Жұмысқа әркімнің-ақ бар таласы
Бүгінгі таңда аймақ бойынша 17 867 адам ресми жұмыссыз ретінде тіркелген. Соның ішінде 900-ден астамы мүгедектігі бар жандар. Өңірдегі жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір амалы «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесін ұйымдастыру. Ал, бұл жолғы жәрмеңке мүгедектігі бар жандарға арналды.
«Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Amanat» партиясы облыстық филиалы және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірігіп мүгедектігі бар жандар үшін шағын бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді. Іс-шараға он мекеме қатысып, өздеріне қажетті мамандықтар бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Жәрмеңкеге 40-тан астам адам қатысты.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның сөзінше, жыл басынан бері басқарма тарапынан 206 мекеменің қатысуымен 19 жәрмеңке ұйымдастырылған. Оған 2 мыңнан астам жұмыс іздеуші қатысып, 613 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Аталмыш жәрмеңкеге барлық осал топтағы адамдар да қатыстырылған.
– Иә, жыл басынан бері жұмысқа орналасу мәселесіне байланысты қалалық, аудандық мансап орталықтарына 31 534 адам хабарласқан болатын. Оның 11 500-ден астамы жұмыспен қамтылды. Бүгінде жұмыссыздардың саны 17 867 адамды құраса, оның ішінде 10 195 адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отыр. Мансап орталықтарына 900-ден астам мүгедектігі бар жандар жұмыс бойынша хабарласса, оның 200-і тұрақты, ал 400-ден астамы мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмысқа орналасты. Сондықтан осындай жәрмеңкелер арқылы мүгедектігі бар жандар жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, сұхбаттасуына мүмкіндік алады. Жәрмеңке квота шеңберінде және кәсіби оқыту арқылы жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндік береді, — дейді Гүлболат Аманғалиева.
Жәрмеңке жұмыс істеуге ниетті әрбір азаматтың өз мүмкіндігі мен қалауына сай келетін жұмысқа орналасуына жәрдемдесті. Іс-шараға қатысқан жандар жұмыс берушімен тілдесіп қана қоймай, кеңестерді де ала алды.
– «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүгедектігі бар жандарды жұмысқа орналастырудың сақталуын бақылау үшін барлық еңбек ұжымдарында кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. «Amanat» партиясының облыс бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының 4-інші тармағында мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту арқылы жұмыспен қамтылған мүгедектігі бар жандар үлесін ұлғайту мәселесі көзделген еді. Осы бағытта бүгінгі күні жәрмеңке ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, аталмыш жоба аясында мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын бейімдеу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, — деді «Amanat» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев.
Айта кетейік, жәрмеңкеге «Теңізшевройл», «СТАМГазСтрой», «Атырау Жарық»АҚ, «Orion Group», «Tenaz Management», «Даларо», «РТИ АНПЗ», «Caspian Offshore Construction Realty», «Кәсіби Таңдау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалы жұмыс ұсынған болатын.
Жайна МӘЛІМҚОЖА,
суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ