Жарнама
Әлеумет

«Өмір сүргім келеді!..»

Жуырда жолымыз түсіп, қазақ мұнайының қарашаңырағы саналатын Жылыой ауданында жұмыс сапарымен болғанбыз. Бұл жолғы сапарымыз әлеуметтік инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдарының «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржылай қолдауы арқылы жүзеге асып жатқан жобалармен танысуға арналды.

Компания өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік инвестициялық бағдарламалар аясында іске асып жатқан жобалармен танысуға арналған баспасөз туры бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен жергілікті қоғам белсенділерінің басын қосқан алғашқы шара екен.

Бір жағынан өздері іске асырған жұмыстар жөнінде есеп беріп, бірнеше жаңа жоба ашуды мақсат тұтқан компания 2010 жылдан бастап осы бағытты қолдауға қыруар қаржы бөліп келе жатыр. Атап айтсақ, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып денсаулық сақтау, білім беру, экология, ұлттық құндылықтарды ұлықтау сынды тиімді, әрі маңызды жобалар бар. Биыл әлеуметтік инвестициялық бағдарлама шеңберінде Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы денсаулық сақтау, білім беру сапасын көтеру және азаматтық қоғамды дамытуға арналған 21 жобаға 2,5 миллион АҚШ доллардан астам қаржы бөлінсе, оның 15-і Жылыой ауданында іске асыпты.

257947d1 f69e 4c11 9e88 98277190a771

Бағдарлама жүзеге асқаннан бері 108 жобаға жалпы сомасы 13 миллион АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалған. Мұның 60-тан астамы Жылыой ауданының дамуына бағытталған.

«Біз де адамбыз»

Құлсары қаласындағы 3 мың орындық жаңа орталық алаңның аумағындағы ғимаратта жергілікті мүгедек арбасын қолданушыларға арналған оңалту лагері жұмысын бастапты. Үш күн ішінде түрлі жарақат салдарынан мүгедектік алған жандар белсенді өмір сүруді үйренеді. Әлеуметтік оңалтуға арналған шара ауданда осымен екінші рет «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры іске асыратын «Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту» жобасы аясында өтіп жатыр.

Мектеп-лицейді ойдағыдай аяқтап, Атырау мұнай жəне газ институтына (қазіргі Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті) оқуға түсіп, «химик-технолог» дипломын алып шығып, өңірдегі белді компанияда жұмыс істеп жүрген Гүлназ Қосмұрзиева отырған такси жол-көлік апатына ұшырайды. Ауыр жарақаттан жұлынына зақым келген ол қаншама ем қабылдағанымен аяғын басып жүре алмайды. Бірақ ерік-жігері мықты қыз өзін-өзі қайрап, ойлана келе «Біз де адамбыз» қорын құрып, мүгедектігі бар жандардың қоғамның толыққанды мүшесіндей еш кедергісіз өмір сүруіне атсалысып келеді.

– Мұндай шараларға келгісі келетін жандар көп. Алайда, олардың келуге мүмкіндігі бола бермейді. Келу үшін қарайтын кісі керек. Айталық, олардың кейбірі қалаға шақырғанымызбен түрлі себептермен келе алмайды. Осыған байланысты әзірлеген жобамыз компания тарапынан қолдау тапты. Қаланың өзінде үйде жатып қалған мүгедектігі бар адамдар аз емес. Біз арбаны аяқ секілді пайдалана білуіміз қажет. Өйткені, бізден де төмен жағдайда төсек тартып жатқан адамдар бар. Сондықтан осы күнімізге шүкір айтамын, — деді Гүлназ Мақсотқызы.

Шараға арнайы келген Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов жоба жетекшісіне алғысын білдіріп, денсаулықтың қадірін түсіну туралы тәмсіл келтіре сөйледі.

Лагерьден көргеніміздей, қатысушылар мүгедектер арбасында өзгелердің көмегіне сүйенбей, дербес өмір сүруге қажетті дағдыларды үйретуге бағытталған тренингтік және спорттық-сауықтыру шараларына белсенділік танытып жатыр. Лагерьге қатысатын жеті адамға сонша ерікті қажет кезде көмек көрсетеді.

75237276 40c5 4263 8fbd 78554ec42222

Қатысушылар арасында отыз бес жасар Нұржан Жақыпов та бар. Бірнеше жыл бұрын беліне зақым келіп, мүгедектер арбасын пайдалануға мәжбүр болған ол лагерь туралы естігенде алғашқылардың бірі болып жазылады. Қазір арбаны басқару, денені шынықтыруға арналған спорттық, мүгедектік туралы негізгі құқықтық білім және өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын үйреніп жатқанын айтады.

– Лагерьге келіп, көптеген жаңа нәрселерді үйреніп жатырмын. Былайғы уақытта менің орныма жақындарым істейтін әрекеттерді өзім жасап, киім ауыстыру, бір орыннан екінші орынға орын ауыстыруды үйренудемін. Бұл жерде қатысушылар суда жүзуді, басқа да біз үшін мүмкін еместей көрінген әрекеттерге дағдыланып жатырмыз. Алдағы уақытта Атырауда өтетін лагерьге де барсам деп ойлап отырмын. Лагерьдегі бассейнде өзіміз жүзіп көрдік. Керемет сезімдемін. Себебі, жарақат алғалы алғаш бассейнге түсуім осы, — деді Нұржан Жақыпов.

Лагерьдің басты ерекшелігі – бұл жерде білім беру саласында және ерекше қажеттіліктері бар адамдарды оңалту кезінде ұстанатын бүкіл әлемге танымал «теңбе-тең» әдісі қолданылады. Барлық жаттықтырушылар да мүгедек арбасын пайдаланады, олар да осы жобаның алғашқы түлектері. Екі жыл бойына Беларусь елінен келген тәжірибелі нұсқаушы-реабилитологтардан білім алып, қазір өздері үйренген білімдерін қатысушылармен бөлісіп жатыр. Нұсқаушылар тағдырлас болған соң да өздері үйрететін дәріс-дағдыларды жеке тәжірибелері арқылы жеткізуге тырысады. Бұл қатысушыларға да, жаттықтырушыларға да өздерін еркін сезініп, эмоционалды кедергілерден аулақ болуға мүмкіндік береді.

– Құлсары қаласына екінші рет келуіміз. Лагерьде белсенді өмір сүруді үйретуден бөлек аудандық емханаларда мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету бойынша семинар өткізуді көздеп отырмыз. Біздің мақсат – мүгедектігі бар жандардың қажеттіліктері туралы ақпараттандыру. Себебі кез-келген проблеманы шешу үшін оны нақтылап, шешуге мүдделі жандарды хабардар ету керек. Осы лагерьдің ерекшелігі – алғаш рет Құлсары қаласында мүгедек жандарға бассейнде терапиялық шаралар өткізіп, жүзуді, денесін суда ұстауды үйретіп жатырмыз. Оларға осы оңалту түрі ұнады, — деді жаттықтырушы-реабилитолог Дәурен Жәрдемов.

Бастысы, ай сайын мүгедектігі бар жандар және олардың көмекшілері психологиялық-мотивациялық тренингтерге, спорттық шараларға қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл олардың әлеуеттерінің артып, қоғамға сіңісуіне көмектеседі.

– Бұған дейін бұл жоба Атырауда ғана жүзеге асқан болатын. Биыл команда оны кеңейту туралы шешім қабылдады. Сондықтан, өз тәжірибелерімен және білімдерімен бөлісуге жұмылып, алғаш болып Жылыой ауданына таңдау түскен еді. Бұл өңірге біздің компания үнемі басымдық беріп отырады. Өйткені, өндірістегі қызметкерлер мен олардың отбасылары осында тұрады және жұмыс істейді. «Біз де адамбыз» командасы жобаның географиясын кеңейтуге ниет білдірген кезде, мұндай жоба Құлсарыда да жүзеге асатынын естіп, қуанғанымыз рас. Қазірдің өзінде серіктестеріміздің жұмысы жақсы нәтиже беріп отыр. Компания инклюзияға үнемі назар аударады, тек биыл ғана компания мүгедек адамдардың қозғалысы үшін Жылыой ауданына инватакси сыйға тартты. Спорт және бимен айналысу үшін 10 арнайы арба, Атырауға 2 инватакси сатып алып, ұлттық параволейбол құрамасына демеушілік көрсетті, — дейді «Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов.

Баланы дұрыс бағу керек

Жылыой аудандық орталық ауруханасында «Теңізшевройл» компаниясы қаржыландыратын Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының оқытушылары аудан дәрігерлері мен медбикелерін, психологтары мен әлеуметтік қызметкерлерін оқытып, біліктіліктерін арттыруға арналған курс өткізді.

Учаскелік немесе патронаттық мейірбике балалы отбасыға келгенде балалардың қауіпті жағдайда жатқанын көруі мүмкін. Ондайда тез бағдарлай отырып, өзінің мейірбикелік диагнозын қойып, көмек көрсетіп және баланы уақытында ауруханаға жөнелтуі керек. Кішкентай балалар қай жерінің ауыратынын немесе ненің мазалайтынын нақты айта алмайды. Сондай кезде ата-аналардың бала тәрбиесіндегі тәжірибесінің аз болуы, қорқуы немесе баласының жағдайының ауырлығын дұрыс бағамдай алмауы балаға кері әсер етуі мүмкін.

–  Қауымдастық 1998 жылы ашылды. Атырау облысындағы кеңсе 2000 жылы ашылды. Сол жылдары отбасылық дәрігер деген мамандық пайда болды. Қауымдастық жаңа мамандыққа қолдау білдіріп, оның мәртебесін көтеріп, білімдерін арттыруды көздеді. Ол кәсіби медициналық мекеме саналады. Мекеме 2003 жылы дүниежүзілік отбасылық дәрігерлер ұйымына Орталық Азия елдері бойынша тұңғыш мүшесі болып кірді. Ай сайын әртүрлі тақырыпта тренингтер ұйымдастырып келеміз. Оның бір аптасы мейірбикелерге арналса, енді бірі дәрігерлерге өткізіледі. Бүгінгі курс «Балалардағы шұғыл жағдайларды диагностикалаудың негізгі әдістері мен медбикелерге арналған курсы» тақырыбына арналып отыр. Медицина қызметкерлері қауіпті белгілері бар жөтел, тамақ, құлақ аурулары, дененің сусыздануы, тыныс алудың қиындауы бар баланы тексеру мен бағалаудың тәжірибелік дағдыларын меңгереді. Оқушылар метроном көмегімен тыныс алу қозғалыстарының санын шығаруды, кеуде сырылын, стридорды, астмоидты тыныс алуды тыңдауды, баспа (тамақ ауру), бета-гемолитикалық стрептококктың қауіпті қоздырғышын диагностикалауды, құлақтың қабынуын анықтау тәрізді басқа да дағдыларды үйренеді. Интерактивті түрде шағын топтарда өткен оқытудың арқасында әр қатысушы жаттығуды өзі жасап, сұрақтарына жауап ала алады.

603ccc13 ba82 4f26 a808 edffadb758b7

Бұл жоба арнайы қажеттілігі бар балалардың білім беру мекемелерінің инклюзивті сыныптарында оқу мүмкіндігін әлдеқайда арттырады. Соның арқасында мүмкіндігі шектеулі балалар әлеуметпен тығыз байланыс жасай алады. Осыған дейін, аталған жоба аясында аймақта бес түзету-дамыту кабинеті ашылды. Алға қарай тағы да бес мектептен дәл осындай инклюзивтік кабинеттер жасақтау жоспарда бар. Жылыой ауданының медбикелері кішкентай пациенттеріне өздері кәсіби көмек көрсетіп, өздеріне сенімді болу керек, — деді Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығының оқытушысы, медицина ғылымдарының кандидаты Әлия Егембердиева.

Қазақстандықтардың  денсаулығын жақсартуды мақсат еткен ұйым 2012 жылдан бері компанияның қолдауымен жұмыс істейді. Қазақстанның отбасылық дәрігерлер қауымдастығы – отбасылық медицина мен медициналық-санитарлық алғашқы көмекті (МСАК) дамыту арқылы қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуды көздейді. Ол МСАК көрсету сапасы мен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, олардың жұмыс жағдайларын жақсарту арқылы Жылыой ауданының балалары мен ересектерінің саулығын қадағалап отыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайту және дамыту арқылы дәрігерлік көмек сапасын жақсарту, жүрек-қан тамыры, басқа да созылмалы ауруларды ерте анықтау және емдеу арқылы ауыр асқынулар (инфаркт және инсульт) деңгейін төмендету, науқастардың білімін, емделуге ұмтылысын және ауруды бақылау қабілетін жақсартуға күш салып келеді.

Курсқа қатысқан қоғам белсенділері өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, ұсыныс-пікірлерін де жолдауды ұмытпады.

Инклюзиядағы игіліктер

Жаңа Қаратон ауылында екі мектеп бар. Компанияның қолдауымен №22 және №23 мектептерде арнайы қажеттіліктері бар балаларға арналған толық жабдықталған кабинеттер ашылды. Бұл жұмыстарды әлеуметтік инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырған «Ой-Сана» психологтар қоғамдық бірлестігінің еңбегі зор.

Бұл жоба өңірдегі педагогикалық қауымдастықтың кәсіби құзыретін арттыру арқылы аймақтағы инклюзивті білім беруді дамытуға, көптеген мүмкіндігі шектеулі балаларға тең орта қалыптастырып, оларды ортаға кеңірек тарту мақсатын көздейді. Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалап, білім алу үшін қажетті жағдайларды айқындайды және ерекше білім беруді қажет ететін балаларды ойдағыдай оқытып, дамыту үшін әлеуметтік-психологиялық және педагогикалық жағдайлар жасалатын жүйелі ұйымдастырылған қызмет көрсетеді.

Жоба жетекшісі Ләйлә Сұлтанбаеваның айтуынша, кабинеттерде психикалық дамуы тежелген, сөйлеу дамуы кешеуілдеген, сөйлеуінде бұзылыстары бар, ақыл-ой кемістігі бар, зейін тапшылығы және гипербелсенділігі бар, мінез-құлқы бұзылған, қимыл қозғалысы белсенділігі және сал ауруы бар, психикалық ауытқулары, Даун синдромы бар, өзге де балаларға психо-педагогикалық қолдау жасалады.

– Шетелдік компанияның демеушілігімен «Инклюзивті білім бойынша педагог мамандарын ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Әрбір ерекше баламен топтық, жеке, кіші топтық жұмыстар жүргізіледі. Кабинеттер заманауи қажеттілікке байланысты жабдықталған. Бұл жоба арнайы қажеттілігі бар балалардың білім беру мекемелерінің инклюзивті сыныптарында оқу мүмкіндігін әлдеқайда арттырады. Соның арқасында мүмкіндігі шектеулі балалар тең ортаға қосылатын болады. Жуырда ғана жоба аясында түзету-дамыту кабинеті Ақкиізтоғай ауылындағы №10 Амангелді атындағы мектепте ашылды, — деді жоба жетекшісі.

Әлеуметтік инвестициялық бағдарламалардың орындалуына арналған баспасөз турында қоғам белсенділері бірлескен кәсіпорынның жергілікті жұртшылықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған істерін одан әрі жалғап, бөлінген қаражатты тиімді мақсатта жұмсалуын назарда ұстау керектігін айтты.

Жылыойлық ата-аналар да жетіспейтін қажетті мамандардың жұмысқа тұрып, олардың балалармен тығыз жұмыс істеуіне тілектестік білдірді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Жылыой ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button