Атыраудағы бәйгеде кішкентай бүлдіршін көлік ұтты!

araprara СарапTime

ӨТКЕН СЕНБІ КҮНІ ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНДА ТАЙЛАР МЕН ҚҰНАНДАР АРАСЫНДА ЕРЕКШЕ БӘЙГЕ ӨТТІ. 33 ТАЙ МЕН 27 ҚҰНАН БАҚ СЫНАҒАН АЛАМАННЫҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕ ТУҒАН ЖҮЙРІК ЖЫЛҚЫЛАРДЫ ІРІКТЕУ, СОЛ АРҚЫЛЫ ТҰҚЫМЫ БАСҚА БОЛҒАНЫМЕН ЕЛІМІЗДЕ ӨСІРІЛІП ЖАТҚАН БӘЙГЕ АТТАРЫН ТІЗІМДЕП, ҚҰЖАТТАУ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ.

Соңғы 10 жылда Қазақстанда ат спортына ден қойыла бастағаны қуантады. Әсіресе, бұрыннан тұғыры мықталған Жамбыл, Алматы, Қостанай облыстарының тұлпарлары талай аламанда топ жарып жүр. Бірақ, ол сәйгүліктер шетелдерден сатып алынғаны себепті олар құжат бойынша араб, ағылшын секілді басқа елдің аттары болып саналады. Енді сырттан әкелінген сол жүйрік айғырлар мен биелерден туған төл нағыз қазақтың қолтумасы болып еліміздің атын шығармақ. Сонымен жиналғанның делебесін қоздырған тай-құнандардың бәйгесіне оралайық. Миялы ауылының іргесіндегі «Бәйгетөбеге» жиылған қарақұрым көрермен алдымен 33 тайдың өнерін тамашалады. Тай дегенімізбен дене бітісі жабы жылқының сақа атына парапар денелі де, ірі тайлар тізгіндерін сүзіп, қалың топтың алдына шыққанда жылқы малының сонша әсем кейпіне көз тойғандай болды. Тай бәйге екі айналым, 6 шақырым деп белгіленген екен. Сол күні табиғат та райын беріп, нағыз тұлпардың бағын ашқандай қоңырсалқын болып тұрды. Бұл жас жүйріктер еліміздің 8 облысынан іріктеліп алынған. Іріктелген деп отырғанымыз, осы жас жүйріктердің барлығы да өз өңірлерінде бәйгеге түсіп, топтан озған мақтаулылар бүгінде Қызылқоға төріне жиналып отырған еді. Алқалы топтың алдынан өткен Абай облысының «Айқасқасы», Алматы облысынан келген қос қара төбел мен Қызылорданың әйгілі саңлағы «Қоянқасқадан» аумай қалған қос жирен атқұмар қазақтың қошеметіне бөленді. Әсіресе, Қызылқоғаның Сағыз, Мұқыр ауылдарынан келген саңлақтар ортаға шыққанда халық қиқуы жер жарғандай болды. Қош, сонымен бәйге басталды. Алдымен алға Оралдан келген «Ақжауын» атты тай шықты. Бірінші айналымды орталай бере қалған жүйріктердің де бауыры жазылып, нағыз бәсеке басталды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, 33 тайды санап озған Жамбылдың Қордайынан келген торы төбел тай мәреге жеке дара келді. Осылайша, бас бәйге – автокөлік жамбылдықтарға бұйырды. Құнан бәйгенің байрағын сарапқа салуға сол 8 облыстан 27 жүйрік шықты. Бұл топта аузымен құс тістеген жүйрік деп Алматы облысының тұлпарларын әңгіме етіп тұрған атбегілердің болжамын тағы да Жамбылдың торы құнаны бұзды. Шын жүйрікке сын бар ма, бірден қара үзіп шыққан торы құнан қалғандарын соңына шұбыртқан күйі 12 шақырымдық бәйге алаңының мәресіне жалғыз жетті. Бұл да қордайлық тұлпар екен. Осылайша, екінші автокөлік те иесін тапты. Бұл республикалық сайыс болғандықтан жүлде қоры қомақты болатын. Бәйгеге қатысқан 6 жүйрікке байрақ тігіліпті. Шыны керек, ат жаратып бәйгеге қосу оңай шаруа емес. Айлап баптап, жылдап күтетін байраққа жеткенше аттың да, адамның да тағаты таусылатыны рас. Сол себепті, бүгінгі атбегілер бәйгенің тек осындай еңбегі ақталатын қомақтысына ғана баруға ұмтылады. Ауыл-үйдің ат шабысы олар үшін ермек болудан қалған. Айтқандай, Қызылқоға төрін қиқуға толтырған бәйгенің қос автокөлігі де бір кісіге бұйырды. Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген Айдар Нұрмағамбетов деген атбегінің қос торысы сол күннің аңызына айналып, автокөлік пен сертификат және медальдарын алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осылайша, тайлар мен құнандар арасындағы республикалық бәйге мәреге жетті. Бірақ, бұл жерде ұтқан да, ұтылған да ешкім жоқ. Рас, аты озғанның мерейі қашан да үстем. Дегенмен, бұл бәйге еліміздің ертеңгі тұлпарларын анықтаған сынақ болды. Тіпті, алғашқы алтылыққа іліге алмағандардың өзі, Қазақстанда туған қолтума тұлпарын құжаттап, рәсімдеп, ат спорты федерациясына тіркетіп қайтты. Негізі, бұл жиынның басты мақсаты да осы болатын. Қазақ жылқылары – төзімді, сыртқы орта жағдайына көнбіс, жыл бойы үйірімен түзде жайылып, бағымды көп қажет етпейтін түлік. Олардың арасынан да қазанаттар шығып, жүйрік атанып жүр. Бірақ, жылқымен бірге туған дейтін халықтың қазіргі бәйгесінің сыры да, сыны да өзгерген. Ұлттық спорт қауымдастығы жыл сайын өткізетін «Алтын тұлпар» республикалық турнирінде әр жылдары алдына қара салмаған нағыз тұлпарлар шығып жатады. Алайда, олардың осы күнге дейін «қазақтың қолтумасы» деген құжаттары жоқ. Мысалы, біздің мемлекетке келетін ағылшын, араб, орыс жылқыларының жеті атасы құжатында жазулы тұрады. Ал, бізде бұл жүйе әлі күнге жолға қойылар емес. Демек, бізге де осы мәселені қолға алатын уақыт жетті. Атамыз қазақ «тұяқты тұяқ жібермейді» деп бекер айтпаған. Алайда, бүгінгі бәйгенің де, жүйріктердің де сойы бөлек. Қазақы қарабайыр мен жабыдан жүйріктер шыққанымен, оны шетелдік тұлпарлармен салыстыруға болмайды. Тұрқы ұзын, сирақты жүйріктер «қазақы жылқының екі аттағанын бір-ақ алып кетері даусыз. Олардың жылдамдығы да өте жоғары. Мысалы, осы бәйгеде тайларға қойылған талап 3 шақырым қашықтықты 7 минутта шауып шығуы тиіс болды. Оған біздің тайлар жете алмайтыны анық. Міне, енді қазақ тұлпарын қалыптастырамыз десек, сол қазанаттардан тұқым алуға қамданған дұрыс. Атырау облысы Бәйге федерациясының президенті Қайырбек Баймұратов алдағы уақытта қолтума бәйге аттарын қалыптастыру – ұлттық өнерді дәріптеудің үздік тәсілдерінің бірі екенін де айтты. Шындығында, федерацияның негізгі ұстанымы да сол. Әйтпесе, бәйге аттарының бабын тауып,оны додаға дайындау да үлкен проблемаға айналып барады.

Арыстанбек КЕНЖЕ

Қызылқоға ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз