Жарнама
Әлеумет

Үй алудың оңай жолы

Баспананың зары өткен жұртшылық үшін жағымды жаңалық бар: Биылдан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген пәтерлерді жекешелендіру талаптары жеңілдеді. Үкіметтің қаулысына сәйкес, енді бұрын сатып алу құқығынсыз тапсырылған жалдамалы және апатты деп танылған үйлерді тұрғынның өз атына аударып алуына мүмкіндік туып отыр. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Гүлжамал Жолдасованың айтуынша, заңдылыққа сәйкес, тұрғындар баспананы қалдық құны бойынша толық сатып ала алады. Артық төлемсіз бөліп төлеуіне де жағдай жасалған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын пәтерлер мемлекеттік тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз берілген болатын. Яғни, жаңа қоныс иелері жалға алу құнын төлегенімен, меншік иесі ретінде толықтай сатып ала алмайтын. Енді тұрғын үй саясатын реформалау шеңберінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй ұғымы алынып тасталды.          

– Енгізілген өзгерістерге сәйкес, «бөліп төлеу» тетігін таңдау кезінде бастапқы жарна 30 пайыздан 10 пайызға дейін төмендетілді. Сондай-ақ қалдық құны 15 млн. теңгеден асатын тұрғын үй үшін бөліп төлеу мерзімі 15 жылға дейін ұзартылды. Мәселен, пәтердің қалдық құны 9 млн. теңге делік. Яғни, сәйкесінше, бастапқы жарна 900 мың теңге болады. Он жылға дейін бөліп төлеу мерзімін таңдау кезінде ай сайынғы төлем 67,5 мың теңгені құрайды. Ал тағы бір пәтердің қалдық құны 16 млн. теңге болса, бастапқы жарна – 1,6 млн. теңге. Бөліп төлеу мерзімін 15 жылға дейін таңдау кезінде ай сайынғы төлем 80 мың теңгенің айналасында болады. Бүгінде бұл қаулы қолданысқа енді, — деп нақтылады Гүлжамал Жолдасова.

Сондай-ақ, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның тиісті бабына сәйкес, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан өздерi тұратын тұрғын үйлердi меншiгiнен тек белгілі санаттағы адамдар тегiн алуға құқылы. Яғни мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк  ұйымдардың,  мемлекеттік  кәсіпорындардың жұмыскерлерi, ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер, мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттiк қызметте, мемлекеттік кәсіпорында немесе бюджеттiк ұйымдарда кемiнде он жыл жұмыс iстесе өздерi  тұратын  қызметтік тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша  жекешелендiре алады.

Өткен жылдың желтоқсан айында тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша енді «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай» ұғымы жойылды. Енді оларға жекешелендіру құқығы беріліп отыр.

Заңдағы бұл жаңашылдыққа тұрғындар разы. «Бірнеше жыл кезекте тұрып, пәтерімізге қол жеткізген кезде ерекше қуанғанбыз. Алайда отбасымыз көбейген кезде бір бөлмелі пәтерімізді алмастырсақ деген арманымыз бар еді. Енді біздің қуанышымыз еселеніп отыр. Осы пәтерімізді толық сомасын өтегеннен кейін сатып, үйімізді үлкейтпек ойымыз бар» дейді бізбен әңгімесінде Айнұр Амангелдіқызы.

Айбөпе САБЫРОВА

Тегін пәтерді кімдер алады?

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес өздерi тұратын тұрғын үйлердi меншiгiнен мына санаттағы адамдар тегiн алуға құқылы:

Тұрғын үй берілген Ұлы Отан соғысының мүгедегі немесе қатысушысы қайтыс болған жағдайда, оны тегін алу құқығы оның отбасы мүшелеріне өтеді. Бірінші және екінші топтағы мүгедектер, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегі авариялардың салдарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға тікелей қатысқан адамдар;

 Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;

Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде орындау кезінде немесе майданда болуға байланысты ауруға шалдығу салдарынан, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезiнде жаралану, контузия алу, мертiгу салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер;

Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен Қазақстан Республикасының азаматтары;

 Теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған әскери қызметшілерді және қызметкерлерді қоспағанда, күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл еңбек сiңiрген әскери қызметшiлер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері ала алады. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде қаза тапқан арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің немесе әскери қызметшісінің отбасы мүшелері, бейбіт уақытта әскери қызмет міндетін атқару кезінде қаза тапқан  әскери қызметшінің отбасы мүшелері, сондай-ақ қайтыс болған адамның еңбек сіңірген жылдарына қарамастан, ішкі істер органдарында қызмет өткеру кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерінің отбасы мүшелері;

Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер құқылы. Тұрғын үй берілген ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер қаза тапқан жағдайда, оны өтеусіз алу құқығы қайтыс болған адамның мұрагерлеріне ауысады;

Саяси қуғын-сүргiн құрбандары, «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» заңға сәйкес ақталған, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен адамдар;

Теріс себептер бойынша қызметтен шығарылған қызметкерлерді қоспағанда, ішкі істер органдарының қызметтен шығарылған және күнтiзбелiк есеппен жиырма және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар қызметкерлері, сондай-ақ күнтiзбелiк есеппен он және одан да көп еңбек сiңiрген жылдары бар және мүгедек балаларды асырап-бағып отырған қызметкерлер құқылы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button