«АTYRAÝ» газетінің абыройы асқақ, беделі биік!
БҰЛ КҮНДЕ БІР ҒАСЫРЛЫҚ ЖОЛДАН ӨТКЕН ОБЛЫС БАСПАСӨЗІНІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ «ЕРІК» ДЕГЕН АТАУМЕН ӨЗ ТҮНДІГІН АШЫП, БОСАҒАСЫН БЕКІТКЕН «АTYRAÝ » ГАЗЕТІНІҢ ӨМІР ӨРНЕГІ ӘРҚАШАН ДА ЖАРҚЫН. ОЛ ОСЫ УАҚЫТТАР ІШІНДЕ КЕРЕГЕСІН ТІКТЕП, УЫҚТАРЫН НЫҚТАДЫ.
Қазірде оның шаңырағы шалқақ, іргесі мықты. Өткен кезеңдерде газет қабырғасында қаншама қаламы жүйрік журналистер тер төкті. Басшылықта тізгін ұстап, осы салада қайраткерлік танытып, тұлға атанды. Солардың ішінде алғашқы онжылдықтағы Ғабды Аманғалиев, Сағат Жұмағазиевтер кейінгі жылдарға дейін өмір сүрді. 40-шы, 50-ші жылдары еңбек еткендерден Тауман Амандосов, Берік Қорқытов, Түсіп Бисекенов, Жәрдем Тоғашев, Әбілқайыр Кенжебаев, Айдын Айбаровтар күні кешеге дейін ортамызда жүрді.
Бір қарағанда бұл ағалардың бәрі де аталған газеттің алғашқы жартысында еңбек етіп, тер төккендер. Екінші жартысына аз ба, көп пе, біздің де үлес қосып, газеттің оқырман көзайымына айналуына жұмыстанғанымыз бар. Оның бастауы – 1973 жылдың көктемі еді. Сол кезгі газет атауы – «Коммунистік еңбек» болатын. Бұл Маңғыстаудың өз алдына облыс болып, газеттегі аталған өңірдегі меншікті тілшілерінің орындарының босап жатқан кезі. Тап осы кезде Маңғыстаудың Бейнеуінде мектепте жүрген мені газет басшылығының жұмысқа шақырмасы бар ма? Алдыңғы жылы алыстағы ауылыма барамын деп келісіп қойған орнымнан айырылып қалғанымды қайтерсің. Бұл жолы қуана-қуана келгенмін. Басшылық бірден келісе кетті.
Осы кезде бас-аяғы екі аптада басылымға бес адам жұмысқа алындық. Кадр таңдаудағы мұндай ерекшелік газет тарихында бұрын-соңды болған емес. Олар – менен төрт күн бұрын «Лениншіл жас» газетінде істеген балықшылық Сара Досниязова жастар бөліміне, мен мәдениетке, менен соң оған дейін Мақаттың «Мұнайшы» газетінде бөлім меңерушісі болып істеген Тасмағамбет Текеев өнеркәсіпке, Ембі аудандық «Ембі», Қызылқоға а у д а н д ы қ « К о м м у н и з м т а ң ы » газеттерінде редактордың орынбасары болып істеген Бақытжан Бозданов пен Төлеген Жаңабайұлы «Коммунистік еңбектің» Ембі, Қызылқоға аудандары бойынша меншікті тілшілері қызметіне ауыстырылды.
Ал ғ а ш қ ы с а н ы н ы ң ш ы ғ а бастағанына жарты ғасыр толған газеттің шығармашылық құрамы бұл кезде қалыптасқан, яғни бас редактор (ол кезде редактор) Түсіп Бисекенов, о н ы ң о р ы н б а с а р л а р ы Ә б у ғ а л и Ғабдуллин мен Шөпенғали Дәуенов бірі 40-шы жылдардың басында, қалған екеуі аяғында газетке келсе, жауапты хатшы Сансызбай Охасов, партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Тәжі Ақымов 50- ші жылдардың ортасында осында еңбек жолын бастаған.
Олардан кейінгі топта бөлім меңгерушілері Әміреш Жұмағалиев, Қ ұ м а р К е н ж е ғ а л и е в , Н ұ р е д е н Мұфтахов, Қилыбай Қуанышбаевтар мен әдеби қызметкерлер Жаңбырбай Сұлтанғалиев, Мұқан Көптілеуов, Қазихан Қабдел, Айтқали Нұрғалиевтер алпыс пен жетпістің арасында келгендер. Араларындағы ең жасы – Айтқали, оның өзі оқу орнын 1969 жылы бітірген. Былайша айтқанда бәрі де өмір тәжірибесі мол, көргені көп және жазу шеберлігі жетілген маман журналистер. Дәлдеп айтқанда, журналистік қадамды аудандар бойынша меншікті тілшіліктен бастаған Әбекең мен Шөкең өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы тақырыптарын түпшектеп, қазбалай жазумен бірге, кейде шалқып, көлдей-көлдей очерктерге де дес беретін. Тәжі өзінің алдындағы бөлім меңгерушісі Құмарғали Ғабдешев сынды партия тұрмысы тақырыбын шегелеп шебер жазады. Құмекең сол кезгі облыстағы 46 кеңшардың басшы, қосшы, бас мал мамандарынан бастап, әр шопанның аты-жөнін жатқа біледі. Олардың қыстаулығы мен жаз жайлаулығын көзін жұмып табады десе де болар.
Сондай-ақ, түрлі тақырыптағы ф е л ь е т о н д а р ы м е н т і л і н е н ш о қ шыққан Нұриденнің де іссапары сын материалдарға толы. Оның алғашқы фельетоны – «Айғыр атқан Әзірбаев» деп аталды. Олардан кейінгілерінің бәрі түрлі келеңсіздіктің бетін ашты.
Бір қарағанда ол кісінің жұмыс істеу кестесі де өзгелерге ұқсамайды. Ертеңгісін таңғы сағат 8-де жұмысқа келеді де, материалын бірден машинистка Ермек (Ихсанова) апайға оқи бастайды. Сағат 10.30-да жазған дүниесін бастықтарға тапсырып, «шаң» болады. Түскі 12.20, одан соң 14.00-де жұмысқа келіп, түске дейінгі дайындаған материалының тағдырын біледі. Одан әрі тағы да жоқ. Содан жұмыс аяқталарға жақын қара көрсетіп, әдеттегі сөзі «Не хабар? Бастықтар іздеп жатқан жоқ па?» дейді.
Бір қызығы – жұмыста болмаған кезде өз шаруасы емес, сол баяғы газеттің қамы – кезекті материалды ұйымдастыру, авторларға тапсырма беру, болмаса хат ізімен тексеріс жүргізеді. Сенбі, жексенбі күндері қиян шеттегі әлдебір қалаларға ұшақпен қатынап, барып келу ол үшін шайдың батасындай. Тағы бір ерекшелігі – ол қандай ортада да әзілі аузында, қалжыңы қалтасында, қыран-топан күй кешіп жүре береді. Ол қандай сын материалды да ұзақ зерттеп жатпайды. Алдын-ала жинақталған деректерін бір арнаға құяды да бір күнде кезекті санға ұсынады.
Сол бір 70-ші жылдары сиректеу жазса да Қазекең (Қазихан) Қабделдің жазғандары да оқырман көңілінен жылы орын алды. Осы арада бір жылы сөзді өн бойы өнерге бұрып тұрған әріптесіміз Мұқан Көптілеуовке арнаған дұрыс сияқты. Ол ұзақ жыл мәдениет бөлімінде қызмет істеп, өнер тақырыбын, театр мен әдебиет жайын көп қаужады. Поэзияны жақсы көретін, ән де салатын. Ол редакциядағы тақырып табудың шебері, очерк жазғанды ұнататын. 1974 жылдың жазында Жылыой өңіріндегі «Коммунизм таңы», «Қосшағыл» совхоздарының малшылары мен пішеншілері жайлы «Күн шығып келеді, жігіттер», «Таудағы трактор даңғыры», «Желтаудағы кеш» деп аталатын циклдық репортаж және бір очерк жазды. Сол үшін редакцияішілік «Қызыл қалам» сыйлығын жеңіп алды.
Өндірістік тақырыпта өндіріп жазған қарымды қаламгердің бірі Айтқали Нұрғалиев еді. Ол қала құрылысын басынан бақайшағына дейін талдайтын. Облыстағы геологиялық барлау барысынан да өткір сын материалдар жазды. Оның дүниелері кейіннен салалық министрліктер алқасы мен облыстық партия комитетінің бюросында талқыланып, тиісті шаралар алынып отыратын. Айтқали мұнай тақырыбында да көптеген тұшымды дүниелерді туғызды. Кейін бұл лекке Тасмағамбет Текеев пен Төлеген Берішбаев қосылды.
Ауыл шаруашылығының жай-күйін сол кезде Тасмұқан Тінәлиевтей қарбыта жазған журналист саусақпен санарлық[1]тұғын. Ол дала ерлерінің сан-салалы науқанды жұмыстар барысындағы қарбаласқа толы іс-қимылын көркем тілмен әдемі суреттейтін. Әсіресе, 1973 жылдың көктеміндегі Тайсойған, Бүйрек бойындағы үш күндік қара жауынның тигізген залалы, келесі жылғы Новинск аралдарындағы теңіздің тасуы, малшылардың тасқынмен тайталасы жайлы очерктері көркем шығармаға бергісіз дүниелер еді. Аталған жылдарда облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуын көрсетуге тынбай қалам тербеген әріптестеріміздің ішінде газеттің аудандардағы меншікті тілшілерінің қосқан үлесі айтарлықтай. Олар өз өңірлерінің барлық саласын терең зерттеп, қоғам талаптарына сай міндеттерді орындаудағы іс-әрекеттер жайлы ұдайы жазып отырды. Бір ерекшелігі, сол кезгі меншікті тілшілердің қайсысы да бесаспап, қарымды қаламгер еді. Атап айтқанда, Исатай, Құрманғазы аудандары мен Ресейдің Астрахан облысы бойынша меншікті тілші Рахмет Иманғалиев кез-келген тақырыптың жілігін шағып, майын ішкен жүйрік журналист болса, редакциядан берілген тапсырманы кідіртпей жүзеге асыратын жеделділігімен де ерекшеленетін.
Газеттің Ембі, Мақат аудандары бойынша меншікті тілшісі Бақытжан Бозданов бір қарағанда тік мінезді, кірпияз болып көрінсе де өз мамандығын құлай сүйетін, әр тапсырманы дәл сол сәтінде болмаса д а ұ з а қ қ а с о з б а й о р ы н д а й т ы н әріптесіміз еді. Ол көбінесе кен мұнай саласы мен ауыл шаруашылығы тақырыбына бірдей тісі өтетін, бірақ сыни материалдарға қазымырланып, түншектегенді ұнатпайтын. Бірақ оның еңбек майталмандары Әбді Дүйсенбеков, Кісенбай Асабаев, Лұқпан Әбдірахманов, Маржан Боранбаева, Зинол Балкенжиев сияқты озаттардың іс-тәжірибесін тарату, жаңадан игеріле бастаған Теңіз кенішінің тынысын көрсетудегі еңбегі айтарлықтай. Алдыңғы екі ағасының өкшесін жалғастыруды Төлеген Жаңабаев ауыл шаруашылықты аудан – Қызылқоғаның екінші тың игерушілері жайлы өндіріп жазды. Әсіресе, сол кездің қаны тамып тұрған тақырыбы – семейлік Шұбартау ауданы жастарының мал шаруашылығындағы топталып түлек өсіру бастамасының өз ауданындағы өріс алуына үн қосты. Жастардың жастық жалыны мен жігер-күштерінің қаншалықты керемет екенін мерзімді басылым беттерінде бейнелеп, олардың ерлікке пара-пар еңбегін насихаттап, көркем тілмен баяндап, көрсетуге батыл араласты. Бір қарағанда аталған бастаманың, яғни ш о п а н к о м с о м о л — ж а с т а р бригадаларын құру ісінде Қызылқоға ауданы сол кезде облыста көш бастады. Оларды тек аудан ғана емес, облыс, республика басшылығы қолдады, жағдай жасады, мүмкіндік туғызды. Соған сай, олар да өз биіктерінен көрінді. Қатарларын кеңейтіп, комсомол-жастар бригадасы тек шопандық кәсіпте емес, барлық салада құрыла бастады.
Аталған аудандар өмірін облыс ж ұ р т ш ы л ы ғ ы н а т а н ы т у д а журналистік шеберліктері үшін Рахмет Иманғалиев газеттің сол кезгі елу жылдан астамғы тарихындағы үшінші және соңғы болып (содан бері мұндай атаққа ешкім де ие болған жоқ) Республиканың еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағын иеленсе, Б.Бозданов пен Т.Жаңабаев және Рекең де өз аудандарының Құрметті азаматтары атанды, басқа да атақтары жетерлік. 1973 жылдың мамыр айының а я ғ ы н д а г а з е т т і ң 5 0 ж ы л д ы ғ ы тойланды. Басылым «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Редактор Түсіп Бисекенов Республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атанды. Бұл жолы адал да абыройлы еңбектері еленіп, марапатталған әріптестеріміз аз болмады. Олардың қатарында шығармашылық қызметкерлермен бірге корректор Ақажан Тілеумағамбетова, машинистка Қымбат Әбдірахманова, Ермек Ихсанова, техникалық қызметкер Рысты Қарымсақова, газет беттеушілер Х а м и д о л л а Ж е т п і с о в , А й т у ғ а н Мұқашевтарды атауға болар еді. Мерейтой кезінде газетте әр жылдары еңбек еткен Ғабды Аманғалиев, Самат Жұмағазиев, басқа да ардагерлер ұжым мүшелерімен кездесіп, ой бөлісті, өз тілектерін білдірді.
Бұдан әрі газеттің жаңа кезеңі басталды. Байырғы журналистер Әміреш Жұмағалиев, Нұриден Муфтахов республикалық газет-журналдарға ауысты. Хат бөлімінің меңгерушісі Хадиша Сұлтанғалиева зейнеткер атанды. Олардың орнын жастар басты. Атын атап, түсін түстесем, ҚазМУ-дың түлектері Т.Берішбаев, М.Елеусінов, Б.Нұрышев, Е.Биғалиев, М.Жекебаева, С.Қайырғалиева, Ә.Мұқанғалиевтер келді. Бұрыннан бар Б.Супьянова, Б.Жәрдемова, К.Ахметова, Н.Есқалиева, С . Қ ұ т ж а н о в , Т.Ғұбайдуллин, Б.Құспанғалиевалардың қатарын А.Құсанов, А.Теміров, Қ.Шәкімовтер толтырды. Кейін басшылық та өзгерді. І с к е ж а н д ы е к п і н к е л д і , шығармашылық жаңару үрдісі белең алды. Бұның өзі өмірдің ұдайы бір орында тұрмайтындығын көрсетеді. Бұрынғылардың тәжірибесін үйреніп, жаңа көзқараспен уақыт талабына сай жұмыс істей бастаған ұжымның тынысы да өміршең, арман-мақсаты да көп. Бұрынғыларын есепке алмағанымызда, соңғы елу жылға жуық уақытта ең бір жанға жақын тұшымды дүниемізді өзіміздің «Аtyraý»-ға берсек деп тұрамыз. Сол кезгі қанаттас аға-апаларымызды, бір айда жұмысқа алынған замандас, аға-дос әріптестерімізді, кейінгі елу жылдағы іні-қарындастарымызды сағынамыз.
Журналист үшін жазу бақыт, сол қалам тартқаның жатып қалмай жарық көрсе – қуаныш. Қанат бітіп қалықтайсың, армандарың орындалатындай керемет бір күй кешесің, өзіңді сондай бақытты сезінесің.
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері