайтын ұл келеді, көр де тұр!» деп, мені де жігерлендіріп қоятын, – дейді.

«Сүйінші, біз ұлды болдық!»

«Алладан бар болмысыңмен тілеген тілек қабыл болады» деген рас екен. 43 жасында Сәуле ананың он үшінші перзентіне аяғы ауырлайды. Айы-күні жетіп, перзентханаға түседі. Бұл жолы, шынында да, өмірдегі үлкен армантілегі орындалып, дүниеге шекесі торсықтай ұл келеді! Өзінен бұрын күйеуін ойлаған Сәуле дәрігерлерге: – Мүмкін, әзір ештеңе демей-ақ қоясыздар ма, қуанғанынан жүрегі жарылып кетер… – деп, қолқа салады. Бірақ ақжелеңділер барды бар деп айтатындарын, медицинада ештеңені жасыруға болмайтынын жеткізеді. …Апамыздың әлі есінде, 4-ші же л то қ с а н . Жа й ы қ бе т і н м ұ з көмкерген. Зұлпыхар әке мұзбен тіке өтіп, облыстық перзентхана үйіне жетеді. Келсе, алдында жақсы хабар: «Сіз ұлды болдыңыз!» Сенер-сенбесін білмеген ол дереу әйелі жатқан палатаның тұсына келіп, Сәулесін шақырады. Терезеден бір жапырақ болып жатқан қызылшақа ұлын көріп, көңілі босап кетеді… – Тәуба, бұл қуанышқа да жеттім!.. Перзентханадан үйге шыққан соң есікке тыныштық болмайды. Жұрт «Зұлпыхардың ұлын көреміз» деп ағылып келіп жатады. Осынша қыздан кейін келген ұлдан ерекшелік күтті ме, әйтеуір, бәріне қызық. Сәбиге ұзақ үңіліп, басқаша келбет күтетіндей қадалып қарайды-ақ. «Батыр ана» атанған Сәуле апай өмірге бала әкеліп те, жұмыс жасап та үлгеріпті. Өзі айтқандай, 13 баланың аман-есен өсіп-жетілуіне алдымен Алла, одан қалды енесі мен үлкен қыздары көмектескен. Өзі сауда саласында еселі еңбек етіп, түрлі дүкендерде сатушы болып істеген.

Көп бала – бауырмал

Кейбір отбасыларында екі не үш қыз қатар келсе, сол үйдің ата-әжесі, болмаса әкесінің қабағы қатуланып, жарына айтпасты айтып, қыз туғаны үшін ренжіп жатады. Сәуле апай осындай жігіттерді түсінбейтінін, олардың қандай нәрсенің де байыбына бара бермейтіндерін айтады. «Қыз баланы қызыл алтынға теңеген аталарымыз бәрін екшеп, бастарынан өткен түрлі оқиғаны кейінгілерге өнеге еткен болар. «Қызды Алла береді. Олар кеңшілік кезде – гүлзарың, қиыншылықта – жәрдемшің, ауырғанда – күтушің» деген сөз қалай тауып айтылған!» деп шаттанады Батыр ана. – Бұрын біз көрші орыс халқының ұлдары болса да, қыздарының қолында тұратынын көріп, оларды кәдімгідей жазғырушы едік. Сөйтсек, олар жанының саясын біледі екен. Біздің де 12 қызымыз – марқұм әкелері айтып кеткендей, 12 бағымыз, 12 жұлдызымыз. Жаратқан иеміз оларды жақсы жерге кезіктіріп, жарасымды жұп етті. Бүгінде олардан 40 жиен, 6 жиеншар сүйіп отырмын. Әкесінен ертерек қалған кенжетайым – Амангелдіге 12 жездесі әкесіндей, туған ағасындай қамқор болып жүр. Ұлым шаңырағымызға Әйгерім есімді келін түсіріп, қазір Раяна атты немеремді әлдилеп отырған жайым бар. Мен өзімді ең бақытты адаммын деп есептеймін! – дейді 72 жастағы «Алтын алқалы» Сәуле Қазенқызы. Қоштасарда алтын құрсақты ана: – Егер тұрмыс жайы мен саулық көтеріп жатса, көп балалы болғанға не жетсін! Осыны келіндердің құлағына жеткізіңіздер, – деді бізге. Өмірге 13 перзент әкелген Батыр ананың аппақ тілегі, адал аманаты, міне, осындай!

Лиза СЕЙТІМОВА
izobrazhenie 2021 03 03 015049
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз