Жылыжай – жақсы өнімнің кепілі

f4c41b15f3f2854348a099fe658c100d Әлеумет

Облыста жылдан жылға жылыжайлардың саны көбейіп келеді. Бүгінге дейін Махамбет ауданында осы іспен шұғылданатын ірілі-уақты шаруашылықтардың қатары 30-ға жетіп, жылыжайлардың жалпы аумағы 8 гектардан асып отыр.

Алыстан арбалағанша…

Жеңсік әрі құрамында денсаулыққа пайдалы дәрумені мол қызанақ пен қиярдың дәмін шілде, тамыз айларында ғана тататын жергілікті тұтынушылар енді керегін осы жылыжайлардан табатын күнге жетті. Әрине, мұнымен көкөніске деген қажеттілік толық өтелмесе де, сәл де болса сырттан жеткізілетін егінжай өнімдерін ығыстыруға мүмкіндік туды. Сөйтіп, бұған дейін Ресей, Өзбекстан және Пәкістаннан тасымалданатын өнімнің орнын біртіндеп өз кәсіпкерлеріміз толтыруға талпынуда.

Мемлекеттің қолдауымен жылыжай жұмысын жетілдіріп, отандық нарықтан өзіндік орнын тапқандардың бірі – махамбеттік жеке кәсіпкер Артур Қожантаев. Ол бүгінде кезекті тұқым егу жұмысын аяқтап та қалған. Шаруашылықта сегіз адам еңбек етеді. Біраз жыл мұнай саласында жұмыс жасаған жігіт кейінгі кездері осы кәсіпті қолға алыпты. Былтырдың өзінде кәсіпкер жылыжайдан 15 тонна қияр жинаған. Сөйтіп, көкөністің дәмін маусымында татуға дағдыланған тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға өзіндік үлесін қосуда.

Қолдау болса, өнім де өтімді

– Өнім өткізуден ешқандай қиындық көріп отырғанымыз жоқ. Оны келісімді бәспен аудан орталығындағы сауда нүктелеріне, қала базарларына шығарамыз. Бағалары да мейлінше қолжетімді. Сапалы күйінде тұтынушыға жеткізіліп, сатылғандықтан өнімдеріміз өтімді, жоғары сұранысқа ие. Біздің жылыжайда өсіріп отырғанымыз – қиярдың «северен» деп аталатын голландтық сорты. Ерекшелеп айтарым, бұл көкөністің жергілікті климатқа бейім, өнімділігі жоғары түрі саналады. Жағдайымыз жаман емес, мемлекет тарапынан қолдау да бар. Тек пайдаланатын электр энергиясы мен газдың ақысын азайту үшін субсидия төлеу мәселесі ойластырылса, кәсібімізді одан әрі дамытуға айтарлықтай жеңілдік, жұмысымызға деген ынтамыз да арта түскен болар еді. Бұл күнде базарларды жаулап алған шетелдік өнімдерден біртіндеп құтылуға жол ашылар еді, – дейді кәсіпкер.

Еңбегінің жемісін теріп, берекесін көрген кәсіп иесі биыл жылыжайдың ауданын екі есе ұлғайтуға бел  буған. Осылайша, аумағы 2 мың шаршы метр болатын жылыжайға 10 мың түп қияр көшеті отырғызылыпты. Бұл алқап енді ай жарым мезгілден соң өнім бере бастайды.

Қазіргі уақытта өңірде 300-ге тарта шаруашылық болса, оның басым бөлігі егіншілікпен шұғылданады. Осы жылы ауданда төрт кәсіпкер жылыжай құрылысын бастап отыр. Өйткені, оларға мемлекет тарапынан қолдау бар.

1izgyb7e6zfz11lu5s5iw9vykmwe2912

Субсидия сұраусыз берілмейді

– Мемлекет тарапынан тұқымға, пестицидке және минералды тыңайтқыштың құнын өтеуге субсидия беріледі. Өкінішке қарай, мұндай қолдау электр энергиясы мен «көгілдір отынға» қарастырылмаған. Соған қарамастан, жергілікті шаруалар бұл бағытта қолға алған істерін жалғастыруға ынталы. Ал ынта бар жерде ырыс пен берекенің болатыны анық. Бүгінде аудан бойынша жылыжайлардың жалпы ауданы 8 гектардан асады. Оған қоса Бейбарыс ауылдық округінде аумағы 5,6 гектар болатын жылыжай құрылысы жүргізілуде. Алдағы қыркүйек айында ол толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Азат Қапанов.

Қазіргі таңда облыста барлығы 30-ға жуық жылыжай жұмыс істейді. Бұл шаруашылықтар сұраныстың 40 пайызын ғана қанағаттандыруға қауқарлы көрінеді. Егер бұрыннан беріліп келе жатқандарына қосымша электр қуаты мен газға да субсидия енгізілсе, ол шаруаларға елеулі қолдау болар еді. Әрі көкөніске деген маусымдық қажеттілік пен сұранысты өтеуге де айтарлықтай мүмкіндік туары сөзсіз.

Д.ЛАТИФҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз